Өскемен қаласында ITTF World Table Tennis Championships Finals Astana 2027 әлем чемпионатының ресми туын таныстыру рәсімі өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Осылайша, Шығыс Қазақстан Астанада өтетін әлем чемпионаты қарсаңында еліміздің өңірлерін біріктіретін «ROAD TO ASTANA 2027» ұлттық маршрутына қосылды. Салтанатты іс-шара Өскемендегі Үстел теннисі орталығында өтіп, спортшыларды, жаттықтырушыларды, спорт мектептерінің тәрбиеленушілерін, қала тұрғындары мен қонақтарын бір алаңға жинады. Ресми тудың сапары Лондоннан басталды. 2026 жылы Халықаралық үстел теннисі федерациясы мен әлем чемпионаттарының 100 жылдығы аясында Қазақстан алдағы әлем біріншілігін қабылдайтын мемлекет ретінде ITTF-тің ресми туын қабылдады. Кейін ту Лондоннан Астанаға жеткізіліп, «ROAD TO ASTANA 2027» жобасы аясында Қазақстан өңірлеріне сапарға шықты.

Маршрут еліміздің төрт макроөңірін, атап айтқанда Шығыс, Солтүстік, Оңтүстік және Батысты қамтиды. Сапар 2027 жылғы 22-30 мамыр аралығында әлем чемпионаты өтетін Астана қаласында аяқталады. Фестивальдің негізгі оқиғасы ITTFтің ресми туын салтанатты түрде таныстыру рәсімі болды. Туды залға Шығыс Қазақстанның жас спортшылары: жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионы Қуаныш Ақылбеков пен қыздар арасында Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері Еркежан Байтікенова алып шықты. Ресми ту Шығыс Қазақстанның «ROAD TO ASTANA 2027» ұлттық маршрутына қосылғанын және еліміздің алдағы әлем чемпионатына ортақ дайындығын білдіретін нышанға айналды.

Салтанатты рәсімге үстел теннисінен мамандандырылған балаларжасөспірімдер олимпиада резерві мектебінің директоры Мерхат Болатханов және Шығыс Қазақстан облыстық үстел теннисі федерациясының президенті Кирилл Сотник қатысты.
«Шығыс Қазақстан үшін осындай ауқымды бастаманың бір бөлігі болу - үлкен мәртебе. Өңіріміздің спорттық дәстүрі қалыптасқан. Бүгін болашақ әлем чемпионатының тарихына спортшыларымыздың, жаттықтырушыларымыздың және жас буынның қосылып отырғаны ерекше маңызды. Әлем біріншілігінің Қазақстанда өтуі үстел теннисінің дамуына жаңа серпін беріп, балалар мен жастардың осы спорт түріне қызығушылығын арттырады», - деді Мерхат Болатханов.

Ресми рәсімнен кейін кәсіби спортшылардың қатысуымен үстел теннисінен шеберлік сағаты және көрсетілім ойындары өтті. Оларға балалар мен фестиваль қонақтары да қатысты. Күні бойы Орталықта тақырыптық және отбасылық аймақтар, баспасөз алаңы, қолөнершілер мен жергілікті өндірушілердің жәрмеңкесі жұмыс істеді. Қонақтар үстел теннисін ойнап, түрлі байқауларға қатысып, жергілікті шеберлердің туындыларымен танысты. Фестивальдің мәдени бағдарламасы «Алтай» халық биі ансамблінің орындауындағы «Тор жорға» қазақ биімен ашылды. Сондай-ақ күні бойы көрермендер алдында «Әнсалдар» ансамблі мен Мақсат Қасенов өнер көрсетті.