Кітапхананың үздік оқырман отбасы анықталды

Кітапхананың үздік оқырман отбасы анықталды
фото: №15 көпшілік кітапхана

Астана қаласы әкімдігінің Орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты №15 көпшілік кітапхананың ұйымдастыруымен «Кітап оқитын ұлт» ұлттық жобасы аясында «Үздік оқырман отбасы» атты отбасылық сайыстың ақтық кезеңі өтті.

Іс-шараның мақсаты – Мемлекет басшысының «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығындағы міндеттер мен мақсаттарды іске асыру, Астанадағы отбасылар арасында кітап оқу құндылығын насихаттау, ата-ана мен бала арасындағы рухани-интеллектуалды байланысты тереңдету, оқырман белсенділігін арттыру, зерделі ұрпақ тәрбиелеу.

Сайыс 2 кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде аталмыш кітапханаға тұрақты түрде келіп, тығыз байланыста жүрген және отбасы болып көбірек кітап оқып, көзге түскен отбасылар арасында іріктеу жарысы өткізілді. 15 отбасының ішінен үздік шыққан 2 отбасы ақтық сайысқа жолдама алды.

4 кезеңнен тұрған ақтық сайыста қатысушылар кітап оқитын отбасы ретінде өзін креативті түрде таныстырды. Берілген сұрақтарға жауап берді. Белгілі бір ертегі кейіпкеріне сипаттама берді, ұсынылған мақалдың жалғасын айтты.  

Сайыс қорытындысында Рахметолла отбасы жеңімпаз атанды. Осы отбасындағы әже Оңласын Өмірзақова - биыл сексеннің сеңгіріне шыққан ұлағатты ұстаз, білім саласында 55 жыл еңбектенген мұғалім. Оңласын Уәлиқызы ұлғайған жасына қарамай, әлі күнге дейін кітап, газет-журнал оқиды.

Шаңырақ иесі Ернат Рахметолла «24 КЗ» телеарнасының тілшісі, ағылшын тілінің маманы, велошабандоз, велошеру өткізуден Қазақстанның 3 дүркін рекордшысы, Қазақстаннан Түркияға белесебетпен барған. Былтыр Абайдың туғанына 180 жыл толуына орай АҚШ-та алғаш рет «Абай велошеруін» өткізді. «Ағылшынша тіл сындыру» және «Толық адам» жобасының авторы, Ұлттық академиялық кітапхана жанындағы «Әке мен бала» клубының модераторы. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы BINOM school мектеп-лицейіндегі «Асқар тау» әкелер кеңесінің төрағасы.

Оның жұбайы Фариза Сембайқызы «City» қалалық емхананың медбикесі, нутрицолог, кітапқұмар жан.

Шаңырақтың кішкентайлары Қасым Ернатұлы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы BINOM school мектеп-лицейінің 3 «А» сыныбының оқушысы. Тоғызқұмалақтан Қазақстан Республикасының 2 дүркін чемпионы, спорт шеберлігіне үміткер. Таеквондодан сары белбеу иегері. BINOM мектептері арасындағы жазғы демалыста кітап оқу сайысының жеңімпазы.

Бадрисафа Ернатқызы болса, 3 жаста, №69 «Еркемай» балабақшасының тәрбиеленушісі. Әріп танымаса да, сүйікті кітаптары бар. Суретіне қарап барлық берілген сөздерді жаттап алған.

Аманғали Қалжанов