Машина жасаушыларды дайындайды

Машина жасаушыларды дайындайды
фото: Астана қаласының әкімдігі

Елордада машина жасау саласына мамандар дайындауда арнайы кәсіптік білім беру ісі ежелден қалыптасқан. Соның жарқын көрінісі  - тарихы 1940 жылдан басталатын Астана қаласы әкімдігінің «Техникалық колледжі». Оқу орнында техникалық білім беретін 6 бағыттың бірі - машина жасау технологиясы. Бұл бөлімде студенттер еңбек нарығына қажетті «Кең бейінді станокшы» және «Бағдарламалық басқарылатын станоктардың операторы» мамандықтары бойынша білім алып шығады.

Аталған колледждің өндірістік оқыту шебері, шеберхана меңгерушісі Дәулет Кеңесұлының айтуынша,  бөлімде оқып шыққан кең бейінді станокшы және ЧПУ операторы металл кесу станоктарында бөлшектер жасайды: құралды, өңдеу режимдерін баптайды, басқару бағдарламаларын жазады және түзетеді, заманауи жабдықта бөлшектердің дәлдігі мен сапасын бақылайды. Осы бағытта беделді кәсіпорындармен серіктестік орнатып, білімін тәжірибемен ұштастыруда материалдық-техникалық базасы жақсы дамыған колледж сонымен бірге түлектерді жұмысқа орналастыруды қамтамасыз етеді.

-Біздің басты мақсатымыз - жастарға сапалы білім мен практикалық дағды беріп, болашақта білікті техникалық мамандарды даярлау және оларды еңбек нарығында сұранысқа ие маман ретінде қалыптастыру. Сонымен қатар студенттерімізді WorldSkills чемпионаттарына дайындауға ерекше көңіл бөлеміз. Студенттер республикалық деңгейде шеберлігін көрсетіп, алдағы уақытта әлемдік деңгейде чемпионаттарға қатысу мүмкіндігін алады. Бұл жастардың кәсіби дамуына және колледждің техникалық білім берудегі үлесін арттыруға септік етеді, - дейді ол.

Осындай  бәсекеге қабілетті мамандар даярлайтын жетекші оқу орны студенттері мен ұжым үшін Машина жасаушылар күнінің маңызы зор.  

-Бұл күн - өндірістік салада еңбек етіп жүрген мамандардың кәсіби еңбегін бағалайтын маңызды мереке. Себебі машина жасау - еліміздің индустриялық дамуы үшін аса қажет салалардың бірі. Мұндай атаулы күндер арқылы жас ұрпаққа техникалық мамандықтардың маңызы тереңірек түсіндіріліп, кәсіптік мамандық иелеріне деген құрметті арттыруға мүмкіндік артады,- дейді Д. Кеңесұлы.

Қазіргі таңда машина жасау саласы заманауи технологиялармен бірге қарқынды дамуда. Соған сай колледждегі білім беру бағдарламалары да жаңа технологиялармен жұмыс істеуге негізделіп, жетілдіріліп отырады.  

Райхан Рахметова