Мобильді интернетті жақсартуға арналған 12 жаңа тірек орнатылды

Мобильді интернетті жақсартуға арналған 12 жаңа тірек орнатылды
фото: Астана қаласының әкімдігі

Астанада мобильді байланыс сапасы мен мобильді интернеттің қамту аймағын жақсартуға, сондай-ақ елорданың телекоммуникациялық инфрақұрылымын дамытуға бағытталған қос мақсаттағы тіректерді орнату жобасы жүзеге асырылып жатыр. Бүгінде қалада көше жарығын қамтамасыз ету және байланыс жабдықтарын орналастыру функцияларын біріктіретін осындай 12 нысан орнатылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Бір қарағанда, мұндай құрылғылардың кәдімгі жарықтандыру тіректерінен айырмашылығы байқала бермейді. Алайда олардың ішінде қаланың телекоммуникациялық желісін дамытуға арналған мобильді байланыс жабдықтары орналастырылады. Заманауи қала үшін мұндай шешімнің маңызы ерекше. Қос мақсаттағы тіректер байланыс жабдықтарын қолданыстағы қалалық ортаға тікелей кіріктіруге және кеңістікті барынша тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

Техникалық элементтер құрылымның ішіне орналастырылады. Соның арқасында тіректердің сыртқы келбеті ықшам әрі жинақы болып сақталып, елорданың бірыңғай дизайн-кодына сәйкес келеді. Жоба Астана қаласы әкімдігінің Цифрландыру және мемлекеттік қызмет басқармасы мен Beeline Қазақстан мобильді операторының бірлесуімен жүзеге асырылуда.

«Жобаның негізгі мақсаты – қаладағы мобильді байланыс сапасы мен мобильді интернеттің қамту деңгейін арттыру. Елорда дамыған сайын телекоммуникациялық инфрақұрылымға қойылатын талаптар да артып келеді. Қос мақсаттағы тіректер қажетті жабдықтарды жарықтандыру инфрақұрылымымен біріктіре отырып, қалалық ортада тікелей орналастыруға және кеңістікті қосымша құрылымдармен шамадан тыс жүктемеуге мүмкіндік береді. Бұл – заманауи қаланың ерекшеліктерін ескере отырып, цифрлық инфрақұрылымды дамытуға мүмкіндік беретін практикалық шешім», – деп атап өтті Астана қаласының Цифрландыру және мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Берік Ахметов.

Алдағы уақытта мұндай нысандардың функционалын кеңейтуге болады. Тіректер бейнебақылау камералары мен ауа сапасын өлшейтін датчиктерден бастап интеллектуалды жарықтандыру жүйелері мен Smart City технологияларының өзге де шешімдерін орналастыруға арналған инфрақұрылым ретінде пайдаланылуы мүмкін.

«Мұндай жобалар байланысты дамыту қала мен бизнестің ортақ міндеті екенін жақсы көрсетеді. Қажеттіліктерді бірлесіп талқылап, тиімді шешім табуға мүмкіндік болған кезде жұмыс та жылдам жүріп, нәтиже де нақты болады. Осы жобаны іске асыру аясында Астана қаласының Цифрландыру басқармасымен ынтымақтастық орнатқанымызға қуаныштымыз. Қос мақсаттағы тіректер қалалық кеңістікті қосымша құрылымдармен шамадан тыс жүктемей, мобильді желіні дамытуға мүмкіндік береді», – деді Beeline Қазақстанның техникалық директоры Тұңғышбек Батталханов.