Мас күйде көлік тізгіндеген әйел ұсталды

Мас күйде көлік тізгіндеген әйел ұсталды
фото: polisia.kz

Елордада рөлге мас күйінде отырған әйел ұсталды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Астанада көлікті алкогольдік масаң күйде басқару фактілерін анықтау және жолын кесу бойынша жұмыстар жалғасуда. Өткен демалыс күндері ғана полиция қызметкерлері мас күйінде көлік басқарған 26 жүргізушіні анықтады. Осындай фактілердің бірін патрульдік полиция полкінің қызметкерлері таңғы сағат 5:00 шамасында Қорғалжын тасжолында анықтады. Полицейлер Chery автокөлігін тоқтатқан. Оның тізгінінде елорданың 43 жастағы тұрғыны болған.

Тексеру барысында әйел адамның алкогольдік масаң күйде көлік басқарғаны анықталды. Ол қонақтан мерекелік отырыстан қайтып келе жатқан. Құқық бұзушыға Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 608-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Сот шешімімен әйел адам 7 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айырылды. Астана қаласының полиция департаменті мас күйіндегі жүргізушілерді анықтауға бағытталған профилактикалық және рейдтік жұмыстарды жалғастыруда. Полиция азаматтарды алкоголь ішкеннен кейін көлік жүргізбеуге және өзгелердің де мас күйінде рөлге отыруына жол бермеуге шақырады. Мас күйінде көлік басқару жүргізушінің өзіне және жол қозғалысының басқа да қатысушыларының өмірі мен денсаулығына үлкен қауіп төндіреді. Мұндай құқық бұзушылық Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қатаң жауапкершілікке әкеп соғады.