Өнермен егіз туған тұлға еді...

Өнермен егіз туған тұлға еді...

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, білікті өнер зерттеуші, дәулескер күйші Орынбай Дүйсен биыл мерейлі 75 жасқа толар еді. Өкінішке қарай, осыдан екі жыл бұрын фәни дүниемен қоштасып, бақиға аттанды. Орынбай Кәріғұлұлы дарынды шәкірт тәрбиелеген ұлағатты ұстаз, өнегелі ұл мен қыз өсірген қадірменді әке, өнерлі отбасының отағасы болды. Орекеңнің жүзінде қашанда күлкі үйіріліп тұратын, жүрегі жұмсақ, биязы мінезді, өте ұстамды және мейлінше сыпайы адам болатын. Бұл – әріптесіміз Орынбай Кәріғұлұлының жадымда қалған келбеті.

Тарихи 1997-1998 жылдар. Ақмола қаласы 1997 жылы 10 желтоқ­санда елорда мәр­тебесін иеленіп, еліміздің зиялы қауымы шоғырланған ортаға айналған кезі болатын. Осы лекпен Отанымыздың зиялы азаматтары – ғалымдар мен ұстаздар, жазушылар мен ақындар, көптеген өнер иелері астанаға келіп қоныстанды. Олар Әбіш Кекілбайұлы, Еркеғали Рахмадиев, Фариза Оңғарсынова, Ақселеу Сейдімбек, Мыр­зағали Айдаболов, Қайыржан Мақанов, Әбжан Әбілтай, Төлеген Мұхамеджанов, Талғат Теменов, Айтжан Тоқтаған, Оразкүл Асанғазы, Серікзат Дүйсенғазы сындарлы еліміздің бетке ұстар азаматтары еді. 1998 жылы елордада Қазақ ұлттық музыка академиясы ашылды.

Әлемге танымал скрипкашы-музыкант Айман Мұсақожаеваның басшылығымен майталман ұстаздар өнер саласының жоғары деңгейлі мамандарын да­йындауға кірісті. Атап айтсақ, олар кеңінен танымал өнер мен ғылым өкілдері Игорь Лебедев, Орынбай Дүйсен, Қайролла Жұмакенов, Пернебек Шегебаев, Раиса және Раушан Мұсақожаевалар, Үмітжан Жұмақова, Гүлшат Шаңбатырова, Алтай Құса­йынов, Қарасай Сайжан, Ермұрат Үсенов, Ғалым Ахмедьяров, Раушан Нұртаза, Гүлмира Құттыбадамова, Нұран Қамзин, Ербол және Қалқаман Сариндер. Студенттердің жан-жақты дамуына өз үлесін қосқан тілдер мен қоғамдық пәндер кафедрасының меңгерушілері, академик Шағила Құсанова, профессор Дихан Қамзабекұлы, доцент Гүлжан Жұмашеваның еңбектерін атап өтуді жөн көрдік. Бұл жылдар өнердің қайнар көзіне айналған, жаңа бастамалар мен маңызды шешімдермен жадымызда мәңгілік сақталған уақыт еді. Міне, осындай қызығы мен қиындығы қатар жүрген жағдайда Орынбай Кәріғұлұлымен әріптес және әдіскер-ұстаз ретінде пікірлес, қоян-қолтық қызметтес болдық. Содан бері де ширек ғасыр өтіпті. Осыдан екі жыл бұрын Орекең кенеттен дүниеден озды деген қаралы хабар жеткенде сенер-сенбесімізді білмедік, абдырап қалдық. Бұл орны толмас қаза болды. Көзден кетсе де, көңілден кетпей, әлі де жанымызда жүргендей сезімдеміз.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Орынбай Дүйсен – қазақ халқының дәстүрлі музыка өнерінде өзіндік ізін қалдырған домбырашы, 800 күйді жатқа білетін дәулескер күйші, авторлық әндері үшін «Халық әншісі» атанған өнерпаз. Саналы ғұмырын қазақ өнерінің өркендеуіне, дамуына арнаған музыкант артында өшпес мұра қалдырды. Орынбай Кәріғұлұлының авторлық күйлері жеке күйтабақ болып сонау 1984 жылы шықты; кейіннен күй өнеріне арналған оқулықтары мен оқу құралдары жарық көрді. Өнер зерттеуші ғалымдар Т.Мерғалиев, С.Бүркіт, О.Дүйсен бірігіп, тең авторлықпен жазған «Қазақ күйлерінің тарихы» антологиясы музыкант-мамандардың жоғары бағасын алып, өнерсүйер қауымның көңілінен шықты. Уақыт өте ғалымның зерттеулер легі мынадай еңбектермен толықты: «Қазақтың халық күйлері», «Ұлы көш», «Qosbasar», «Абыл», «Алтын Орда», «Домбыраға арналған академиялық бағдарлама», оқулық құралдар. Орынбай Дүйсеннің шығармашылығын жете білетін белгілі өнер зерттеуші Ақселеу Сейдімбек «Қазақтың күй өнері» еңбегінде күйші туралы мынадай мәлімет береді: «Орынбай Кәріғұлұлы Дүйсен Алматы консерваториясына оқуға түсіп, 1982 жылы Құбыш Мұхитовтың класын бітіріп шығады. 1983 жылы Бірінші республикалық Құрманғазы атындағы конкурстың лауреаты атанады». Профессор ұстаздық құрған жылдары 90-ға жуық маман дайындаған. Олардың ішінде аспиранттар, магистранттар, ЖОО мен колледж студенттері бар. Орынбай Кәріғұлұлының шәкірттері: ҚР еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Бекенов және ҚР мәдениет саласының үздігі Ерболат Сапуанов ұстаздарының есімін мәңгі есте сақтау мақсатында «Күй анасы» республикалық қоғамдық қорына бірегей ұсыныс жасады: күйшінің есімін Домбырашылар аллеясындағы естелік тақтаға қашап жазу. Орынбай Дүйсеннің өнері мен шығармашылығын жоғары бағалайтын өнер зерттеуші және «Күй анасы» қорының жетекшісі Төлеген Қуа­нышевтың қолдауымен 2025 жылдың 6 қыркүйегінде салтанатты жиында күйшінің есімін естелік тақтаға көшіру рәсімі ұйымдастырылды. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген халықтың қанатты сөзі үлкен мағынаны меңзейтіні анық. Осы іс-шараны ұйымдастырып, қолдан келген жақсылығын жасаған азаматтарға, әсіресе, Төлеген Қуанышев мырзаға Орекеңнің ағайын-тумасының, отбасының алғысы шексіз.

«Күй анасы» республикалық қоғамдық қорының жетекшісі Төлеген Шаңғытбайұлы Қуанышев – мәдениет пен өнер саласын насихаттаушы, дәріптеу­ші қоғам қайраткері. Мәжіліс депутаты болған кезінде де, әкімшілік қызмет атқарып жүргенде де ұлттық өнердің жанашыры болған, әсіресе, күй өнеріне ерекше көңіл бөліп, қастерлеген азамат. Қазақтың дәстүрлі күй өнерін дамытуды мақсат тұтқан Төлеген Қуанышев «Күй анасы» республикалық қоғамдық қорын ашуға атсалысады. Бұл қор 2021 жылы күйші Дина Нұрпейісованың 160 жылдық мерейтойы қарсаңында құрылған Қазақстандағы маңызды рухани ұйымдардың қатарынан саналады. Төлеген Қуанышевтың идеясын іс жүзінде көркемдеп, тастан қашап жасаған Жалын Бауырхан есімді талантты мүсіншінің еңбегін ерекше атап өту керек.

К.Байсейітова атындағы Қа­зақ ұлттық өнер университетінің Ғылыми шығармашылық қызмет және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректоры Раушан Сабыржанқызы Нұртаза сұхбат барысында өз ойымен бөліскен еді: «Елімізге еңбегі сіңген ұстаздар есімі университеттің Даңқ галереясына орналасады. Бұл залда профессор Дүйсен Орынбай Кәріғұлұлының есімі де лайықты орнын табады деген ойдамыз». Ректораттың бағытын қолдай отырып, осы тұста қосарымыз – Астананың бір көшесі дәулескер күйшінің атымен аталса да артық болмас еді. Күй өнері ұлттық өнер қазынасы болса, осы өнерді жалғас­тырушы және насихаттаушы өнерпаздың есімі қандай марапатқа болса да лайық емес пе, ағайын!

Профессор О.Дүйсеннің өзі тәрбиелеген бір шоғыр танымал күйші-домбырашылар киелі өнерді жалғастырып келеді. Олар елімізге кеңінен танымал өнер иелері: ҚР еңбек сіңірген әртісі Тұрар Әліпбаев және ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жанғали Жүзбай; ҚР еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Бекенов және Казақстан күйшілер одағының мүшесі, өнертану ғылымдарының магистрі Ерболат Сапуанов; республикалық конкурстардың лауреаттары, студенттер Табыс Құдайберген, Аңсаған Нұрғалиев, Ерасыл Серікбаев, Ержан Әлелов, Ділнара Әнуарбекова және Нұрай Үмбетова.

Орынбай Дүйсеннің отбасы да танымал музыкалық әулет: тұңғышы Ордабек – Форт- Уэрт қаласы симфония оркестрінің концертмейстері (АҚШ). Ол – Н.Паганинидің 24 каприсін бір концерт кешінде орындап шыққан бірінші және жалғыз қазақстандық скрипкашы. Қызы Дина – пианист, Лондон Корольдік музыка академиясының магистрі, шетелдің атаулы сахналарында: Италия, Шотландия, Румыния, АҚШ, Қытай елдерінде өнер көрсетіп жүрген дарынды музыкант. Кенжесі Ілияс – скрипкашы. Өнер қуған жас дарын тағылымдамасын Америкада Эммануэл Борок есімді атақты скрипкашы класынан өтті. Қазіргі тұрақты мекені – Канада мемлекеті, жұмыс орны – симфония оркестрінің концертмейстері. Осындай ынтымағы жарасқан әулеттің ұйытқысы Сәуле Қазыкенқызы Сағымбаева – ҚР мәдениет саласының үздігі, міндетті фортепиано кафедрасының доценті, отбасында аяулы ана, қадірменді әже.

Дарынды шәкірт тәрбиелеген ұлағатты ұстаз, дәулескер күйші Орынбай Дүйсен – өзіне күйден күмбез орнатып кеткен тұлға. Орекеңнің әлі де болса берері баршылық еді, әттең, шолақ дүние-ай! Бір жұбаныш болатын жайт, оның өмірі мен өнерін жалғастырушы ұрпағы мен шәкірттері бар. Еске алып жүретін әріптестері мен замандастары бар. Дарынды өнер иесінің шығармашылығын бағалайтын тыңдарманы бар.

Өзі ширек ғасыр ұстаздық құрған К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің бастамасымен Орынбай Дүйсенді еске алу кеші 2026 жылдың қазан айының 7-сі күні «Астана Опера» театрының сахнасында өтеді. Концертке музыканттың әріптестері мен шәкірттері, атап айтсақ, ҚР еңбек сіңірген әртісі Тұрар Әліп­баев, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Светлана Айтбаева, Татарстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Дамир Сұлтанов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Бекенов, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Саят Ақбасов, Халық­аралық байқаулардың лауреаты Талғат Аллабиринов, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Алтынбек Әбілда, дәстүрлі әншілік және күйшілік өнерін насихаттаушы, өнертану ғылымдарының магистрі Сырым Мұхаметжанов, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Ордабек Дүйсен, Халықаралық байқаулардың ­лауреаты Дина Дүйсен және Астана қаласы әкімдігінің Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының қазақ оркестрі (дирижер Нұрлан Бекенов) қатысады. Осы кешті ұйымдастырушы К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университеті басшылығы мен «Астана Опера» театрының ұжымына, ұстаздың әріптестері мен шәкірттеріне, концертке атсалысқан барлық өнер иелеріне алғысымызды білдіреміз, шығармашылық ­табыс пен сәттілік тілейміз!

Гүлнаш ИСАҚҚЫЗЫ,

ҚР білім беру ісінің үздігі,

ҚР білім саласының

құрметті қызметкері