Елордада мотомаусымның басталуына байланысты жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және мотокөлік жүргізушілері арасында құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстар күшейтілді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Рейдтік іс-шаралар барысында Жол қозғалысы қағидаларын өрескел бұзу деректерін анықтауға ерекше назар аударылуда. Ең жиі тіркелетін құқық бұзушылықтардың қатарында жүргізуші куәлігінсіз мотоцикл басқару, мемлекеттік тіркеу нөмірінің, міндетті сақтандыру полисі мен техникалық байқаудың болмауы, белгіленген жылдамдықты асыру, қауіпті маневр жасау, сондай-ақ қорғаныс құралдарын пайдалану талаптарын сақтамау бар. Сонымен қатар көлік құралдарын заңсыз қайта жабдықтау фактілері де анықталуда. Атап айтқанда, шу деңгейін арттыратын тік ағынды бәсеңдеткіштер мен резонаторларды орнату заң талаптарына қайшы келеді және әкімшілік жауаптылыққа әкеп соғады.
Мотоауысым басталғалы бері жол қозғалысы қағидаларын бұзған мопед пен мотоциклдің 600-ге жуық жүргізушісі әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Ал көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу және оларды заңсыз қайта жабдықтау деректері бойынша 300-ден астам мотокөлік коммуналдық тұраққа қойылды. Полиция мотоциклдің қауіптілігі жоғары көлік құралы екенін еске салады. Қауіпсіздік талаптарын елемеу ауыр жол-көлік оқиғаларына және адам өміріне қауіп төндіретін салдарға әкелуі мүмкін. Осыған байланысты мотокөлік иелерін белгіленген шу деңгейін сақтауға, тұрғындардың тынығу құқығына құрметпен қарауға және қолданыстағы заңнама талаптарын қатаң ұстануға шақырамыз.