Мемлекеттік FORTE TRIO триосы дәстүрлі жазғы Еуропа гастрольдік сапарын қайта бастады

Мемлекеттік FORTE TRIO триосы дәстүрлі жазғы Еуропа гастрольдік сапарын қайта бастады

Қазақстан Республикасының мемлекеттік FORTE TRIO триосы дәстүрлі жазғы Еуропа гастрольдік сапарын қайта бастады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Ұжымның биылғы алғашқы концерті 2026 жылғы 17 шілдеде Францияның Кастр қаласында өткен «À Portée de Rue» XXI халықаралық классикалық музыка фестивалі аясында ұйымдастырылды. Концерт қаланың тарихи орталығындағы Нотр-Дам-де-ла-Плате шіркеуінің алдындағы ашық алаңда өтті.

Трио құрамында – Максат Жүсіпов (скрипка), Тимур Урманчеев (көркемдік жетекші, фортепиано) және Мұрат Нарбеков (виолончель). Музыканттар Петр Ильич Чайковскийдің шығармаларын, сондай-ақ қазақтың ұлттық репертуарындағы туындыларды орындады.

Фестиваль ұйымдастырушыларының айтуынша, FORTE TRIO ұсынған концерттік бағдарламада еуропалық классикалық музыка мен қазақтың ұлттық музыкалық дәстүрлері табиғи үйлесім тапқан.

«Трио көрермендерге жоғары деңгейдегі орындаушылық шеберлігін, ансамбльдік үндестіктің нәзіктігін және еуропалық классикалық дәстүрмен табиғи астасқан ұлттық нақышты паш еткен әсерлі концерт сыйлады».

«À Portée de Rue» фестивалі Кастр қаласында 2006 жылдан бері өткізіліп келеді. Оның басты мақсаты – классикалық музыканы көпшілікке жақындатып, тарихи қала орталығында ашық аспан астында тегін концерттер ұйымдастыру. Осы жылдар ішінде фестиваль Францияның оңтүстігіндегі маңызды жазғы мәдени іс-шаралардың біріне айналды.

Кастр қаласындағы концерттен кейін ұжым гастрольдік сапарын жалғастырды. 22 шілдеде FORTE TRIO Францияның Пуатье қаласында өнер көрсетіп, өз бағдарламасын жергілікті көрерменге ұсынды. Ансамбльдің Еуропадағы концерттік туры жалғасуда. Алда музыканттарды жаңа концерттер мен тыңдармандармен кездесулер күтіп тұр.