Мемлекеттік тілге ұдайы көңіл бөлініп келеді

Мемлекеттік тілге ұдайы көңіл бөлініп келеді

Мемлекеттік тілді дамыту тетіктері, түркі халықтарына ортақ әліпби жасау, ғылым саласының өзекті мәселелері туралы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор, «Тіл жанашыры», бірінші дәрежелі «Барыс» орденінің иегері Асылы Османмен сұхбат құрған едік.

– Қазақ тілінің дамуы қай деңгейде деп ойлайсыз?

– Қазір мемлекеттік тілге ұдайы көңіл бөлініп келеді. Олай болатыны – қазақ ұлтының демографиялық өсімі артты. Мемлекеттен қолдау да бар. Ауыл-аймақтардан қалаға келіп оқып жатқан қазақ тілді балалар қатары көбейді. Қала қазақтанбай, іс өнбейтіні тағы рас. Дейтұрғанмен даладан келген жастар қалаға келіп ассимилияцияға түсіп жататын жағдайлар да бар екендігі жасырын емес. Отбасын құрып кейбірі өз баласын орыс, ағылшын мектептеріне береді. Одан шыққан бала қазақы тәлім-тәрбиеден мақұрым қалып, тілі шұбарланары хақ.

Біз мемлекеттік қазақ тілінде бәріміз сөйлеп, бір-бірімізді қазақ тілі арқылы ұғынып-түйсініп тұрсақ екен. Іс-қағаздар қазақша толтырылып, бұйрық қазақша шығып, өтінім қазақша берілсе деген ниеттемін. Мемлекеттік қызметке орналасатын адам қазақ тілінен жазбаша, ауызша емтихан тапсырып барып, соның нәтижесінде қызметке алынғаны жөн. Өйткені қазақ елінің тілін, тарихын, мәдениетін, дәстүр-салтын, әдет-ғұрпын білмейтіндер мемлекетке қызмет етіп жарытпайды. Мемлекеттік қызметке қазақ тілін білмейтін адам қабылданбауы тиіс. Егер қазақ тілін үйренбесе Қазақстанда нан жоқ, күн көре алмаймын деп ойлап, өзі үшін меңгеріп алады. Яғни, қажеттілік артты деген сөз. Бізге келген АҚШ, Ұлыбританияның елшілері небәрі 3-4 айда тіл сындырып, хакім Абайдың өлеңдерін жатқа айтып, елді таңқалдырып жүр ғой. Түркістан автономиясын құруды діттеп, Орталық Азия, түркі елдерін біріктірмекші болған Мұстафа Шоқай «бала қай тілде білім алса, сол тілге қызмет етеді» депті. Тегі рас сөз! Ендеше бөбекжайлардан бастап бәрін тұтас қазақшаға көшірген абзал.

Тіл білімінде екіұштылық бар. Мәселен, «рахмет» деген сөзді біресе «рақмет» деп шатас­тырамыз. Үтір, нүкте, сызықша сияқты тыныс белгілерін бірде қоямыз, ендігіде алып тас­таймыз. Әр зерттеуші өзінің хал-қадірінше кітап жазып, термин ойлап таба береді. Көшедегі кей жарнаманың орысшасын оқымасаң ұқпайсыз. Тәржіма жағына жіті назар аудармасақ болмайды.

Сондықтан ел басшысына тікелей бағынатын жоғары мемлекеттік Тіл комитетін құрған жөн. Мемлекеттік тілді қадағалайтын, есеп беретін, әрбір мемлекеттік органнан қазақ тілінің орындалуын талап ететін ең жоғары мемлекеттік орган болса ғана, олқылықтар түзелмек. Әйтпесе, министрлік құрамындағы комитеттің ықпалы төмендеу. Сондай-ақ, әр жерде бытырап жүрген қоғамдық ұйымдар мен ғылыми-зерттеу институттарды бір орталыққа біріктіріп, әгәр жоғарғы мемлекеттік статус алған жағдайда Тіл комитетіне бағындырсақ құба-құп болар еді. Қалайда қазақ тілінің ортақ концепциясын жасап шығару қажет болып тұр. Тіл туралы арнайы заң қабылдау керек. Сол себепті де елордадан ауылға дейін қазақ тілінің қолданылуы жайында талап енгізілсе, сұраныс артады, ел-жұрт қуанып қалар еді. Шетелден келетін мәртебелі қонақтармен қазақ тілінде сөйлесіп, қазақ тілінде шығарып салуымыз керек. Бұл да біздің дербес ел екендігіміздің айғағы. Өйткені біздің елге келетін әрбір мейман, турист, саяхаттаушы өзін қазақ топырағында жүргендей сезініп, ұлттық мәдениетімізден хабардар болып, өз еліне ғажайып әсер алып оралып, бізге тамсанып қайтса дейміз.

Қажеттілікті арттыру керек

– Қала қашан қазақыланады?

– Халық жазушысы Шерхан Мұртаза «тілсіз халық – балық» деп еді. Тілді құрметтеу өзгеге емес, сіз бен бізге қажет. Менің қазағымды түрінен емес тілінен таниды. Осыны ұмытпайық.

Үлкен қалаларда қазақшаның қолданылуы бұрынғыдан тәуір деп айтып өттім ғой. Әйт­се де, әттеген-ай да жетерлік. Маған бәзбіреулер «таңнан кешке дейін қазақ тілі туралы айта бересің, бірақ өздерінің ішінде сөйлемейтіндері де жетерлік қой» деп дүрсе қоя береді. Әйткенмен «Құдай қазақ тілін зор етті, білмейтіндер қор етті» деп тіл қатамын. Ата-ана баласымен қазақша сөйлеспейінше, өз ұлтының өзегіне терең тамыр жібермейінше бәрі бекер. Үйде сен сол отбасының баласысың, сыртқа шыққан да сол ұлттың абыройын арқалайсың. Білім әлемдік, тәрбие ұлттық болуы керек. Өзгенің тіліне, діліне, мәдениетіне еліктеп, адасып қалмайық. Өз ұлтыңның тұнығын лайлап, өзгенің қаңсығын таңсық көргеннен не пайда?! Бұның түбі құрдым.

Ұдайы қайталап айтамын. Қазақ тіліне талап күшеймей, сұраныс артпайды. Оны көрген дала қазағы қалаға келіп, тауы шағылып, амалсыз орысша немесе ағылшынша үйретуге мәжбүр болады. Қазақ тілін меңгермей жатып, өзге тілдерде сайрап шыққандардан не қайыр, не үміт? Жапония 12-13 жасқа дейін, яғни 7-сынып­қа аяқ басқанша жапон тілін, әдебиетін, салт-санасын үйретеді. Одан кейін өзге тілдерді қосады. Француз, неміс бәрі өз тілінде оқып, жазып, дамып, әлемдік технология мен мәдениеттің көшін бастап тұр.

Біз бір нәрсені ұқпай келеміз. Қазақ тілі өзге емес, өзімізге ауадай қажет. Себебі қазақ тілінің Қазақстаннан басқа барар жері, басар тауы жоқ.

ОРТАҚ ӘЛІПБИДІҢ БЕРЕРІ МОЛ

Түркі халықтарының ортақ әліпбиінің болғандығына қалай қарайсыз?

–  Құптаймын! Кеңестер одағы тарап, 1991 жылы әр ел өз тілін мемлекеттік статуспен айқындап алды. Көрші бауыр­лас Өзбекстан, Әзербайжан, Түркменстан әлдеқашан латыншаға көшіп кетті. Ал Түркия­ның тұңғыш көсемі Ататүрік болса, 1923 жылы түрік жазуын латыншаға көшіріп, Еуропаға жақындатқаны белгілі. Түріктер өздерінің лексиконын әлдеқашан толықтырып, өмірдің бар саласында қолданады. Қазақстан егемендік алған тұста бұл тақырып жиі көтеріліп жатты. ҰҒА академигі, тіл-білімін зерттеуші академик Әбдуәли Қайдар «қазақ тілі есіктен сығалап тұрса, біздің мәз-мейрам болғанымыздан не пайда?» деген тұғын. Сонау 1994 жылдың өзінде латын әліпбиіне көшіп, түркі интеграциясына жақындай түсу мәселесін көтерген болатын. Сол кездегі мүйізі қарағайдай қазақтың зиялы қауым өкілдері, тіл, діл, дін мәселесін қалыптастыруды көздеп, діттеп, еңбектеніп жатты. Біраз шаруа жасалды да. Қазақ тілін латыншаға көшірудің ортақ емілесін таппасақ болмайды. Әр жаққа тартпай бұрынғы ХХ ғасырдың басында Алаш қайраткерлері жасаған қазақша емілені бүгінгі заман талаптарына, интернет, компьютерге лайықтап жасап шығайық. Осымен балабақша, мектеп, ЖОО білім, тәлім-тәрбие беріп, барлық салада қолданайық. Міне, осымен мәселе бітеді.

Қазақ тілі – түркі халықтарының ішіндегі араб-парсы өзге тілдерден кірме сөзі аз, ең таза, өз құнары сақталған тіл. Алтай тілдері ішіндегі түркі жұрты бой түзейтін тіл. Бір кездері Әзербайжан президенті Ильхам Алиев, Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған қазақ тілінің күллі түркіге ортақ құнарлы, нәрлі тіл екендігін айтыпты. Демек, әлемдік саясатта орны бар көшбасшылар қазақ тілі түркі тілінің бастау бұлағы екенін біліп, түйсініп отыр. Негізі қазақ тілінің көрер жарығы мол.

Түркі халықтарының ортақ әліпбиінің жасалуы өте құптарлық іс. Енді оның қолданылу аясын ойластырып, бәріне ортақ тең ету керек. Сонда Алтайдан Анадолыға дейінгі түркі жұрты бір жазуда жазып-оқып, үндесе алса, түркі халықтарының ықпалдастығының артқандығы болар еді.

Жанашырлық пен жаңашылдық көбейсе

– Сіз ғылымда қажырлы еңбек еткен лингвист-ғалымсыз. Болон жүйесімен қатар бұрынғы кандидаттық, докторлық қорғауды қайта енгізсек қайтеді?

– Әрине, құба-құп болар еді. Біздің ел 2010 жылы Болон жүйесіне асығыс-үсігіс өтті. Дәстүрлі кандидаттық, докторлық қорғау­ды жауып тастадық. Бұл қате шешім болды! Сол себепті де ғылымның жағдайы алаңдатады. Бізден басқасының барлығы үш сатылы бакалавр, магистр, PhD-мен қатар, кандидаттық, докторлық қорғауды қатар алып жүр. Екеуін бір-біріне қарсы қоймайық. Бәлкім, шетелге кеткісі келгендер сырттан қорғап келер. Бүйте берсек, нағыз ғылыммен айналысатын ғылыми кадрды жойып аламыз. Олардан жөн-жосықсыз, есеп сұратып, қыспаққа сала бергеннен түк шықпайды. Ғылым – шығармашылық ізденіс. Ғалымдарды түрлі кедергіден қорғап, әлеуметтік жағдайын жасап, пәтер беріп, жалақысын арттырып, әлеуметтік мәселесін шешу керек. Қай ұлт өз ғалымына жанашырлықпен қарайды, сол ұлт нағыз ғылым мен жаңашылдықтың өзегіне айналады.  Ғылыми кадр азайды. Ұсақ-түйек мәдени орталықтардан академияның айырмашылығы болмай қалды. Осыған қалай жаның ашымайды? Көңілде «неге» деген сұрақ көп. Ғылым саласы адамдарының бала-шағасын асыраймын, кредит-ипотеканы жабамын деп университетте, колледжде, тағы басқа мекемелерде қосымша істеп жүргендігі жанға батады. Бір тақырыпты жоба ретінде 5 жылға бекіттіріп, содан қомақты айлық алып, күнкөріске алаңдамай, ғалымдар жұмыс жасайтын күнге жетейікші. Әгәрәки, ғалым қу тіршілікті ойлап, әрі-бері шапқылап жүрсе, онда ғылымның күні қараң. Ғылым адамын мазаламайық. Қайта ғалымдардың әлеуметтік жағдайын шешіп, түрлі әкімшілік кедергілерді алып тастайық.

Бізге қазақша ойлайтын, қазақша түс көретін, қазақи менталитеттегі жас ұрпақ қажет. Қазақ елінің болашағы – қазақи азаматтардың қолында. Ал өзінің болашағын қазақпен байланыстыратын әрбір этнос Қазақстанды дамытуға үлес қосуға міндетті. Қиын-қыстау заманда қазақ өзгеге пана болды, жерұйыққа айналды. Ел мен жердің иесі, мемлекет құраушы ұлт – қазаққа қызмет қылатын кез жетті. Жаратқан ием, елімізді төтеннен келген апаттан, бәле-жаладан сақтасын! Қазағымның бірлігі мықты болып, жарқын болашағы алда болсын!

– Көп рахмет!

Әңгімелескен

Олжас ЖОЛДЫБАЙ