«Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік символы» байқауының жеңімпаздары марапатталды

«Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік символы» байқауының жеңімпаздары марапатталды
фото: Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитеті

2026 жылғы тамыз-қазан айлары аралығында Қазақстанда мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, қазақ тілін кеңінен насихаттау және өзге этнос өкілдерінің тіл мәдениетін дамыту мақсатында «Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік символы» республикалық байқауы өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Байқау екі кезең бойынша ұйымдастырылды. Бірінші кезеңде қатысушылар «Үздік цифрлық контент» жобасы бойынша бақ сынаса, екінші кезеңде «Қазақ тілін тиімді меңгеру әдістері» тақырыбында өз жобаларын ұсынды. Байқауға өңірлерде іріктеуден өткен, мемлекеттік тілді еркін меңгерген этнос өкілдері мен қазақ тілін құрметтейтін белсенді азаматтар қатысты. Қорытындысы бойынша үздік деп танылған қатысушылар дипломдармен, алғыс хаттармен және арнайы сыйлықтармен марапатталды.

Бірінші орынға Атырау облысының өкілі Полина Кабдулкаримова ие болды. Екінші орынды Алматы қаласының өкілі Мария Сурина мен Шымкент қаласының өкілі Комилхон Исмоилов  иеленді. Үшінші орын Ақмола облысының өкілі Милана Әшімбекке, Ақтөбе облысының өкілі Милана Хаджиеваға және Қостанай облысының өкілі Алена Блиноваға берілді. Байқаудың өзге қатысушыларына белсенділік танытып, мемлекеттік тілді дамытуға үлес қосқаны үшін ынталандыру сыйлықтары табысталды. Іс-шара мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге, қазақ тілін меңгеруге деген қызығушылықты арттыруға және қоғамдағы тіл мәдениетін дамытуға бағытталған.