Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасымен Премьер-министр Олжас Бектенов және Президент Әкімшілігінің басшысы Роман Скляр Алматы облысы мәслихаттары депутаттарының отырысына қатысты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Роман Скляр депутаттарға Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматы облысының әкімі лауазымына екі кандидатты: бұрынғы төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов пен Алматы облысы әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаевты ұсыну туралы хатын оқыды.
Жиынға 178 депутат қатысты. Ашық дауыс беру қорытындысы бойынша Шыңғыс Әріновтің кандидатурасын депутаттардың 83%-ы қолдады.
Қазақстан Республикасы Президентінің тиісті Жарлығымен Шыңғыс Әрінов Алматы облысының әкімі болып тағайындалды.
Өңір активімен өткен жиында Премьер-министр Олжас Бектенов Марат Сұлтанғазиевке облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.
Үкімет жетекшісі Алматы облысының активіне өңірдің жаңа әкімі Шыңғыс Әріновті таныстырды.

Жиында жаңа Конституцияның күшіне енуі елімізді одан әрі жаңғыртудағы маңызды жаңа тарихи кезеңнің бастауы болғаны атап өтілді. Үкімет алдында Мемлекет басшысы айқындаған мақсат экономиканың сапалы әрі орнықты өсуін қамтамасыз етуге қол жеткізу міндеті тұр.
Олжас Бектенов Құрылтайдың бірінші сессиясында азаматтарымыз бен ел экономикасы үшін маңызды нысандардың құрылысын озық қарқынмен жүргізу туралы Президент тапсырмаларын орындауға баса назар аударды. Атап айтқанда, олар – халықтың өмір сүру сапасын одан әрі арттыруға аса қажетті әлеуметтік, инженерлік, энергетикалық және су инфрақұрылымы. Бүгінгі таңда Алматы облысының әкімдігіне денсаулық сақтау саласының бірқатар жаңа жобаларына қосымша қаражат бөлінді. Олардың ішінде Қарасай ауданында перинаталдық орталық пен емхана салу, Қаскелең қаласында жұқпалы аурулар ауруханасын, Іле ауданында перзентхана бөлімшесін жаңғырту жұмыстары бар. Нысандарды уақтылы пайдалануға беру қажет. Премьер-министр бөлінген қаражаттың мақсатты әрі тиімді жұмсалуын қатаң бақылауды тапсырды. Әрбір теңге өңір тұрғындары үшін нақты нәтиже әкелуі тиіс. Қадағалауды күшейту үшін «цифрлық теңге» тетігі қолданылатын болады.
Сонымен қатар ауқымды құрылыс бағдарламаларын жүзеге асыру кезінде отандық тауар өндірушілерге басымдық берілуі тиіс. Бұл жергілікті құрылыс ұйымдарын жұмысқа тартуға, сондай-ақ қазақстандық құрылыс материалдары мен жабдықтарын қолдануға қатысты. Осы ретте Олжас Бектенов сатып алынатын қызметтер мен тауарларға бағаның алыпсатарлықпен өсуіне жол бермеуді тапсырды. Кәсіпкерлер үшін бұл – өндіріс көлемін ұлғайтуға берілген өте жақсы мүмкіндік, сол себепті отандық өндірушілер бағаны жасанды жолмен көтеруге емес, жұмыс көлемін ұлғайтуға баса мән беруі қажет. Аталған қадамдар кепілдендірілген пайда табуға, жаңа жұмыс орындарынашуға, жалақыны көтеруге мүмкіндік бередіі. Мұндай тәсіл ішкі өндіріс пен азаматтарды жұмыспен қамтудың барлық тізбегін ынталандыруды қамтамасыз етеді.
Премьер-министр Алматы облысы әкімдігінің жұмысының негізгі басымдықтарын атап өтті. Ауылдық жерлерде әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыру және қала мен ауыл арасындағы инфрақұрылымдық алшақтықты қысқарту бойынша міндеттер айқындалды. Елді мекендерді сапалы коммуналдық қызметтермен қамтуды арттырып, инфрақұрылымның авариялық жағдапйларын азайту қажет. Су, жылу, электрмен жабдықтау және су бұру жүйелерін кезең-кезеңімен жаңғыртуға, сондай-ақ жаңа электр қуатын өндіру көздерін салуға баса назар аударылды.
АӨК саласында суармалы егіншілікті дамыту, су шығынын азайту, ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу және өңір экономикасындағы агроөнеркәсіп кешенінің үлесін ұлғайту қажеттігі атап өтілді. Көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін өңірдің автомобиль жолдарын жөндеу мен реконструкциялауды жандандыру тапсырылды. Өңірге инвестиция тартуды күшейту, өңдеу өнеркәсібін, агроөнеркәсіптік кешенді, туризмді және шағын және орта бизнесті дамытып, жаңа экономикалық өсу нүктелерін қалыптастыру, сонымен қатар Алатау қаласының әлеуетін тиімді пайдаланудың маңыздылығы атап өтілді.
Олжас Бектенов Мемлекет басшысы қойған міндеттер барлық бағыттар мен салалар бойынша жүйелі әрі кешенді түрде жүзеге асырылуы тиіс екенін атап өтті. Өңірдің одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету үшін жан-жақты шаралар қабылдау қажет.