Президенттің биылғы Жолдауында технологиялық сала үшін негізгі идеялардың бірі ретінде халыққа бағытталған цифрлық экономика тұжырымдамасы ұсынылды. Мемлекет басшысы бұл ұғымды Жолдаудың жеке бағыты ретінде айқындады. Қ. Тоқаевтың жолдауына пікір білдірген Астана қаласы қоғамдық кеңесінің мүшесі, ІТ-сарапшы Мейірбек Мұқатовтың айтуынша, бүгінде біз цифрлық қызметтерге қолжетімділікті қамтамасыз ету кезеңінен азаматтардың цифрлық мүмкіндіктерін кеңейту кезеңіне қадам басып отырмыз, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
-Мемлекет басшысы интернет тек бос уақытты өткізу мен ойын-сауық алаңы болып қалмауы керектігін атап өтті. Ол адамның қалада немесе ауылдық жерде тұратынына қарамастан, табыс табуына мүмкіндік беретін ортаға айналуы тиіс. Қазірдің өзінде миллиондаған қазақстандық такси, жеткізу және қаржылық технологиялар (финтех) сервистерін пайдаланады. Бұл бағыттарда Қазақстан көптеген озық елдерден алға шықты. Ендігі міндет – осы тәжірибені барлық өңірде кеңінен енгізу. Сонда технологиялар азаматтарға тек қолайлылық қана емес, нақты табыс табу мүмкіндігін де ұсынады, - дейді сарапшы.
Халыққа бағытталған цифрлық экономиканың негізі – инфрақұрылым. Инфрақұрылымды жаңғырту жоспары қалаларды дамытуға қатысты маңызды бағдар береді. Енді жолдар мен инженерлік желілерді ғана емес, цифрлық сервистерді, датчиктерді, интеллектуалды камераларды және қаланы басқаруға арналған жасанды интеллект модульдерін де дамыту қажет. Жаңа нысандарды жобалау кезінде роботтар мен автономды көлік құралдарын пайдалануға арналған мүмкіндіктерді бастапқы кезеңнен ескеру маңызды. Бұған Toyota компаниясының Жапониядағы Woven City жобасын мысал ретінде келтіруге болады. Бұл өзгерістердің берік негізі энергетика саласы болмақ.
-Мемлекет басшысы уранның стратегиялық резервтерін қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті. Қазақстан – әлемдегі уран өндіруші жетекші ел. Ал экологиялық тұрғыдан таза энергия көзі ретінде қарастырылатын атом энергетикасы деректерді өңдеу орталықтарын құру мен жасанды интеллектіні дамыту үшін маңызды энергетикалық негізге айналып келеді. Президент қуатты қалалар мен дамыған өңірлер қалыптастыру қажеттігіне ерекше назар аударды. Қазіргі таңда азаматтар маркетплейстерді кеңінен пайдаланып, навигациялық жүйелер мен түрлі цифрлық сервистерге күнделікті жүгінеді. Сондықтан қалалық инфрақұрылым мен оған қатысты деректер азаматтардың қажеттіліктеріне барынша қызмет етуі керек. Мемлекеттік органдар деректерді қолжетімсіз етіп, олардың айналасына кедергілер құрмауы тиіс, - дейді М. Мұқатов.
Спикер ашық деректер азаматтардың жолдағы қауіпсіздігі мен қолайлылығын арттыруға бағытталуы қажеттігін атап өтті. Ал жасанды интеллект жол жүру кезінде маңызды ақпаратты алдын ала ескертіп, жол қозғалысы қағидаларын сақтауға көмектесуі тиіс. Қазіргі жағдайда деректер мен технологияларды жабық ұстау емес, оларды қоғам игілігіне ұсыну тиімді нәтиже береді. Цифрлық экономиканы шын мәнінде халыққа бағытталған жүйеге айналдыру үшін мемлекеттік аппараттың үйлесімді жұмысы қажет.
-Президенттің өткен жылғы мемлекеттік органдар қызметіне қатысты сындарлы бағасы маңызды. Ол мәселелерді жұмсартып көрсетпей, цифрландыру саласында әзірге нақты істерден гөрі сөздің басым екенін ашық мойындады. Орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың жұмысында жауапкершілікті бір-біріне ысыруға жол берілмеуі керек. Тіпті жеке қаражат есебінен инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған жобалардың өзі мыңдаған келісу рәсімдерінің салдарынан тоқтап қалмауы тиіс, - деп пікір білдірлі спикер.
Оның айтуынша, бюджет тапшылығы жағдайында жеке сектормен ынтымақтастық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстарын жеделдетуге және мемлекеттік бюджетке түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Технологиялық сала мемлекетпен сенімді әріптестік орнатуға және әрбір азаматқа цифрлық мүмкіндіктер қолжетімді болатын экономиканы қалыптастыруға үлес қосуға дайын.