Астанадағы Достық үйінде ҚР Жазушылар одағының мүшесі, ақын, әуесқой фотограф Асантемір Қаршығаұлының «Көздегі кітап» атты фотокөрмесі өтті.
Көрмеде отызға тарта сурет сап түзеді. Мұнда елордадағы ел ағаларының портреттері қойылған. Қойшығара Салғараұлынан бастап, жастардың жеке суреттері ақынның көзімен берілген.
Көрмеге қойылған портреттерге үңілген адам бір ғана адамның бейнесін емес, дәуірдің өзін көргендей әсер алады. Өйткені фотосурет – уақытты тоқтатып қана қоймай, сол уақыттағы адамның болмысын, қоғамның тынысын, ұрпақтың келбетін сақтап қалатын ерекше өнер. Бір қарағанда қарапайым портрет болып көрінгенімен, оның ар жағында белгілі бір кезеңнің тарихы, адамның жүріп өткен жолы мен өмірлік тәжірибесі тұрады.

Асантемір Қаршығаұлы үшін де фотоаппарат – тек бейне түсіретін құрал емес, адамдарды танудың, олардың ішкі әлеміне үңілудің бір тәсілі. Ақындық пен фотографиялық көзқарастың тоғысуы көрмедегі жұмыстардан анық байқалады. Автор кейіпкерлерін ресми қалыпта ғана көрсетпей, олардың мінезін, жан дүниесін, өзіндік болмысын бір сәттік кадр арқылы жеткізуге ұмтылған.
– Бұл – мен үшін ерекше кеш. Өйткені фотоаппарат арқылы көрген адамдарымды ғана емес, жүрегім арқылы сезінген адамдарымды суретке түсіріп, осы көрмеде көрсеткім келді. Мына жерде тұрған 27 портрет – 27 адамның бейнесі ғана емес. Әр суреттің артында бір тағдыр, бір мінез, бір әңгіме бар. Шынын айту керек әуесқой фотограф ретінде сол сәтті сақтауға тырыстым. Шара соңында әр тұлғаға өз портреттерін сыйға тарттым, – дейді Асантемір Қаршығаұлы.
Фотографтың бұл сөзі көрменің негізгі идеясын да аңғартады. Мұндағы әрбір сурет – белгілі бір адамның бүгінгі бейнесі ғана емес, ертеңгі ұрпақ үшін қалатын естелік. Бүгін көз алдымызда жүрген адамдардың келбеті уақыт өте келе тарихи дерекке айналуы мүмкін. Ал сол деректің ең әсерлі түрлерінің бірі – адамның өз бейнесі.
Көрмеге қатысушылардың бірі бұл бастаманың құндылығын уақытпен байланыстырады.
«Меніңше, мұндай көрменің ерекшелігі – адамның бүгінгі бейнесін ертеңгі тарихқа айналдыра алуында. Біз кейде қасымызда жүрген адамдардың қадірін уақыт өте келе түсінеміз. Ал олардың суреті сол кезеңді көз алдымызда сақтап қалады. Әсіресе әр дәуірдің адамдарын бір кеңістікте көрсетуі қызықты. Бұл – белгілі бір деңгейде фотошежіре. Қазір біз үшін қалыпты көрінетін адамдардың бейнесі бірнеше жылдан кейін сол заманның белгісіне айналуы мүмкін. Сондықтан осындай дүниелердің жасалуы өте маңызды деп ойлаймын», – дейді ақын Бауыржан Бабажанұлы.
Шын мәнінде, фотосуретті тарихи жадыны сақтайтын құрал ретінде пайдалану әлемдік тәжірибеде бұрыннан бар. Мысалы, АҚШ Ұлттық өнер галереясында портреттік фотографияның жүз жылдық тарихын қамтыған «The Serial Portrait» көрмесінде бір адамның бейнесін әр кезеңде түсіру арқылы уақыттың адамға әсері көрсетілген. Ал Wellcome Collection жобаларында бірнеше буын өкілдерін бір кадрға жинап, олардың жүзіндегі уақыт пен ұрпақ сабақтастығын бейнелейтін «Generation portraits» сериялары ұсынылған. Бұл мысалдар фотосуреттің көркемдік дүние ғана емес, тарихи әрі мәдени жадының бір бөлігі екенін көрсетеді. Себебі жазба дерек белгілі бір оқиғаны баяндаса, фотосурет сол кезеңнің адамын көз алдымызға әкеледі. Адамның жүзіндегі күлкі, жанарындағы ой, киімі, отырған ортасы, тіпті суретке түскен сәттегі қалпының өзі сол дәуір туралы үнсіз ақпарат береді. Осы тұрғыдан алғанда, «Көздегі кітап» атауының өзі де терең мағынаға ие. Кітаптағы әрбір бет белгілі бір оқиғаны баяндайтыны секілді, көрмедегі әр портреттің де өз тарихы бар. Көрмедегі 27 портреттің әрқайсысы уақыттың бір бөлшегін сақтап тұр.