Музей қорына тапсырды

Музей қорына тапсырды

Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовке тиесілі 100-ден астам бірегей жәдігер Қарулы күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығы жанындағы Әскери-тарихи музей қорын толықтырды.

Музейге тапсырылған құнды экспонаттар қатарында мемлекеттік наградалар, жеке құжаттар, әскери киімдер, сыйлыққа берілген қарулар, сондай-ақ аты аңызға айналған қолбасшының өмір жолы мен әскери қызметін айғақтайтын өзге де тарихи құндылықтар бар.

Сағадат Нұрмағамбетовтің өмірі мен қызметіне қатысты бағалы жәдігерлерді музейге батырдың қызы Айсұлу Нұрмағамбетова мен немересі Сауық Нұрмағамбетов табыстады. Салтанатты рәсімге Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов, Қорғаныс министрлігінің басшылық құрамы, әскери қызметшілер, Қарулы күштердің ардагерлері, сондай-ақ даңқты қолбасшының туған-туыстары мен жақындары қатысты.

Айсұлу Нұрмағамбетова бұл ше­шімді ұлымен бірге қабылдағанын айтты. Оның айтуынша, отбасы үшін аса қымбат дүниелермен қоштасу оңай болмағанымен, оларды халық игілігіне айналдыруды жөн санаған.

– Ұлым екеуміз әкеміздің наградалары мен жеке заттары дәл осы музейден лайықты орын алуы тиіс деп шештік. Бұл жәдігерлер жастардың сол дәуірдің рухын тереңірек түсінуіне, Сағадат Қожахметұлының еліне және халқына шексіз адал болған тұлға екенін тануына ықпал етеді деп сенеміз. Біздің отбасы үшін бұл жәдігерлер – тек әкеміздің ғана емес, соғыс майданында ерлік көрсеткен, тылда аянбай еңбек еткен барлық ардагерлер мен аға буынға деген құрметтің белгісі, – деді Айсұлу Сағадатқызы.

Әскери-тарихи музейде бұған дейін де Сағадат Нұрмағамбетовке арналған жеке экспозиция жұмыс істеп келді. Енді ол 100-ден астам жаңа бірегей жәдігермен толықты. Олардың қатарында мемлекеттік наградалардың түпнұсқасы, әскери киім үлгілері, жеке құжаттар бар. Экспозициядағы ең құнды жәдігердің бірі – жоғары мемлекеттік награданың бірі саналатын «Отан» ордені. Сонымен қатар музей қорына Сағадат Қожахметұлына әр жылдары сыйға тартылған атаулы және сыйлық қарулар да тапсырылды.