Мемлекет басшысының 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап микро және шағын бизнесті тексеруге үш жылдық мораторий енгізу мүмкіндігін қарастыру туралы ұсынысын маңызды бастама деп санаймын.
Шағын және орта бизнес – ел экономикасының маңызды тірегі. Оның дамуы жаңа жұмыс орындарының ашылуына, халықтың табысының артуына және экономиканың нығаюына тікелей әсер етеді. Сондықтан кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасап, олардың өз ісін еркін дамытуына мүмкіндік беру қажет.
Бұған дейінгі мораторийдің оң және теріс жақтарын жан-жақты саралап, тиімді тұстарын сақтап, кемшіліктерін ескерген жөн. Кәсіпкерлерге түсетін артық әкімшілік жүктемені азайту олардың жұмысын тұрақтандыруға және бизнесті дамытуға көбірек көңіл бөлуіне мүмкіндік береді.
Сонымен қатар шағын бизнесті қолдаумен қатар, орта бизнестің дамуына да ерекше назар аудару маңызды. Кәсіпорындарды кеңейтуге, жаңа технологияларды енгізуге және өндірісті дамытуға жағдай жасалса, еліміздің экономикалық мүмкіндіктері де арта түседі.
2027 жылдан бастап мораторий енгізу мәселесін талқылау барысында кәсіпкерлердің ұсыныстары ескеріліп, бұрынғы тәжірибенің нәтижелері негізінде тиімді шешім қабылданады деп ойлаймын. Ең бастысы, кәсіпкерлерге тұрақты жағдай жасап, олардың өз ісін дамытуына және ел игілігіне үлес қосуына мүмкіндік беруіміз керек.
Кәсіпкерлікке қолдау көрсету - экономиканы дамыту ғана емес, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды қадам.
Мадина Әжікенова,
қоғам белсендісі,
Астана қаласы мәслихатының 8-ші шақырылым депутаты