Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері қоғамдық тамақтану орындарында өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын түсіндіруге бағытталған профилактикалық іс-шара өткізді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Мамандар қаладағы бірқатар қоғамдық тамақтану нысандарын аралап, кәсіпкерлермен және қызметкерлермен кездесулер ұйымдастырды. Кездесу барысында өрттің алдын алу, қауіпсіздік талаптарын сақтау және төтенше жағдай кезінде дұрыс әрекет ету мәселелеріне тоқталды. Сонымен қатар, кәсіп иелеріне ас үй жабдықтарын, газ құрылғылары мен электр құралдарын қауіпсіз пайдалану жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ электр желілеріне шамадан тыс жүктеме түсірмеу, электр жабдықтарының жарамдылығын үнемі тексеру, газ құрылғыларын пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтау қажеттігі ескертілді.

- Қоғамдық тамақтану орындарында арнайы іс-шара өтіп жатыр. Тексеру барысында мыңнан астам өрт қауіпсіздік талаптарының бұзылғаны анықталды. Анықталған бұзушылықтарға сәйкес әкімшілік айыппұл салынды. Айта кетер болсақ, жыл басынан бері қоғамдық тамақтану орындарында отыз үшке жуық өрт оқиғасы орын алды, -деді Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Ғабит Бабаев.
Мамандардың айтуынша, қоғамдық тамақтану орындарында өрт шығу қаупін арттыратын негізгі факторлардың бірі – ас үй жабдықтарын дұрыс пайдаланбау, электр және газ құрылғыларының ақауы, сондай-ақ қауіпсіздік талаптарына немқұрайлы қарау. Сондықтан мұндай нысандарда өрттің алдын алу шаралары тұрақты түрде жүргізіліп тұрады.
Айта кету керек, Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті кәсіпкерлер мен нысан қызметкерлерін өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға, қауіпсіздік шараларына жауапкершілікпен қарауға шақырады. Себебі төтенше жағдайдың алдын алу – ортақ міндет екенін қаперге берді.