Астана қаласындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы мекемесі ардагерлер мен зейнеткерлер үшін рухани демалыс пен саламатты өмір салтын ұстанудың мекеніне айналды.
Біз барған Р.Қошқарбаев, 29/1 мекенжайында орналасқан орталықта қызу жұмыс жүріп жатыр. Бір бөлмеде, негізінен, ер адамдар шахмат, ұлттық «Тоғызқұмалақ» ойнап отыр, екінші бөлмеде тіл үйреніп жатқандарды көрдік. Мұнда жас еріктілер (волонтерлер) қызмет алушыларды сандық сауаттылыққа үйретеді, компьютерлік курс та бар екен. Өтіп бара жатқанымызда есігі жабық бөлмеден шырқалған ән естіліп жатты, онда вокал мен хор тобының сабағы өтуде.
Жаттығулардың түр-түрі бар: йога, Айкуне, Цигун, би түрлері, скандинавиялық жүріс. Осылардың бәрі зейнеткерлерге көрсетіліп жатқан қамқорлық деп ұқтық.
Үйде қол қусырып, ерігіп отырғанша, орталыққа барып, көңіл көтеріп, өзіңе ұнайтын жаттығуларды елмен бірге жасап, физиологиялық релаксация кабинетінен массаж алып, дем алып қайтқанға не жетсін?!
Мұндай орталықтар Астана қаласының барлық аудандарында (Алматы, Сарыарқа, Есіл, Байқоңыр, Нұра, Сарайшық) ашылыпты. Алматы ауданындағы орталықтың жұмыс жасай бастағанына да біршама уақыт болыпты.
Орталықтың басшысы Нұргүл Талғатқызы: «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығы – бұл еліміздегі қадірлі зейнеткерлер мен егде жастағы азаматтардың бос уақытын өте тиімді, қызықты әрі денсаулыққа пайдалы өткізуіне арналған заманауи әлеуметтік кеңістік. Мекемеміздің басты мұраты – қарттарымыздың қоғамдық белсенді өмірге араласуын жан-жақты қолдау, олардың денсаулығын жақсарту және ең бастысы, үлкен кісілерді рухани жалғыздықтан арылту.
Бұл мекен жай ғана уақыт өткізу орны емес, бұл – аға буын өкілдерінің екінші тынысын ашатын, жаңа достар табатын және өздерін қоғамға қажетті сезінетін жылы ұясы. Орталықтағы барлық үйірмелер мен қызметтер зейнеткерлер үшін толықтай тегін жүзеге асырылады, – деп сөзін көтеріңкі көңіл-күймен жеткізіп, басты мақсатын айқын танытты...
Бізді қатты қызықтырған – арт-терапия тобы. Жетекшісі Қожахметова Айгүл Еркінқызы қасына жиналған бір топ зейнеткерлермен қызу әңгіме құрып отыр. Олардың алдарында нағыз өнер туындылары туындап жатыр. Бірі тоқыма тоқыса, бірі сурет салып жатыр. Біз олармен қызу әңгіме құрып кеттік. Мұнда қалай келдіңіздер дегенімізде, тоқыма тоқып отырған әйел Разиға Дюзкенева:
– Қалай келді деуге себеп жеткілікті. О баста үйдің маңында, далада жалғыз өзім жаттығулар жасап жүретінмін. Осы орталыққа келгелі, көңілім көтеріңкі. Өзім сияқты құрбылар таптым. Күнде осында кездескенде әңгімелесіп, сыр шертісіп қаламыз. Жаттығуларға да, биге де және осы топқа да қуана келемін. Қолөнермен шұғылдануға икемім де бар екен. Мен бұрын мектепте мұғалім болғанмын. Ал мұнда өз қолыммен қуыршақ жасауды үйреніп, немерелерімді қуантып жүрмін, – деді.
Бұдан кейін Абдрахманова Майраш:
– Мені мұнда келінім алып келді. Бұрын ауылшаруашылық саласында еңбек еткенмін. Қазір маған сурет салу, тоқыма тоқу қатты ұнайды, – деп ағынан жарылды.
Бұрыш жақта шұлық тоқып отырған Сералиева Жаңыл:
– Маған көршілермен құр аулада отырып әңгіме құрғаннан, осында келген ұнайды. Тіпті ауырғанымызды да ұмытып кететін сияқтымыз. Бір әдемі нәрсені жасап, біреуге сыйға тартсаң да, сатсаң да болады. Бұл жерден көп әсер аламыз. Көп нәрсеге үйренеміз. Жас кезде қолымыз тимеді, енді, міне, мүмкіндік бар, бос уақыт жеткілікті. Осындай орталықтың барына қатты ризамыз. Бұл да бір қарияларға жасалған қамқорлық деп білеміз. Бұған қоса бәрі тегін. Бұл біздің өмірімізді ұзартады деп сенеміз. Бұған қоса Айкуне жаттығу тобына барып жүрмін. Қолым қатты ауырушы еді, қазір аздап тәуір. Бұған қуаныштымын.
Осылай, біраз адаммен танысып, көп әңгіме естіген соң, кең бөлмеде тұрған диванға барып жайғастым. Қасымда өте бір әдемі, жүзінде жылылық байқалатын адам отырды. Бос отырмайын деп, танысып едім, ол кісі бұрын совхозда тұрып, зоотехник болып еңбек еткен екен. Астанаға көшіп келгеніне біршама уақыт болыпты. Өзі сияқты кісілерден естіп, осында келіп жүрсе керек.
Есімі Аманшина Рахима екен, құрдас болып шықты. Ол таяуда ғана орталықтың шақыруымен Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрынан «Жұт» спектаклін көргенін айтып, өз ойымен бөлісті. Актерлердің ойыны, оқиға желісі керемет әсер қалдырыпты. Тарихи дүние болғандықтан, қазақ халқының басынан кешкен сонау жылдардағы қиыншылықты сахнадан көріп, үлкен әсер алса керек.
Қасымызға көңілдері көтеріңкі үш адам келіп жайғасты. Өзара қызу әңгіме құрып отыр. Құлақ түріп тыңдасам, сөздерінің бәрі ән туралы. Таныса келсек, бұлар «Әдемі» вокалдық тобының мүшелері болып шықты.
«Әдемі» вокал тобының мүшелері Арымбаева Алтын, Дүкесова Роза, Танатарова Марсия есімді арулар әңгіме барысында былай деді:
– Алғаш орталық ашылғанда біздер би үйренуге келіп, сонда басымыз қосылды. Бірде біздер жиналып табиғат аясына серуенге шыққанымызда бәріміз бірігіп, ән айттық. Осыдан кейін әңгімеміз ән туралы болды және біздер ән айтқанды ұнататынымыз анықталды. Содан біздер өзіміздің тобымызды құрмақ болып шешім қабылдадық. Бұл күндері біздің тобымызда отызға жуық адам бар. Әнді жақсы көретіндіктен, бар жан-тәнімізбен тобымыздың мерейін көтеру үшін еңбек етіп жатырмыз.
Олардың бірі – инженер, бірі ұстаз екен. Соған қарамастан бұл кісілердің басын қосқан әнге деген құштарлық.
Бұл топтағылар тек қана ән шырқаумен ғана шектелмейді, біршама көріністер де қойып жүрген көрінеді. Таяуда «Біржан – Сара» ариясынан үзінді көрсетсе керек. Тақырыптық қойылым да баршылық.
Бұл орталықтан күніне қаншама зейнеткер өздеріне қажеттерін алып, жақсы көңіл күймен келіп-кетіп жүр. Кіммен сөйлессең де, барлығының айтатыны – тек ризашылық сезім.
Орталықтың ұжымына, осы орталықты ашқан азаматтарға және үкіметіміздің осындай қамқорлығына барлық зейнеткерлер атынан алғыс айтып, сүйікті орталығымызда өзіміз сияқты құрметті демалыста жүрген жандармен тоғысып, әңгімелесіп, сырласып жүрміз. Жақсы көңіл-күйдің жанға қуат берері сөзсіз.
Баянды ӘЛПИ,
Алматы ауданы Ардагерлер кеңесі медиатобының жетекшісі