Экономикалық қылмыстармен күресетін барлық құзырлы органдар, соның ішінде Қаржы мониторингі агенттігі (ҚМА) іске асырып жатқан іс-шараларға қарамастан, қаржы пирамидалары жойылмай, жұмыс қарқынын бәсеңдетпей отыр. Өйткені олар қоғамдағы өзгерістерге тез бейімделіп, формасын өзгертіп, жаңа жобалар мен қызмет түрлеріне айналып, адамдарды алдап-арбауын бір сәтке де тоқтатқан емес. Себебі әр адам жеңіл, оңай жолмен табатын табысқа елеңдеп тұратыны рас.
Жаңа тәсіл тиімді ме?
Маусым айында ҚМА қызметкерлері «CVK» деп аталатын кәсіпорынның қызметін әшкереледі. Қаржылық пирамида маркетплейс формасында қызмет етіп, 1,5 мың адамды алдағаны мәлім болды. Құқық қорғаушылар дер кезінде іс-қимыл жасап, интернет-дүкендерге салынған крипто-әмияндардағы 500 мың АҚШ долларын бұғаттап үлгеріпті. Бұл деректің өзі құзырлы органдардың қаржылық қылмыстарға қарсы күресіне қарамастан осындай алаяқтық оқиғалар тыйылмай отырғанын көрсетеді.
Өзекті мәселеге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та айрықша назар аударып, қаржылық алаяқтыққа қарсы іс-қимылдың жаңа тәсілдерін ойластыру қажеттігін айтып келеді.
«Қабылданып жатқан іс-шаралар да, түсіндіру жұмыстары да жағдайды түбегейлі өзгерте алмай тұр. Өйткені алаяқтар пирамиданы түрлі қаржы құралдары сияқты ұсынады. Ал азаматтар олардың арбауына түсіп, бар тапқан-таянғанынан айырылып қалып жатыр. Сондықтан қаржылық алаяқтыққа қарсы іс-қимылдың тиімді шараларын әзірлеп, проблеманың түп тамырын анықтаған жөн. Өз әрекетінің заңсыз екенін біле тұра, адамдарды түрлі алаяқтық схемаларға тартатын пирамида қатысушыларына құқықтық жауапкершілік енгізу мәселесін қарастыру қажет. Мұндай алаяқтарды немесе қымсынбай қылмысқа баратын жандарды түрмеге қамап, қылмыстық жазаға тарту керек» деді ел Президенті жыл басында Қаржылық мониторинг агенттігінде өткен жиында.
Қаржы мониторингі агенттігі Мемлекет басшысының осы тапсырмасын іске асыру мақсатымен биыл 23 мамырда Қоғамдық көмекшілер институтын (ҚКИ) ашты. Осы ҚКИ аясында еліміздің кез келген азаматы заңдық негізде экономикалық қылмыстармен және қаржылық пирамидалармен күресте мемлекетке көмектесе алады. Алайда іріктеу рәсімі қатал реттелген және бірнеше кезеңмен өтеді. Қоғамдық көмекші мәртебесін алу үшін үміткер әуелі экономикалық тергеулердің аумақтық департаментіне жазбаша өтініш жазады. Өтінішке жеке куәлік көшірмесін, сондай-ақ өмірі мен денсаулығын сақтандыру туралы құжаттарын ұсынады. Бұдан кейін құзырлы ведомство үміткерді наркологиялық, психоневрологиялық есепте жоқтығын қоса алғанда, барлық мәліметтер базасы бойынша тексереді. Одан кейін құжаттар жергілікті әкімдікке жіберіліп, сол жерде шешім шығарылады. Әкімдік мақұлдаған соң, үш жылға ресми куәлік беріледі. Қоғамдық көмекшілер экономикалық қылмыстармен күрес жөніндегі қызмет мамандарымен бірігіп жұмыс істейді.
ҚМА таратқан ақпаратқа сүйенсек, ҚКИ-ның үміткерлеріне ерекше талап қойылады. «ЭҚТ қызметінің ерекшелігін ескеріп, қоғамдық көмекші ретінде заңды сыйлайтын, азаматтық жауапкершілігі мен патриоттық сезімі жоғары, іскерлік беделіне нұқсан келмеген адамдар, сондай-ақ заңдылықты нығайтуға, халықтың құқықтық сауатын көтеруге үлесін қосқысы келетін қоғамдық пікір көшбасшылары және азаматтық қоғам өкілдері қарастырылады» делінген құзырлы агенттіктің ресми хабарламасында. Қоғамдық көмекшілер күнделікті жедел құқықтық, күштік іс-шараларға қатыспайды. Ерікті азаматтар қаржылық қылмыстардың алдын алу және одан сақтануды түсіндіреді. Олар ҚМА қызметкері ретінде өзін таныстырып, жасырын бейнежазба түсіріп, дәлел жинап, құқық бұзушыларды ұстай алмайды. Тіпті, атқарған жұмысы үшін ақшалай сыйақы да алмайды. Бұл жерде ҚМА жергілікті бюджеттің мүмкіндіктері болса ғана қоғамдық көмекшілерге ақы төлеу туралы шешім шығаруды әкімдіктер құзырына берген. Сонымен, ҚКИ Президент тапсырған қаржылық алаяқтықпен күрестің жаңа тәсілі бола ала ма, әлде жоқ па, оны уақыт көрсетер.
Пирамиданың формасы қалай өзгерді?
Қазір алаяқтар да әккіленіп алған. Олар қандай да бір қаржылық тізбекке ақша салуды ұсынса, адамдарды алдай алмайтынын жақсы біледі. Сол себептен бұл құрылым мүлдем өзгеріп кетті. Мәселен, олар «Табысты инвесторлардың жабық қауымдастығын» құрып, осы бірегей жобаға қатысып, инвестициялық пакетін сатып алуды ұсынады. Жаңа цифрлық формат арқылы табыс табуға әркімнің қызығатыны анық. Өйткені цифрлық платформаның көмегімен білім беру курсын, қандай да бір халыққа қажетті тауарларды сату қиын емес. Бұл жерде шынайы табыс көзі қалай жасырынып жатқанын ешкім біле алмайды.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту жөніндегі агенттік мамандары бұл тізбекті былайша түсіндіреді: классикалық қаржы пирамидасы бір ғана қағидатпен жұмыс істейді. Мысалы, жобаның алғашқы қатысушыларына жаңа салымшылардың қаражаты есебінен төлем аударылады. Бұл жерде уәде етілгендей көп табыс әкелетін шынайы инвестициялық қызмет деген жоқ. Жаңа адамдар ақшасын салған сайын, қаржылық тізбек табысты жоба болып көрінеді. Ал ақша ағыны күрт тоқтаған кезде жобаның да күлі көкке ұшады.
Алаяқтарға мұндай қылмысты жасауға әсіресе Telegram, WhatsApp және өзге де мессенджерлер қолайлы болып тұрғаны рас. Өйткені ол жерде жабық топ ашып, қаржылық тәуелсіздікке қол жеткізген адамдардың бейнесін сомдау тіптен оңай. Мысалы, алаяқтар құны қымбат автокөліктердің, шетелдік саяхаттардың суреттерін, банк аударымдарының скриншоттарын салып, адамдарды қызықтырады. Аз уақытта мол табысқа кенелген жандардың өмірін, демалысын көрсету арқылы аңқауларды жобаға қаржы салуға үгіттейді. Мұндай кезде адам баласының тез иланып, қайтсе де осы жобаға қатысуға тәуекелге бел буатын кездері көп. Алаяқтар осындай әрбір жағдайды өз пайдасына шеше алады.
Алты айда қылмыс азайды ма?
Осы мақаланы жазу барысында Қаржы мониторингі агенттігіне (ҚМА) басылымның атынан ресми сауал жолдап, қаржылық қылмыстарға қатысты статистикалық деректерді сұраған едік. Құзырлы мекеменің ресми өкілі Ернар Тайжанның айтуынша, 2026 жылдың алғашқы 6 айында 18 қаржылық пирамиданың заңсыз қызметі әшкереленіп, жолы кесілген. Оларға қатысты 28 қылмыстық іс тіркелген (соның ішінде 1 іс заңсыз жарнама фактісі бойынша). «Жалпы өндірісте 28 қаржылық пирамидаға қатысты 49 қылмыстық іс болды. Осы істер бойынша шамамен 6,8 мың азамат салымшы ретінде анықталды. 2026 жылдың 6 айында 18 қаржылық пирамидаға қатысты 28 қылмыстық іс тіркелді. Аяқталған істер бойынша 695 азамат жәбірленуші деп танылып, оларға келтірілген залал 5,8 млрд теңгені құрады. Залалды өтеу мақсатында 1,6 млрд теңге көлеміндегі мүлікке тыйым салынды, оның ішінде 8 млн теңге нақты қайтарылды. Жалпы өтелген және тыйым салынған мүлікті қоса есептегендегі залалды қамтамасыз ету көлемі 1,6 млрд теңгені немесе 27,6 пайызды құрады» дейді ресми өкіл.
«Мұндай жағдайда қарапайым азаматтар өз құқығын қорғауы үшін не істеу керек?» деген сауалымызға Ернар Тайжан: Азаматтарға: жоғары әрі кепілдендірілген табыс уәде ететін инвестициялық жобаларға сақтықпен қарау; компанияның заңды қызметін, лицензиясын және мемлекеттік тіркелуін тексеру; қаражат салмас бұрын ақпаратты тек ресми дереккөздерден нақтылау; қаржылық пирамида белгілері байқалған жағдайда немесе алаяқтыққа күмән туындаса, құқық қорғау органдарына дереу хабарлау; егер азамат зардап шексе, құқық қорғау органдарына арыз беріп, өз құқықтарын заң аясында қорғауға жүгіну ұсынылады. Бұл іс-шаралар азаматтардың қаржылық шығынға ұшырау қаупін азайтып, заңсыз қаржы схемаларының жолын кесуге ықпал етеді» деп жауап берді.