Астанадағы Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерт залында кешегі атақты күйші Қожеке Назарұлының мектебін жаңғыртушы, күйші-композитор Нұрымбай Сүлейменұлының шығармашылығына арналған «Қайран әке» музыкалық кеші өтті.
Кеш барысында «Астана сазы» қазақ мемлекеттік фольклорлық ансамблі «Арнау», «Қайран әке», «Керуен», «Ана мейірі» шығармаларын орындады. Сонымен қатар көрермен назарына «Қарттар толғауы», «Ыстық ұя», «Дала сыры», «Қаражон» күйлері мен «Ілем менің» әні ұсынылды. Жеке орындаушылар мен домбырашылар ансамблінің өнер көрсетуі арқылы композитор мұрасының сан қырлы сипаты таныстырылды. Күйшінің қызы Нұрбүбі Нұрымбайқызының айтуынша, күйшінің шығармашылық жолының қалыптасуына әкесі Сүлейменнің ықпалы ерекше болған. Ел ішінде сыбызғышы ретінде танылған Сүлеймен баласына домбыра үйретіп, оның күй өнеріне қызығушылығын оятқан. Нұрымбай жеті-сегіз жасынан бастап әкесінің сыбызғыда орындаған күйлерін домбыраға түсіріп, осылайша ұлттық өнердің алғашқы әуендерін бойына сіңірген күйші Шыңыс Түркістанның Текес өңірінде сақталған ән-күйі мен ауыз әдебиеті үлгілерін жинауға да атсалысып, халық арасында тараған мәдени мұралардың хатқа түсіп, жинақталуына да үлес қосты.

«Әкемнің еңбегін тек шығарған күйлерімен өлшеуге болмайды. Ол халық арасында сақталған көне мұраларды жинауға, оларды кейінгі ұрпаққа жеткізуге де көп көңіл бөлді. Туған жерінің өнерін жақсы білді және сол мұраның жоғалып кетпеуіне күш салды. Сонымен қатар бүгінгі кештің атауы болып отырған «Қайран әке» күйінің де біз үшін орны бөлек. Бұл әкемнің әкесіне деген сағынышын жеткізген туынды. Ол атамнан айырылғаннан кейінгі ішкі мұңын сөзбен емес, домбырамен жеткізді. Сондықтан бұл күй әулетіміз үшін де, әкемнің шығармашылығы үшін де ерекше мәнге ие. Қазіргі таңда әкесін сағынған, күй тілін білетін әрбір қазақ баласы осы күйді үзіле тыңдайды. Әкем тірі кезінде «Қайран әке» деген күй шығарып елге танылғанымен осы туған отанға келіп кешін бере алмай кетті. Ал енді бүгін біз өзіміз әкемізді жоқтап, «Қайран әкелеп» оның артында қалған мұрасын халыққа осы кеш арқылы таныстырп жатырмыз», дейді Нұрбүбі Нұрымбайқызы.
Жалпы, күйшінің шығармашылық қорында 60-тан астам күй мен жиырмаға жуық ән бар. Ол шығармалары арқылы өзі өмір сүрген ортаның тынысын, елдің тұрмысын және туған жерге деген ықыласын күй тілімен жеткізген бірегей тұлға.