Жаз – шомылу маусымы. Қарапайым тұрғындар қаланың айналасынан шомылатын жер іздейді. Осы кезеңде судағы қауіпсіздік мәселесі бірінші орынға шығады. Төтенше жағдайлар қызметінің құтқарушылары да үзіліссіз жұмыс істейтін мазасыз шақ. Қала тұрғындары мен қонақтары шомылуға рұқсат берілген 5 орын бар екенін де қаперге ала бермейді. Сол себептен құтқарушылар мен полицейлер өзен жағалауын күзетіп, халыққа қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды ескертеді.
Бас қалада шомылу маусымы басталғалы су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету іс-шаралары күшейтілді. Қазіргі таңда елорда аумағында шомылуға рұқсат етілген 5 орын бар. Оның 2-уі – коммуналдық және қалалық жағажай, қалған 3-еуі – жеке жағажай. Бұл туралы су айдындарында жүргізілген рейд барысында Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті (ТЖД) бастығының орынбасары Әрлен Бүркітбай мәлімдеді.
Оның айтуынша, су айдындарында күн сайын 20 қызметкер мен 6 катер кезекшілік атқарады. Құтқарушылар таңғы сағат 07:00-ден кешкі 21:00-ге дейін патрульдік бақылау жүргізеді. Сонымен қатар жағалау бойында жаяу патрульдер жұмыс істеп, демалушыларға қауіпсіздік ережелерін түсіндіреді.
Рейд барысында ТЖД Жедел құтқару жасағының құтқарушысы Мейіржан Есенбеков те судағы қауіпсіздік іс-шаралары туралы қосымша ақпарат берді. Оның айтуынша, құтқарушылар балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударады. Ал мас күйінде суға түсуге әрекеттенген азаматтар жағалаудан оқшауланып, оларға түсіндіру жұмысы жүргізіледі.
Қауіпсіздікті күшейту мақсатында жағажайларда бейнебақылау камералары орнатылып, ескерту белгілері қойылған. Соған қарамастан, шомылу маусымы басталғалы елордада суда екі қайғылы оқиға тіркелген. Екі жағдай да бір күнде орын алып, жасөспірімдердің өліміне әкелген.
«Есіл өзенінің тереңдігі 6,5 метрді құрайды. Сондықтан рұқсат етілмеген жерлерде суға түсу өте қауіпті» деді Астана қаласы ТЖД бастығының орынбасары Әрлен Бүркітбай.
Судағы қауіпсіздік талаптарын бұзған азаматтарға Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 412-бабына сәйкес 7 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Қоғамдық тәртіпті бұзып, алкогольдік ішімдік ішкендерге де полиция тарапынан тиісті шаралар қолданылады.
Құтқарушылар қала тұрғындары мен қонақтарын балаларды қараусыз қалдырмауға, тек рұқсат етілген орындарда шомылуға және қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады.
Аружан ЕСЕНГЕЛДІ