Көші-қон заңнамасын сақтау бойынша рейд күшейтілді

Көші-қон заңнамасын сақтау бойынша рейд күшейтілді
фото: Ішкі істер министрлігі

Астанада қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және жолын кесуге бағытталған республикалық "Құқықтық тәртіп" жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасып жатыр, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

     Полиция қызметкерлері 500-ден астам түрлі құқық бұзушылықты анықтады. Олардың ішінде ең көп кездесетіндері — көші-қон заңнамасы талаптарын, жол қозғалысы ережелерін, қоғамдық тәртіпті, абаттандыру қағидаларын сақтамау, сондай-ақ қоғамдық орындарды ластау және басқа да құқық бұзушылықтар.

     Атап айтқанда, тіркеусіз немесе жеке басын куәландыратын құжаттарсыз тұрып жатқан азаматтарға қатысты 200-ден астам факт анықталды. 80-нен астам адам қоғамдық орындарда мас күйінде болған. 60-қа жуық факт кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта тұрғын үйден тыс жерде болуына байланысты тіркелді. Сонымен қатар жаяу жүргіншілерге жол бермеуге байланысты 50-ге жуық жол қозғалысы ережесін бұзу фактісі анықталды.

     Алкоголь өнімдерін өткізу саласындағы заңнама талаптарының сақталуына да ерекше назар аударылды. Осы бағытта 7 құқық бұзушылық тіркелді. Мәселен, Сарыарқа ауданында полиция қызметкерлері азық-түлік дүкендерінің бірінде 21 жасқа толмаған адамға алкоголь өнімін сату фактісінің жолын кесті. Сауда нысанының иесі заң аясында жауапқа тартылды.