Астана қаласының Балалардың құқықтарын қорғау басқармасы, қала әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасы-демография саясаты жөніндегі комиссия мүшелері, кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқығын қорғау жөніндегі комиссия, Астана қаласы Нұра ауданы әкімі аппаратының қызметкерлері аудан прокуратурасы және полиция басқармасымен бірлесіп, ойын-сауық орындарына рейд жүргізді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Тексерудің мақсаты – қоғамдық орындарда кальян шегуді, басқа да құқық бұзушылықтарды анықтап, олардың жолын кесу. Аталған тексеру жұмысы «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жасалды. Рейд қорытындысы бойынша анықталған құқық бұзушылықтар үшін кінәлі тұлғалар қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапқа тартылды. Барлығы ҚР ӘҚБтК 200, 441 және 442-баптары бойынша жалпы сомасы шамамен 2 млн теңгені құрайтын 69 әкімшілік хаттама толтырылды.
– Заң талаптарын сақтау – әр азаматтың ортақ жауапкершілігі. Осындай рейдтер құқық бұзушылықтардың алдын алуға, оларды дер кезінде анықтауға және қоғамдық орындардағы тәртіп мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді, – деді Астана қаласы Нұра ауданы әкімдігі кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Салавди Арықбеков.