Инклюзивті білім берудің өзекті мәселелері талқыланды

Инклюзивті білім берудің өзекті мәселелері талқыланды
фото: Сұлтан Сейітов

Астанада «Ерекше білім беруді қажет ететін балаларға білім беру: шеберлік, әдістер және цифрлық тәсілдер» тақырыбында екі күнге жоспарланған республикалық практикалық конференция өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Жиынның мақсаты – ерекше білім беруді қажет ететін балалар мен жастарға сапалы әрі қолжетімді білім беруге бағытталған тиімді педагогикалық тәжірибелерді тарату, түзету-дамыту әдістері мен цифрлық шешімдерді қолдану жолдарын талқылау.

Конференцияға өңірлік білім басқармаларының өкілдері, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының мамандары, әдістемелік орталықтар мен кабинеттердің әдіскерлері, білім беру ұйымдарының басшылары мен педагогтері, арнайы педагогтер, педагог-психологтер, педагог-ассистенттер және әлеуметтік педагогтер қатысты.

Іс-шара барысында қатысушылар ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған оқу процесін ұйымдастыру тәжірибесімен бөлісіп, психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету, оқытуды дараландыру мен бейімдеудің заманауи тәсілдерін, сондай-ақ инновациялық және цифрлық технологияларды қолдану мәселелерін талқылады.

ҚР ОМ Инклюзивті және арнайы білім беру департаментінің бас сарапшысы Мира Нұрғалиеваның айтуынша, ерекше білім беруді қажет ететін балаларды қолдау, олардың сапалы білім алуына жағдай жасау және қоғам өміріне толыққанды қатысуын қамтамасыз ету – білім беру жүйесінің басым бағыттарының бірі.

 «Бүгінгі конференция – тәжірибе алмасу алаңы ғана емес, сонымен қатар арнайы және инклюзивті білім беруді одан әрі дамытуға, жаңа идеяларды жүзеге асыруға және ортақ міндеттерді бірлесе шешуге мүмкіндік беретін маңызды кәсіби басқосу» деді ол.

Спикердің мәліметінше, елімізде ерекше білім беруді қажет ететін 237 мыңнан астам бала бар. Олардың 49 мыңнан астамы мектепке дейінгі ұйымдарда, 139 мыңнан астамы мектептерде, ал 4,5 мыңы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында оқиды. Сонымен қатар 17 мыңнан астам бала арнайы білім беру ұйымдарында тәрбиеленіп, білім алса, 3,5 мың бала арнайы және инклюзивті білім беру аясында қолдаумен қамтылған. 

«Алдымызда тұрған негізгі міндет – әрбір баланың жеке қажеттілігін ескере отырып, сапалы білім мен қажетті қолдаудың қолжетімділігін қамтамасыз ету» деп атап өтті Берік Нұрғалиева.

Астана қаласы Білім басқармасының бөлім басшысы Асыл Амангелдіқызы республикалық семинардың өңірлер арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, инклюзивті білім беру саласындағы озық тәжірибелерді таратуға мүмкіндік беретінін айтты. Оның сөзінше, ерекше білім беруді қажет ететін балаларды қолдау мәселесі елордамен ғана шектелмейді, бұл – еліміздің барлық өңіріне ортақ міндет. Сондықтан конференцияға әртүрлі өңірден білім беру ұйымдары мен әдістемелік орталықтардың өкілдері қатысып, өзара тәжірибе алмасуда.

Оның айтуынша, елордада ерекше білім беруді қажет ететін балаларға қолайлы орта қалыптастыруға басымдық беріліп келеді. Қала мектептерінде инклюзивті қолдау кабинеттері ашылып, арнайы сыныптар жұмыс істейді. Мұндай мүмкіндіктер балалардың білім алуына, шығармашылық қабілеттерін дамытуына және қоғамға бейімделуіне жағдай жасайды.

Конференция барысында ерекше білім беруді қажет ететін балаларды оқыту мен қолдаудың тиімді әдістерін тарату, педагогтердің кәсіби тәжірибесін жетілдіру және білім беру ұйымдары арасындағы сабақтастықты нығайту мәселелеріне назар аударылды.