Кішкентай бағбандарды еңбекке баулыды

Кішкентай бағбандарды еңбекке баулыды
фото: Астана қаласының әкімдігі

Астанада №61 «Шолпан» балабақшасында мектепке дейінгі жастағы тәрбиеленушілерді еңбекке баулу, табиғатты қорғауға үйрету және экологиялық мәдениетін қалыптастыру мақсатында «Кішкентай бағбандар» атты жылыжай өнімдерін жинау іс-шарасы өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Іс-шара барысында бүлдіршіндер жаз айларында өз қолдарымен күтіп-баптаған жылыжайдағы көкөністердің өнімін жинауға қатысты. Балалар өсімдіктердің қалай өсіп, өнім беретінін өз тәжірибелері арқылы көріп, еңбектің нәтижесін сезінді. Әр бала өз еңбегінің жемісін жинап, қуанышын тәрбиешілерімен және достарымен бөлісті.

Шараның танымдық бөлімінде тәрбиешілер балаларға өсімдіктердің өсу кезеңдері, оларды суару, күтіп-баптау және өсімдіктердің адам өміріндегі пайдасы туралы түсінік берді. Балалар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, өсімдіктерге ұқыпты қараудың маңызын талқылады.


«Біздің ойымызша, осындай тәжірибелік жобалар мектепке дейінгі жастағы балалардың бойында еңбекқорлық, жауапкершілік, ұқыптылық және табиғатқа деген сүйіспеншілік сияқты маңызды қасиеттерді қалыптастыруға ықпал етеді. Баланың өз қолымен өсірген өнімін жинауы – оның еңбегінің нәтижесін көруге мүмкіндік беретін тәрбиелік мәні зор тәжірибе», деді Ecolab жобасының балабақшадағы жүзеге асуына жауапты тәрбиеші Гүлнара Ешкенова.