Кенептегі бас қала келбеті

Кенептегі бас қала келбеті

Елордадағы Тұңғыш Президент музейінде белгілі қылқалам шебері, Қазақстан Суретшілер және Дизайнерлер одақтарының мүшесі Бақытнұр Бүрдесбековтің «Кенептегі қала» көрмесі өтіп жатыр.

Аталмыш көрме Астананың көркем келбеті туралы сыр шертеді. Яғни, мұнда ұсынылған әр туынды елордамен тікелей байланыс­ты. Ерекше атап өтерлігі, суретші бұрынғы «Думан», қазіргі Ailand ойын-

сауық орталығын, «АЛЖИР» саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарына арналған мемориалдық мұражай-кешенін, «Қазақ елі» монументін көркемдеу­ге қатысты. Қылқалам шеберінің бас қаламен байланысы да Ақмола кезінен басталды. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ашылғанда, ол осы оқу орнының «Дизайн» кафедрасына арнайы шақыртумен келді. Содан бері Астананы картиналарында бейнелеп, айтуылы нысандардың көркемделуіне атсалысып келе жатыр.

Бақытнұр Байқанұлы ақиық ақын Мұқағали Мақатаевпен бір топырақта,  Қарасаз ауылында дүниеге келді. Суретшінің туындыларынан да поэзия тілі байқалады.

«Картиналарынан Бақытнұрдың тәлім алған жері Қарасаздың емін де, демін де, сазын да, бәрін көз алдарыңызға елестетуге болады. Мұқағалидай ақынды берген жер Бакытнұрдай өнердегі өз ісінің шеберін тудырып отыр. Адамның көп дүниетанымы табиғаттан басталады. Табиғатты бойына, қанына сіңіріп өскен адам классикалық өнерге  академиялық білім алып өзін-өзі толықтыра жүріп осындай  деңгейге жетті. Ұлттық музейді керемет картинаға түсірген де – Бақытнұр. Астанадағы елге елеулі үлкен жобаларға қатысып жүр. Мұның барлығы да өзінің елге деген патриотттық  сезімі, елге деген сүйіспеншілігі және өнерге деген  адалдығы деп ойлаймын. Бақытнұр деген атау қазақ бейнелеу өнерінде өзінің орнын алған, өзіндік қолтаңбасы бар, мойындалған есім» деген де еді ілгерідегі көрмелердің бірінде белгілі қоғам қайраткері Дархан Мыңбай.

Ал «Кенептегі қала» көрмесіне қойылған картиналарда Астананың көркі, мінезі мен қайталанбас келбеті автордың ерекше көркемдік көзқарасы арқылы бейнеленген. Жалпы бұған дейін суретшінің көрмелері еліміздің қалалары мен алыс-жақын шетелдерде өтіп, жоғары бағасын алды. Атап айтқанда, Нью-Йоркте өткен халықаралық «Арт-экспо 2011» байқауында үш аталым бойынша алтын медальді иеленді. Тұңғыш Президент музейіндегі көрмені 10 қыркүйекке дейін тамашалауға болады.