Тель-Авивте Қазақстан Республикасы Курултайы депутаттарының сайлауы қарсаңында Қазақстанның Израильдегі Елшілігінде израильдік БАҚ, сарапшылық және академиялық қоғамдастық өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Кездесу барысында Қазақстанның Израильдегі Елшісі Дәулет Ембердиев 2026 жылғы 1 шілдеде күшіне енген жаңа Конституцияның негізгі ережелері мен мемлекеттік басқару жүйесі және елдің саяси құрылымындағы негізгі өзгерістерді таныстырды.
Израильдік сарапшылар Қазақстанда жүргізіліп жатқан өзгерістердің ауқымы мен прагматикалық сипатын атап өтіп, оларды практикалық тұрғыда іске асырудың маңыздылығына назар аударды. Орталық Азия бойынша саяси сарапшы Аркадий Дубнов конституциялық реформаның уақтылы жүргізіліп отырғанын атап өтіп, Қазақстанның прагматикалық сыртқы саяси бағытына оң баға берді. ICES халықаралық сараптамалық орталығының президенті Александр Цинкер жаңа модельдің саяси тұрақтылық пен тиімді президенттік басқаруды сақтай отырып, мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға ұмтылысты көрсететінін атап өтті.
Стратегиялық коммуникациялар жөніндегі сарапшы Айелет Фриш жүргізіліп жатқан реформалар Қазақстан-Израиль ынтымақтастығын, оның ішінде технологиялар мен инновациялар салаларында одан әрі дамытуға ықпал ететініне үміт білдірді. Diplomacy.co.il атқарушы директоры әрі журналист Сильвия Голан өз жарияланымында Қазақстандағы саяси және институционалдық өзгерістерге жоғары баға берді. Холон технологиялық институтының президенті, профессор Эдуард Якубов жоғары технологиялық білім беру, жасанды интеллект, киберқауіпсіздік және цифрлық технологиялар салаларындағы өзара іс-қимылды кеңейтудің перспективаларын атап өтті.
Кездесу барысында Қазақстан мен Израиль арасындағы тарихи және гуманитарлық байланыстар, сондай-ақ саяси, экономикалық, білім беру, технологиялық және гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту перспективалары талқыланды.
Іс-шара израильдік қоғамды Қазақстандағы саяси және әлеуметтік-экономикалық процестер туралы ақпараттандыруға, сондай-ақ екі ел арасындағы тікелей сараптамалық және ақпараттық диалогты нығайтуға ықпал етті.