Мемлекеттік бағдарлама бойынша кезекті «жылжытамын» деген желеумен 5 азаматты алдаған

Мемлекеттік бағдарлама бойынша кезекті «жылжытамын» деген желеумен 5 азаматты алдаған

Астана қаласының криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында алаяқтық жасады деген күдікпен 32 жастағы әйелді анықтады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Тергеу барысында күдіктінің азаматтардың сеніміне кіріп, мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы бойынша кезекті алға жылжытып беруге ықпал ете алатынын айтып, заңсыз қызмет ұсынғаны белгілі болды. Осылайша ол жәбірленушілерден ақшалай қаражат алып, уәдесін орындамай, байланысын үзген.

Қазіргі уақытта оның кемінде бес алаяқтық эпизодына қатысы бары анықталды. Жәбірленушілердің бірінен күдікті 1 миллион теңге алып, жеке басының қажетіне жаратқан.

Күдіктіге қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.

Полиция азаматтарға мемлекеттік бағдарламалар бойынша тұрғын үй кезегін ешкімнің ақша арқылы өзгерте алмайтынын ескертеді. Мұндай қызметтер тек заңда белгіленген тәртіппен және уәкілетті мемлекеттік органдар арқылы жүзеге асырылады.