Күні кешегі бір отырыста пайғамбар жасындағы атаның «екі немерем көзден кетті» деп тосыннан бастаған сөзіне бәріміз аңтарылып қалдық. «Телефон бәле болды...» деп әрі қарай жалғастырды, әңгіменің төркіні түсінікті болар. Расында, бүгінде баламызды кімдер тәрбиелеуде, өзіміз бе, өзгелер ме? «Әрине, өзіміз!» деп ауыз толтырып айта аламыз ба? Ендеше, неліктен бұл мәселе бүгінде өзекті өртеп, көзден айырып жатыр? Азаннан кешке дейін ұрпақ тәрбиесі айтылып-ақ келеді.
Үйде, көшеде, емханада, асханада, жол-жөнекейде буыны қатпаған баланың екі көзі анасын емес, телефонды іздеп, қолына бермесе жылап қоя беретініне екі көзіміз куә, бірақ соған ден қойып, мән бермейміз. «Мультфильм көрсін» деп жанды жұбатамыз, құлақты тыныштатамыз. Алайда ұрпағымыз көзіміздің шырағы ма, ғаламтор шырмауында ма? Күні мен түнін әлеуметтік желіге байлайтын ұл-қызымызға ұлағат болатындай өзіміз қандай амал жасап жүрміз? Балалар контентін молайтқан дұрыс па, интернеттен ажыратқан дұрыс па? Жалпы, ғаламтордың ғаламатынан қалай арыламыз, экран алдындағы балалар мәселесін қалай шешеміз, осыған тоқталайық.
Жеткіншектің ұстазы кім?
Бұрын дала баласына алақандай ауылдың ақсақалды атасы, ақ жаулықты әжесі, тақиялы әкесі, текті анасы, мәдениетті мектебі, мәртебелі мұғалімі ықпал етсе, қазіргі қала баласына танымдық теледидар, ғажайып ғаламтор, модернді мультфильмдер, озық онлайн-ойындар қызық. Әйелдерге пысық психолог, кәсіби коуч, белсенді блогер, өрелі өнер адамы серпін берсе, ерлер жағы ежелгідегі әтештердің ұрысындай, сенімді спортшыларға ақша тігетін болды, яғни ойынқұмарлықты осы жерден бастауда. Бұл аздай, үйдегі баласы ғаламтор кеңістігінде емін-еркін сайрандауы үшін қолына қолақпандай кірпіш телефонды ұстатты. Содан болар, кейінгі кезде өз баласына өзі ие бола алмай шағымданушы әке-шешелер қатары тізіле бастады. Өкінішке қарай, бұл – шындық, оған тура қарайық. Біліңіздер, баланың бірінші ұстазы – әкесі мен анасы, яғни әрбір сөзі, мінезі, қылығы, ісі, амалы, әрекеті, тұрмысы, салты, ақ қағазды санасына түсетін сиясы қанық алғашқы жазулар. Содан кейін досы, жан-жағы, айналасы, ортасы бағыт-бағдар. Осы тұста ата-ананың жіберетін бірінші қателігі – «баланы мектеп тәрбиелейді» деген ойы. Айналайын, ата-ана, баладан бұрын өзіміз қателеспейік, мектеп – білім ордасы, мұғалім – білім иесі, тәртіпке бағыттаушы. Бұдан басқаға міндетті де, жауапты да емес. Сол сияқты баланың досы – кез келген ортаға бейімдеп, жақсы-жаманды сіңіртіп, дағдыландырушы. Бұл да жіті қаралатын мәселе. Дегенмен ғаламтор балаға не беріп жатыр? Қазір «Балалы үй – базар, баласыз үй – мазар» дегеннің дәуірі өтті. Өйткені таңның атысы, күннің батысы шуылы басылмайтын үйде тыныштық орнаса, Құдай ұрды, сол үйдің балалары ноқтасыз желіге байланды дей беріңіздер. Жуырда мына бір көрініске тап болдым, яғни TikTok желісінде 1000-ға жуық адамға қазіргі келіндер мен енелер жайлы шайпау әңгімемен қарқынды стрим жасап отырған жас келіншектің артқы жағына көзім түсті. Кішкене қыз баласы құлағына қуатты құлаққапты киіп алып, ноутбукқа телміріп отыр. Ол не көріп, әлемнің қай бұрышында, кімге ұйып, кімді тыңдап отыр, онымен анасының шаруасы жоқ, жұртқа ақыл айтып сайрап отыр. Бұл жерде бәріміз «мультфильм көріп отырған болар» деген ойға шоғырлануымыз мүмкін. Алайда жасы 10-ға жетпейді, Құдайдың берген күш-қуатын интернетке жұмсауы – көз майын тауысуы, уақытын ысырап етуі. Біліңіздер, бала үшін ғаламтор – көктегі айға, аспандағы жұлдызға, ғарыштағы ғаламатқа тең шартарап, яғни өзін бейтаныс әлемге саяхаттаушы ретінде сезініп, ұтыскер ретінде көруі ықтимал. Бұған дер кезінде шектеу қойылмаса, балаға ата-ана авторитет болмай қалады. Жылы ұясын, мектебін, мұғалімін, достарын ұмытса, ғаламтор басты құндылығына айналуы әбден мүмкін.
Ата-ананың жіберетін екінші қателігі – балаға отырып алып ақыл айту әрі оны тәрбие деп түсінуі, сөйлейтін сөзі, істейтін ісі, мінезі, қылығы, жүріс-тұрысы, киім киісі баласына үлгі екенін білмеуі. Салқын ой, құрғақ ақыл бойға жұқпайды әрі тәрбие амалмен жүзеге асады. Ата-ана ең жақын досындай баламен сырлас болмаса, бір табан қалыс қалады, тәртіпке үйретпесе, бәрінен кеш қалады. Біліңіздер, баланың бағдары ата-ана болмаса, көрінгеннің көшіне ілесіп жүре береді. Ал бала үлкен бір кітапты оқып шыққандай, ата-анадан бәрін көріп, біліп шығуы тиіс. Сол үшін қазақ баласының әрбір әке-шешесіне айтарым, сіздер ұрпағыңызға үлгі болмасаңыздар, Құдайға шағым айтпаңыздар. Әсіресе, ғаламды уысына жиған ғаламтор орындарыңызды басады. Баланың сөзге құлақ аспауы да дәл осы тұстан басталады.
Шекті білеміз бе?
Шексіз интернетті шегімен қолданған жөн. Иә, кез келген уақытта білім мен ғылым көзін табу, қабілетті арттыру, зейінді жаттықтыру, жақсы дағдылар қалыптастыруға пайдасы мол. Алайда шексіз екен деп шамадан тыс қолдану жақсы емес. Мұның да пайдасыз тұсы бар, яғни баладан бастап үлкендерді еріксіз елітетін онлайн-ойындар. Оның ішінде баланың қандай әсер алып жатқанын білмейміз. Бір білерім, оқуы нашарлайды, демалысы азаяды, ұйқысы бұзылады, көзі талып, зейіні шашырайды, қабілеті төмендейді, рухы шаршайды, жүйкесі жұқарады. Бұл ештеңе емес, жуырда жекеме шыққан бір ананың жанайқайына куәмін. Он үш жастағы қызы TikTok желісі арқылы трансгендерлерді күні-түні көріп, олардың арсыз қылықтарына өтіп, өз-өзіне қастандық жасаған. Бұл – баланың бақылаусыз қалуы, білместікке өтуі, жаманды қабылдауы, оны дұрыс көруі. Бұдан басқа, агрессия мен кибербуллингке тап болуы, жасына сай емес контенттерді көруі жүйкесіне, мінезіне, өміріне әсерін тигізеді. Бәрінен бұрын ғаламтордың қасіреті – соған тәуелді болуы. Сол үшін әрбір ата-анаға ұсынарым – баламен үнемі ашық сөйлесіп, жиі диалог құрып, түсінігіне сай интернеттің пайдасы мен зиянын айтып, дұрыс қолдануға бағыттаса екен деймін. Тіпті қолдану уақытына шектеу қою, қауіпсіздік фильтрін орнату, қажет болғанда қолдану не болмаса бірге пайдалану да артық емес. Мұндайда ата-ананың өзі телефонға үйір болмауы – балаға үлгі.
Қазір сәбиден бастап бес жасар баланы экран алдынан көп көреміз, оның зиянына мойын бұрмаймыз. Балалық шақ – нағыз асыр салып ойын ойнайтын кез. Қазіргі балалар керісінше, далаға шықпайды, ауылды ұмытты, кітап оқымайды, лагерге бармайды, ойын ойнамайды, телефон шұқылайды, бала да тыныш, үйдің іші де тыныш. Сондай-ақ көше, емхана, шаштараз, кафе, көпшілік орындарда жылаған баланың көңілін аулап, назарын аударып, аузын жабу үшін алдына телефон ұсыну дәстүрі пайда болды. Құйтақандай балаға әлі келмей ме, жұбатуға еріне ме, әйтеуір, мұны уату тәсілі ретінде пайдаланады. Сіздерге өтірік, маған шын, немере бағып отырған жас әжемен бейнеқоңырау арқылы сөйлескенде, артқы жағынан баланың тасыр-тұсыр жүгіргені, күліп-ойнағаны, заттарды төгіп-шашқаны, үйдің астан-кестенін шығарғаны, «далаға шығамын» деп қырғи қабақ танытқаны, оған әжесінің күйіп-піскені байқалатын. Кейін дыбыстар бірте-бірте азайып, естілмей қалды. Соңында «Немереме бір рет телефон көрсетіп едім, содан шығара алмай әлек болып жүрмін» деді. Көңілге тимесін, кеше ғана дүние есігін ашқан балаға телефон ұсыну – ақымақтық. Елімізде психикалық дамуы, сөйлеуі кешеуілдеген балалар саны өршіп тұр. Неге? Себебін анықтадық па? Өйткені баламен қарым-қатынас азайды, «тыныш болсын» деп экранды алдына тоса салады. Әрине, бұдан басқа биологиялық, медициналық себептер баршылық, алайда түпкі себебіне осы екеуі негіз. Мәселен, тоғыз ай анасының жүрегін тыңдаған бала бөгде тілдегі экранды көреді. Миы қабылдауы мүмкін, бірақ тілін түсінбейді, сөйлесе алмайды, диалог құра алмайды, тек пассивті тыңдаушы болады. Яғни баланың тілі қозғалысқа түспейді, сөйлеу қатынасы шектеулі. Бала керек кезде батырмасын басып сөйлететін, керек емес кезде өшіретін робот емес. Сол үшін бүгінгі жас ата-анаға айтарым, баланың дамуын құрсақтан бастаңыздар, бала бәрін іште жатып сезеді, естиді, ұғады, түсінеді. Ал жарық дүниеге келгенде алдынан телефон, планшет, теледидар шығады. Бұл техникалар болмаған дәуірде:
Әлди, әлди ақ бөпем,
Ақ бесікке жат бөпем,
Ай арбамен жетіпті,
Күн ұйқыға кетіпті.
Жұлдыз кіріп кетер деп,
Қақпаларын бекітті.
Лә илләһә иллалла,
Иллаллада пайда бар.
Мұхаммедтің үмбеті,
Осындай бала кімде бар? – деп аналарымыз бесік жырымен белеске шығарды емес пе?
Отбасында тәртіп қатаң болса...
Үйдегі бала интернетті қолдану ретін білмесе, демек, отбасында тәртіп жоқ деген сөз. Сол үшін ғаламтор уақытына шектеу қою керек, яғни сабағына қажет материалды іздеп табуға 40 минут, 1 сағат жеткілікті. Ал жасөспірім мен жеткіншекке 1,5 сағат әрі жауапкершілікке үйренгені жөн. Сондай-ақ жеке деректерді жарияламау, белгісіз сілтемеге өтпеу, бөгде адаммен сөйлеспеу, кибербуллинг, жалған ақпарат туралы білуі тиіс. Кибербуллинг – интернет арқылы біреуді мазақтау, қорлау, қорқыту, мұны баланың өзі жасамауы әрі соған ұрынбауы керек. Себебі жарақаты дерттен де ауыр, өз-өзіне қол жұмсауы ықтимал. Мұның бәрі – баланың қауіпсіздігі үшін жасайтын ата-ананың жауапкершілігі. Сол сияқты бозбаланың интернетті пайдалануы дұрыс, бірақ саналы қолданушыға айналуы үшін бәрібір қадағалауды қажет етеді, 2 сағат жеткілікті. Дәл осы тұста ата-ана мен бала арасында жалған сұлулық, алаяқтық схемалар, ақпаратты сүзгіден өткізу, сыни көзқараспен қарау бағытында пікір алмасу өте қажет. Ең бастысы, интернет досы, дұшпаны, ұстазы, сөйлеп тұрған тірі адам емес, бар болғаны нейрожелі екенін ұғынғаны жөн.
Ал енді түнімен түрлі әлеуметтік желіге жіпсіз байланатын ұрпағымызға ұлағат болатындай өзіміз қандай амалдамыз? Мысалы, бала әкесінің бір ісін, анасының бір қылығын іліп алады, ағасына еліктейді, інісінен үйренеді, яғни бала келешегіне қажетті эмоцияны жанұясынан алады. Мысалы, кешкі дастарқан басында әңгімелер айтылса, бала телефонға, теледидарға емес, әкесіне қарап, кітапқа үңілер еді. Ал әке-шеше кітап оқыса, бала білімде жарыскер, ғылымда жеңіскер болар еді. Телефон уақытын шектеу отбасының дәстүріне айналса, бала оны тыйым емес, тәртіп дер еді. Ақылды да ойлы әңгімемен, әсерлі хикаямен, тамаша оқиғамен, керемет мысалдармен жеткізсе, балаға бұл сіңімдірек әрі өтімдірек болар еді. Бос уақытты баламен бірге жоспарласа, қызықты, пайдалы, алуан түрлі етсе, спорт, қолөнер, театр, тағы басқамен толтырса, телефонға уақыт қалмас еді. Ата-ана күніге таң мен кеште алақан жайып, Құдайына қайырылып, дұғасын жасаса, барына шүкірлік етсе, үй іші бұған да дағдыланар еді. Яғни баланың рухына қорек беретін ата-ананың жанды, мәнді істері – баланың өміріне ұлы тәжірибе. Сондықтан баламыздың өмірі экранның алдында өтпесін, ағайын. Бұл уақыт қайтып оралмайтын жел тәрізді.
Алыстаудың жолы қандай?
Балалар контентін көбейту керек пе, әлде телефоннан толық ажыратқан дұрыс па? Қазір бала түгілі, үлкендер телефоннан ажырамайды. Өйткені сан алуан ақпараттың көзі, оқу, білім, ғылым, таным, жер-жаһанмен байланысу осы телефонда болып тұр. Сананы жаулап, тартымды дүниеге айналғаны сонша, таңнан тықылдап оятады, түннің бір уағына дейін көз майды тауысады. Өзі сағат, күнтізбе, фотоаппарат, банк, кітапхана, жұмыс, әйтеуір бесаспап. Ақпаратты заматында зу еткізеді, ағайынмен демде байланыстырады, қарым-қатынасты жеңілдетеді, түрлі деңгейдегі қызметтері тағы бар. Бірақ уақытты жұтады, көзді құртады, ойлаудан қалдырады, меңіреу етеді, осы жағын да ескерген жөн. Олай болса телефоннан қалай алыстаймыз, не істеу керек? Телефонға байланатын өзіміз, онымен қарым-қатынасты реттейтін де өзіміз. Яғни телефонды бір жаққа ысыру, оған уақыт арнамау, түрлі әлеуметтік желіге кірмеу, ояна сала телефонға жүгірмеу, отбасымен таңғы ас ішу, сабаққа, жұмысқа дайындалу, кешкі аста өткізген күнді бөлісу, хал-жағдай білісу, ертеңді жоспарлау, телефонды өшіріп жату – тәртіп. Сондай-ақ шынайы қарым-қатынасқа көшу отбасыға өзгеріс әкеледі, яғни бос уақытта ағайын-туыспен араласу, үйіне бару, кемтігіне жәрдемдесу, шаруаларына көмек беру, ұйымшылдық таныту – балаға өнеге. Кем дегенде аптаның екі күнін телефонсыз өткізу – миды тынықтыру, «телефонсыз мүмкін емес» деген ойды санадан өшіру, тәуелді болмауға қадам жасау. Әрине, «Баланы заманына қарай өсір» деген тағылымды да ұмытпағанымыз жөн. Сол үшін балаға интернетті дұрыс пайдалануды үйрету әлдеқайда абзал. Мұндайда сапалы рухани контенттерді көбейткен дұрыс. Әсіресе, қазақ тілді мультфильм, ертегі, мәнді бағдарлама, танымдық ойындардың көбірек болғанын құптаймын. Бәрінен бұрын балаға шынайы өмірді маңызды етіп көрсету. Мысалы, жүзу, қазақша күрес, жүгіру, садақ керу, жамбы ату, бәйгеге шабу, көкпар тартысу, аударыспақ, тоғызқұмалақ, асық ату. Сондай-ақ табиғатқа шығу, таза ауада серуендеу, сурет салу, әуен тыңдау, өлең оқу, ән айту, домбыра шерту, өнерге тарту. Осы жерде ескеретін мәселе – баланы еңбекке баулу. Бұл оның келешегіне аса қажет, осыған мән беру керек. Демек, ана тілінде сөйлейтін, салт-дәстүрді дамытатын, әдеп-ғұрыпты жалғайтын, білімді, білікті, дарынды, талантты, жан-жақты ұрпақ өсіру үшін интернеттің аса бір қажеті шамалы. Қадірменді әкелер мен құрметті аналар, тал шыбықты егетін өзіміз, оны түзу өсіретін де өзіміз. Ұрпағымыз ұлы дүниелердің басында болсын, ағайын...
Нұрлан БАЙЖІГІТҰЛЫ,
«Ырыскелді қажы»
мешітінің бас имамы,
Астана