Мас күйде рөлге отырған жүргізушілер жауапқа тартылды

Мас күйде рөлге отырған жүргізушілер жауапқа тартылды
фото: polisia.kz

Елордада мас күйде рөлге отырған жүргізушілер жауапқа тартылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап. 

Астана қаласында полицейлер демалыс күндері жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында күшейтілген режимде қызмет атқарды. Рейдтік-профилактикалық іс-шаралар барысында көлік құралын мас күйінде басқарған 48 жүргізуші анықталды. Құқық бұзушылардың барлығына қатысты қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданды. Солардың бірі – Сарыарқа даңғылында Mercedes-Benz 200 автокөлігін басқарған 43 жастағы жүргізуші. Тексеру барысында оның мас күйінде көлік басқарғаны анықталды. Тағы бір факт Соқпақбаев көшесінде тіркелді.

Мұнда патрульдік полиция қызметкерлері Changan маркалы автокөлікті басқарған 51 жастағы жүргізушіні анықтады. Медициналық куәландыру оның мас күйінде болғанын көрсетті. Аталған фактілер бойынша жүргізушілерге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды. Сонымен қатар жол жүрісі қағидаларының талаптарын бұзғаны үшін тиісті шаралар қабылданды. Құқық бұзушылық жасаған көлік құралдары коммуналдық мамандандырылған тұраққа орналастырылды. Полиция мас күйінде көлік басқару – жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіретінін ескертеді. Жүргізушілерді жауапкершілік танытып, алкогольдік ішімдік ішкеннен кейін көлік тізгініне отырмауға шақырады.