Астана – ел ордасы. Астана – қазақ елінің мәдени, рухани, елдікті, мемлекеттілікті қалыптастырудың тайқазаны, һәм саяси және халықаралық қарым-қатынастардың бел ортасы. Астананың аумағы мен аймағы ғазиз, Қосымжан Бабажановтай әншілердің, Дәулет Мықтыбаевтай қобызшының, Мәриям Жәгөрқызы, Жұмабек Тәшеновтей қайраткерлердің, Балуан Шолақ, Иманжүсіп, Қажымұқандай балуандардың, Қанжығалы Бөгенбайдай, Қазақстан Республикасының тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетовтей, Рейхстагқа ту тіккен Рақымжан Қошқарбаевтай, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры, ұшқыш Талғат Бигелдиновтей баһадүрдің, Жайық Бектұровтай, Айдархан Тұрлыбаевтай алаштанушылардың отаны болған, Тұрсынбек Кәкішевтей ғалымның, Сәкен Сейфуллиндей сұңқардың ортасы болған бұл Астана. Бүкіл халықтық мерекеге айналған Астана күні, яғни қала мерекесі тұсында осынау тау тұлғалардың атын атап, еңбегін еске алу – бүгінгі және болашақ ұрпақтың міндеті һәм оларға айтылған аманат. Әлемге мәшһүр әуе транзиттерінің арқадағы бір қақпасы Астана әуежайының аумағы, яғни кешегі Ақмола облысы Қорғалжын ауданына қарасты Майлыбалық ауылында Батыр Бигелдиновтің кіндік қаны тамған. Біз бүгін осынау алыптардың арасынан аспанды айналып ұшқан дала қыранындай Талғат Бигелдинов туралы бірер сөз айтайық.
АРҚА МЕНЕН АЛАТООНЫҢ АРАСЫ
Өткен ғасырдың 22-жылында Ақмола өңіріндегі Қорғалжын аумағындағы Майлыбалық ауылында сол дәуірдегі дүрбелең дүниенің есігін ашып, бір нәресте келді. Баланың тағдыры анасының құрсағында-ақ анықталып қойыпты. Бұл туралы сол сәбидің өзі, кейін, ІІ Дүниежүзілік соғыстың ардагері, екі дүркін Кеңес Одағының Батыры болған Талғат Бигелдинов өзі былай дейді:
– Бірінен-бірі ажырамайтын, аралары 3 жас Жүсіпбек, Жақыпбек деген ағайынды жігіттер болады. Жүсіпбектің әйелі – Хадия, төрт баласы бар. Райхан, Рахима, Кәрім, тағы бір бала. Ал Жақыпбектің әйелі Мәймүнә ғұмырында бала таппаған, бедеу. Бір күні Жақыпбек Жүсіпбекке айтады ғой:
«Ағай, біз қазақтың баласымыз ғой... Менің әйелім тумады, не істеймін?! Байқап жүрмін, жеңгейімнің құрсағында бала бар. Күні жетіп туғанда, соны, еркек бала болса да, қыз бала болса да, менің бауырыма салып бер. Болмаса, маған намыс қой».
Содан... мен дүниеге келіппін... О кезде қазақтың қай еркегі қатынынан сұраған «баланы бересің ба, жоқ па» деп. Солайша, мен туды-бітті Талғат Жақыпбекұлы болып шыға келдім.
Әкесінің айтуынша, сол уақытта Ақмолада егін пісіп, тамыз түскен кез екен. Талғат есі кірмеген бала. Ел ішінде не болып жатқанынан бейхабар. Бір кезде Жақыпбек пен Жүсіпбек туған-туысқандарымен, жегжат-жұрағатымен Ақмоладан алысқа көшті. Себебі ол күндері аштық кіріп, елде абыр-сабыр басталған-ды. Жақыпбек пен Жүсіпбек әулеті сайын даланы көктей өтіп, тас басып, тау асып, Пішпекке келіп жетті.
Жүсіпбек пен Жақыпбек сол заманда Арқадағы Ғали деген байдың жалшылары болған. Азамат соғысынан кейін, қызылдар қаптағанда, Ғали бай мал-жанын сақтамаққа Пішпек ауған. Өзі ертерек кетіп, мал-жанын Жүсіпбек, Жақыпбек бар, он шақты малшы жаз шыға Ақмоладан айдап, күз түсе қырғыз Алатауына құлайды. Пішпекке келсе, мында тағы да қаптаған қызылдың солдаттары. Біреуінен сұрайды: «Әй, Ғали бай қайда?». «Қайдағы Ғали бай? Мұнда бай-құлақ жоқ. Кіл қызылдар. Мұнда революция». «Қызылдардың нәшәндігі кім?». «Дүнген селосы деген жерде үлкен орыс нәшәндік бар».
Олар сонда келеді. Барса, кәдімгі Фрунзе жолдас. Түркістан әскери округі қолбасшысының өзі отыр. Ағайынды Жүсіпбек, Жақыпбек айтады: «Біз не істейміз, Ғали бай жоқ. Малды айдап келдік». «Сенің Ғали байың Қытайға қашып кетті» дейді Фрунзе күліп. «Ойбай, онда малды қайттік?». Бастап келгені айтады: «Орыс нәшәндік, онда Ғали байдың малын алғаныңыз жөнінде қағаз жазып беріңіз». «Жазамыз». «Анықтама. Мен, Түркістан әскери округінің қолбасшысы М.Фрунзе, Ғали байдың жалшылары Бигелдинов Жүсіпбек, Жақыпбектен, тағы басқа он шақты малшының аты-жөнін түгел тізеді. Ғали байдың малын қабылдап алдым. 13000 қой, 500 ірі қара, түйе, т. б.». Сосын бір қызылдың солдатын шақырып алып, Жүсіпбек пен Жақыпбекке бір-бір шинель және бір-бір Буденныйдың малақайын Фрунзе өз қолымен бергізеді. «Малды мына келген жігіттен басқа тірі жанға бермеңдер» деп қадағалайды. Сол бір анықтама қағазды өздері сауатсыз болса да, әкелері жіппен шандып байлап, сандыққа тастайды.
– О шинельді кейін өзім көрдім, – деп еді Талғат баһадүр.
– Демек, сіз, басы ашық, 1922 жылы тамыздың 5-інде Қазақстанда, Ақмолада тудыңыз? – деген сауалға:
– Иә. Басы ашық. Бірақ мен 1922 жылды да, тамыздың 5-ін де өзім ойдан шығардым. Тоқтай тұр... Менің туған күнім, жылым жайында ешбір ресми құжатқа жазылмаған. Мені тапқан Хадия шешемнің туған әпкесі жасы сол кезде 100-ге таяп қалған Хадиша әжем ескіше сауатты болатын. Кішкентай қаламы бар еді. Сонысымен бір қағазға «Талғат туды. Егін ... жатқанда» деп жазыпты. Соны анық білмеймін. Егін салып жатқанда ма, орып жатқанда ма, өздері шаруабасты адамдар қайдан білсін... Бір жылдары мен аэроклубқа кірдім ғой. Сонда туған жылымды сұрады. Мен оларға қарсы сұрақ қойдым: «Қай жылы туғаным керек?». «1922». «Дәл солай деп жазыңдар». Бәлкім, 1923 жыл болар, білмеймін. Хадиша әжем ес білгенімде әлгі қағазды өзіме көрсетті, – деді майталман кешегі күндерді жадына оралтып.
...Арқадан Алатооға ауып келген Ғали байдың жалшылары Пішпекке жеткен сол тұста қазақтар өз ішінде ішер асқа жарымай жатқанда, қырғызда тоқшылық екен. Бұлар Пішпек жұртына біртіндеп сіңе бастады. Үлкендер колхоздың жұмысына кетеді. Балалар үйде қалады...
Айтып отырмын ғой, солайша, мен Жүсіпбектен туғаныммен, қазаққа, Одаққа Жақыпбектің Батыр баласы болып танылдым.
Содан не керек, Мәймүнә шешей өзі бала таппаған соң ба, баланы, әсіресе, мені өте жақтырмады. Неғылайын, марқұм болды ғой, артынан әлдене дегенде не шығады. Бірақ аты – шындық. Өз анамның емшегін бар-жоғы 1 ай ғана емген екенмін. Мәймүнә сосын қолдан тамақтандырды деседі. Сөзім ауыр болмасын, ол кісі бауырына алғаннан кейін жаялығымды да жөндеп құрғатып, аузыма дұрыстап ас та салмағанға ұқсайды. Бабым келіспеген соң ба, 3-4 жасқа келгенше екі аяғым доғаланып, бір-біріне шалынысып, шалдығып жүрген екенмін. Содан Талғат атым былай қалып, «қамыт аяқ» атанғам. 6-7 жасар кезімде: «Әй, қамыт аяқ, бері кел» десе, қыңқ демейді екенмін. Бірақ, Құдайдың құдіреті, есейе келе, түп-түзу болды ғой.
...Бала Талғат солай өсіп келе жатты. Баққан шешесінің өзін жақтырмайтынын біледі. Мәймүнә туған әпкелерінің балаларына дәл Талғатқа қарағандай салқын қабақ танытқан емес. Соның бәрін сезіп, көріп жүрген туған анасы Хадияның әпкесі сол уақытта жасы 100-ден асқан Хадиша әжей сыртынан қарап, күрсініп қалатын. Әдетте, қазақ салтында асырап алған аманат балаға берген жақтың билігі де, сөзі де жүрмейді. Дей тұрғанмен өз сіңлісінің туған баласы емес пе? Оны қайтсе қорғаудың жөнін ойлағаны ғой, бір күні Талғатты оңаша шақырып алып: «Балам, мына дұғаны жаттап ал. Айдалада жүргеніңде, найзағай ойнағанда осы дұғаны оқысаң, Құдай сені жай оты түсуден сақтайды» деп дұға үйретеді...
– Солайша, Пішпекте тұрғанымызда Хадиша әжем менің аштан өліп қалмауыма сеп болып, көп қамқорлық көрсетіп еді. Мәймүнә шешем мені тамаққа ортақ етпеймін деп ол қуады. Ал мені тапқан өз анам Хадия бәрін көре-біле тұрса да, қазақтың салтынан, күйеуінің сөзінен аса алмай: «Бар, өз шешеңе кет» деп ол және қуады... Жүсіпбек те інісі Жақыпбектің көңілі үшін мені аса көп жанына жолата бермейтін. Сонда Хадиша ана мені бауырына тартып: «Кел, балам, келе ғой, мә» деп әйтеуір өңештен өтер дән, дәм береді.
Обалы не керек, менің аманат бала екенімді жетік білетін Жақыпбек әкем мені өте жақсы көрді. Тапқан-таянғанын Мәймүнәға беріп: «Ана бала ашықпасын» деп қадағалап кетеді. Ал Мәймүнә ол кетісімен өз әпкелерінің балаларын жинап алып, барын солардың аузына тосты. Бала болсам да сеземін, ол менің ауырып, өле қалғанымды қалайды. Бір жолы аш-жалаңаш қалпымда қыс ортасы үйден қуып та жіберді. Бұрындары Жақыпбек әкем даладан келгенінде алдынан жүгіре шығып, мойнына асылатынмын. Ол бетімнен сүйіп, қалтасынан әйтеуір бірдеңе тауып беріп, қоя береді. Со жолы, үйге келсе, мен жоқпын:
– Талғат қайда, бала қайда?
– Қайдан білейін, жүрген шығар.
Іздеп-іздеп, әйтеуір мені тауыпты. Бұрын аздаған тоқшылық кезде жүгері сақтайтын жәшік бар еді, сол жәшікке кіріп алған көрінем. Енді шамалы қалғанда үсіп өлгендей екенмін. Соны өмір бойы ұмытпаймын. Сонда 9-10 жасармын. Міне, осылай өстік.
...Батыр Талғат бала күнінде сотқар болған көрінеді. «Әке – балаға сыншы» дейді ғой. Жүсіпбек үлкен ұлы Кәрімді нұсқап: «мына Кәрім шаруақор» деп, Талғатқа қарап: «ал бұл сотқарды қойшы...» деп бауырында өспесе де жылы ұшырап, іштартатыны байқалады.
Ақмолада туған тентек бала Алатооның бауырында ержетті. Буыны қатая келе, өзі де тамаққа талғажау іздеп талпынды. Тентек болса да, қазан бұзарлығы жоқ бұл бала нәпақа үшін қолдан келгенін жасады. Пішпекте жүріп қырғыздардың Аламедин деген өзені үстінен өтетін жүк пойызына жармасып мініп, қант қызылшасын ұрлайтын. Көпір үстінен өткенде пойыз аялдап барып, жай жүреді ғой. Сонда тырмысып мініп, артынан жүгіріп келе жатқан балаларға қант қызылшасын домалатады. Көпірден өте тағы аялдағанда пойыздан секіріп түсіп, әлгі бұйырған асты жинап, ауылға «олжалы» келеді. Тау-тастан көрген жылан, тасбақалардың етін қосып, қазанға бәрін салып, су құйып қайнатады екен. Дәмі біртүрлі, бірақ, әйтеуір, аштан өлмеуге сеп.
– Мәймүнә шешей Сіздің Совет Одағының Батыры болғаныңызды көрді ме?
– Көрді, көрді... Соғыстан келген тұсымда түсірілген деректі киножурнал бар. Сонда құшып, сүйіп жатқаны анық түсірілген. Жетпіс жылдай өмір сүрді. Мен өз туған анам Хадия, туған әкем Жүсіпбек екенін білдім. Бірақ құжат қағаздарымда әкем – Жақыпбек. Кейін Хадия анамды өз қолыма алдым. Бертінде қызы Рахимаға барды. Кәрім ағам әкеміз Жүсіпбекке, мен анамыз Хадияға тартқанмын. Шешем өзі толықша, шағын денелі кісі еді.
– Балалық шағыңыз осылай болғанда жазу-сызуды қашан үйрендіңіз, қай кезде қара таныдыңыз?
– 1927 жылдар шамасы. Орыс, ұйғыр, татар мектебі бар-ды (көрдіңіз бе, ол кезден-ақ ұйғыр мектебі бар екен). Орысша, ұйғырша білмеймін. Әкемнің кіші қарындасы Зейнеп деген апайым, сол «тілі қазақшаға жақын ғой» деп татар класына берді. Өзі сауатты, гимназия бітірген еді. Содан татардың «Ана тілі» сабағын үйрене алмай-ақ қойдым. Мұғалім: «Бигелдинов, саған 2 қоямын». «Мейлі, 1 қойсаңыз да».
Ал өзім математиканы жақсы көрдім. Әкелерім тіпті менің мектепке барғанымды білмейді. Момын жандар еді жарықтықтар. Менің соғысқа дейінгі өмір тарихым осылай.
...Қанша жерден қаһарман болса да, Батыр сол сәтте мұңайған баланың кейпіне түсті. Тілшінің көкейіне сол мезетте сан түрлі сауал келсе де, баһадүрдің алысқа, тым-тым алысқа шығандап кеткен ойының шырмауынан шым-шымдап шыққанынша шыдай тұрғанды жөн көрді. Азды-кем уақыт өткен соң, батыр қабағын серпіп, оның ойдан сергігені танылды.
– Біздің білуімізше, қырғыз ағайындар бұл біздің Батыр деп сіздің кеуде мүсініңізді орнатқан. Ақмолада тудыңыз. Ал енді әскерге қайдан шақырылдыңыз?
– Иә, кәдімгі, өзіміздің қазақтың жерінде, Ақмоладан 12 шақырымдағы Майлыбалық ауылында туғам. Бірақ балалық, бозбала шағым Пішпекте өтті. Әскерге Фрунзеден шақырылғаным рас.
«ҚАЗАҚ ДЕГЕН КІМ?»
...Орынбор әскери-авиация училищесін бітірген сержант Талғат Бигелдинов 1942 жылы желтоқсан айында Калинин майданы түбіндегі шабуылдаушы авиация полкіне келді. Мұз шайнап, от бүркіп тұрған 19 жастағы жауынгер. Өлемін деп емес, жеңемін деп келген жігіт.
– Келе сала командирден «Мен қай самолетке отырамын?» деп сұрақты төтесінен қойдым. «Әне, анау, 13-нөмірлі самолетке отыр» дегенде жанымда тұрған жігіттер ду етіп күлді. Бұлар неге күледі, ей? Адымдап барып аэродромдағы 13-нөмірлі самолеттің жанына келдім. Қасында басқа самолеттер тұр. Ұшып кеткендерінің орны байқалады. Механик маған қарап біртүрлі күледі.
– Сізге мына самолетті кім берді?
– Несі бар?
– Қарамайсың ба, нөмірі 13 қой.
– Е, болса, ше?
Қараймын, қанаты, құйрығы жамау-жасқау. Оқ тиген жерлеріне металл құйып, бітеп қойыпты. Маған не, тапсырманы орындау керек, нөмірі 13 пе, 103 пе, шаруам қайсы. Механиктің көмегімен парашютімді кидім. Кабинаның есігін ашып, орындыққа отырдым, штурвалды ұстап, тетіктерді қозғалтып көрдім, бәрі жұмыс істеп тұр. Оталдырдым, дүр етіп дыбыс берді. Ұшуға дап-дайын. «Бұл самолеттің несі бар екен?..» деп қозғалтқышқа қолымды соза берген сәтте... сол сәтте ... айналып кетейін, мен бұл құпиямды дәл осы уақытқа дейін ешқашан, ешуақытта, ешкімге айтқан емес едім, сізге айтайын. Сол сәтте... баяғыда, менің анамның 101 жастағы үлкен әпкесі Хадишаның маған үйреткен дұғасы есіме түсті. Ол дұғаны Хадиша ана: «Найзағай ойнап, нөсер жауғанда айдалада қалсаң, мына дұғаны оқы, сонда саған жай, жасын түспейді» деген. Бала кезімнен жаттап өскен дұғам еді, «Жау оғы жай отынан кем бе?!» деп дұғаны оқыдым. Міне, сол дұғаны 305 рет әуеге шайқасқа ұшып шығар кезде 305 мәрте оқыдым. Дұға оқыған сәтімде бойыма күш-жігер бітіп, айбарланып шыға келетінімді кейін байқадым.
...Осы арада майталман майдангер әлдене айтқысы келгендей, кішкентай шегір көзін бір нүктеге қадап, қарт дидары құбылып, сөзден тосылып, біраз отырды.
– ...Сәлден кейін, жә, Рихан!
Мен: – Менің атым Рихан емес, Раушан, – дедім өзімше үлкен кісіні түзеп.
Ілкі ойдан арылмаған ол кісі шатынап, оң қолын жоғары көтерді. Оның семсердей сесінен сескенген менің дымым шықпай қалды.
– ...Бигелдинов үшін сен Рихансың!
– Ойбай, иә, иә, иә. Мені... жұмыстағылар да ... Рауғаш дейді... дедім сөзімді әр жерден бір теріп.
–...Дұғамды айттым да, ұшақты аспанға көтердім. Белгілі уақыттан кейін аэродромға келіп қондым. Моторды өшіріп, кабинадан сыртқа секіріп түскенімде, алдымнан жапа-тармағай жүгіріп шыққан жауынгерлер мен командир жамырасып, жағаласып «Өй, сен аман-есен қондың ба?», «Саған ешқандай оқ тиген жоқ па?», «Немістер сенің самолетіңді атқан жоқ па?» деп бастырмалатып, жан-жағымнан қаумалап кетті.
Мен, әрине, оларға ештеңені ашып айтқан жоқпын. Олар қайдан білсін дұғаның құдіретін. Жалғыз мен емес, соғыста Иван Кожедуб, Александр Покрышкин талисманын (тұмарын) бойынан тастамайтын. Николай Порышко бір рет өзін ажалдан алып қалған гитарасын ырымдап, өзімен бірге самолетке ұдайы алып ұшатын. Ал бір қаруласымыз өзімен бірге мысығын алып ұшатын. Никита Шут деген ұшқыш кешкісін қалайы тәрелкесін мыжғылай алмаса ертесі ұшпайтын, тіпті тұрған жерінде атып тастаса да бармауға пейіл. Ал бірақ соғыс кезінде тапсырманы орындамай көр, сондықтан ұшса да, қатты қорқатын.
...Алғашқы ұшудан кейін бірнеше күн бойы әскери аэродромда әуе шайқасының әдіс-тәсілін үйреніп, көп жаттықты. Сөйтіп, 1943 жылғы ақпанның 17-сі күні бірінші рет әскери тапсырмаға, әуеге шырқап шықты. Аспанға бұл сапар сәтті өтті. Сол күні тағы да екі мәрте ұшып, тапсырма орындады. Солайша, соғыстың қиян-кескі ұрысына дендей еніп жүре берді. Бар-жоғы тоғызыншы шыққан шайқаста немістің ұшқышын қуалап жүріп, құлатты. Сөйтсе, ол сол уақытқа дейін Кеңес әскерінің 300-ге тарта самолетін жойған, аспандағы айқаста 108 рет жеңіске жеткен, өздерінде адам теңгермес ұшқышы екен. Ол өзінің самолетін бар-жоғы 8-ақ әскери айқас өткерген, уыздай жиырма жасар жігіттің атып түсіргеніне сенбепті. «Ол кім?». «Ол – қазақ» десе, «Қазақ деген кім?» деп таңғалыпты ғой.
– Дәл осы оқиғаны өз аузыңыздан егжей-тегжейлі айтып бере аласыз ба? Есіңізде ме?
– Неге айтпайын? Әлі күнге дейін есімде. Ал енді тыңда. Бар болғаны 9 рет ұшқанда 9 самолетпіз. Үш-үштен звеноға бөліндік. Әскери тәртіп бойынша мен сол жақ қанаттағы звенодамын. Кейде тапсырманың маңызына қарай 4 звеноға 4-тен бөлініп 12 самолет ұшамыз. Со сапарда ұшып бара жатсақ, жердегілер айтады: «Әй, сендер, горбатыйлар (самолеттеріміздің құрылысы сондай еді, ал истребитель-самолеттерді «маленький» дейді) абайлаңдар, алдарыңда истребительдер. Сендер үш белдеуді шамалаңдар: 1-белдеу – 3000 метр, 2-белдеу – 1500 метр, ал 3-белдеу «жер бауырлап ұшу шамасы» дейді. Біздің звено 2-белдеуде ұшып келеді. 1-белдеудегі 2 самолет өзара соғысып қалып, жалын мен түтінге оранды. Ал біреуінің қайда кеткенін білмей қалдым. Қарасам, звено командирімнің самолеті аударылып қалыпты. Бауырында танкіге қарсы қолданылатын 4 реактивті снаряд, әрқайсысы 82 кг, 2 пулемет, 2 зеңбірек, әрбіреуі 600 кг-нан. Осыншама оқ-дәрімен қалпына келу оңай ма, бүйіріне бір аударылса, түзелуі қиын... Бір кезде Шишкин деген ұшқыш жолдасымның самолеті маған қарай бағыт алып келе жатыр еді, оқ тиді ме, қайдам, о да ғайып болды. Ал ана оң жақтағы үштіктің звено командирі шалымды, пысық еді, шабуылдап болып, екі самолетті ілестіріп ұшып кетті. Мен жалғыз қалдым. Қас қаққанша болған жоқ, командирсіз қалдым, не істеймін... Жау жаққа шабуыл салып болдым да, өз майдан шебіме қарай бет алдым. Анадай жерде темір жол бар еді, сол темір жолды бойлай ұшып, өз аэродромыма жетсем деген ой бар. Ұшып келе жатсам, оң жақтан бір оқ жанап қана өтті. Егер жылдамдығым сәл артығырақ болғанда, оқ тигендей екенмін. «Мессершмитт-109» деген истребитель, оқу-жаттығу кезінде ғана схемадан, суреттен көретінбіз. Зәрем ұшып кетсе де, есімді тез жинадым. Байқасам, самолетімді орай ұшып, сыртымнан қаусыра келмекші. Себебі о кезде самолеттің желке тұсында әйнек жоқ, ту сыртында не болып жатқанын білмейсің. Мен де жалма-жан бұрылып, оның сыртынан шықпақшымын, бір-бірімізді айнала қуалап жүрміз. Бір кезде қапысын тауып, әй атқыладым-ау өзін. Қараймын, оқтар заулап «Мессершмитт-109»-ға тиіп жатыр, тиіп жатыр. Бір сәтте самолет жерге құлады. Құлағанда да «жамбасы біздің жерге тиді». Бұрылып ұша жөнелдім. Бір сәтте: «Әй, мынау өзі біздің самолет болып жүрмесін» деген суық ой сумаң ете қалды. Қайта ұшып келдім. Майдан шебінен 150 м жерде біздің артиллерияның позициясы бар еді ғой. Төмендеп қарасам, бес жұлдыз емес, құйрықтары қайқиған, қайқиған қара крест. «Уһ!». Біздің артиллерия жігіттері 50-ақ м төменнен ризалықпен айғайласып, бас киімдерін бұлғады. Олар менің самолетімнің нөмірін, сол уақытты, сағат 14:30-ді жазып алыпты. Сөйтсем, әлгі тажал нағыз «асстың» өзі екен, бір өзі 300 самолеттің түбіне жеткен. Ұшқышы 45-50-дердегі жасамыс неміс, «мені кім атып түсірді, өзі қандай епті адам еді, қанша мәрте ұшқан өзі, көрсетіңдер» депті. Жігіттер: «Ол – қазақ, 19 жасар, енді ғана ұшып жүрген жігіт. Саған келіп көрінуге уақыты жоқ» деген. «Қазақ деген кім?». «Қазақ деген адамның аты емес, қазақ деген – ұлт, әлгі жас ұшқыштың өзі сияқты ержүрек ұлт». «Мен аспандамын, жердегі бұл әңгімелердің бірін білді дейсің бе? Ол өзі мені желке тұсымнан ұрмақ болып жанталасып жүргенде тура тұмсығымның алдына өзін-өзі алып келген жоқ па! Өзі келіп тұрған соң, аяйын ба, атқыладым. Қайта, менің өзімді Құдайдың сақтағанын айт!», – деді сол күнгі сержант. Содан Бигелдиновке офицер дәрежесін беріп, звено командирі етіп тағайындады.
КӨК ТӘҢІРІНІҢ, КӨКТІҢ ҰЛЫ КӨККЕ ҚАЙТА КӨТЕРІЛДІ
...Бигелдинов соғысқа кірген алғашқы жылдар еді. Жиырмадағы командир Харьков үшін шайқаста өзі шейіт кете жаздады. Самолетіне оқ тиіп, майдан шебіне әзер жетіп үлгерді. Өз тобына қосылған соң, қайтадан ұшты. Бір күні Бигелдиновтердің полкына генерал В.Г.Рязанов Харьковтың маңындағы жау аэродромын талқандауды міндеттеді. Истребительдердің қорғанышымен жарақтанған «Ил»-дер шабуылға шұғыл аттанды. Таңалакеуімде дұшпанның аэродромына жетіп, сол жерде қаздай тізіліп тұрған бомбылаушы 12 ұшақты жойды. Ангарлар мен авиабомба қоймасының күл-талқанын шығарған полк жауынгерлері аман-есен оралды. Түскі сағат 14-те 6 «Ил» Харьковты тағы бетке алды. Бұл жолы истребительдерсіз «жалқы» ұшты. Өкінішке қарай, таңертең есесі кетіп, жауыққан жау оларға үдемелетіп, зениттерден оқ жаудырды. Үш-үштен бөлініп, екі белдеумен өзімізге қарай бет алған ұшқыштар аяқ асты истребительдермен жарақтанған немістің бомбылаушы ұшақтарына кез болды. Тапсырмадан оралып келе жатқан «мессерлер» бұларды байқап қалыпты. Бағытынан кілт бұрылып, біздің жігіттерге қарсы салды! Сөйтіп, айналдырған алты шабуылшы аттай он екі истребительмен бетпе-бет қалды. Аспанда шыр көбелек шайқас басталды. Талғаттың ұшағына бауырынан оқ жаудырып жүрген бір неміс сумаң етіп, өзінен-өзі қарсы алдыға шыға келді. Қалт еткізбей, пушка атқылайтын гашетканы безілдете басты. Неміс истребитель қап-қара түтіні бұрқылдап, төменге қарай атқан тастай құлдилады! Бигелдиновтің ұшағы да «жарадар» болды. Бірақ кері қайтуға болмайды. Өйткені әудемжерде дұшпанның дала аэродромында 100 бомбылаушы мен истребительдер «менмұндалап» тұр. Соны бетке алды. Мұны көрген аэродром абыр-сабырға түсті. Самолеттері әуеге көтеріліп, бомбылаушы ұшақтың артқы кабинасынан пулемет сақылдап қоя берді. Біздің шабуылдаушылар да қарап қалған жоқ, ес жиғызбай төпелетті. Аэродром әп-сәтте от-жалынға оранды. Біздің «Ил»-дер енді аэродромды артқа тастап, кері ұшты. Осы кезде оқ тиген самолеті сыр беріп, ауырлай бастады. Майдан шебіне дейін әлі 40 шақырым бар, шыдай алмайтын сияқты. «Ил-2»-нің ахуалын аңдап қалған немістің екі «Фоккері» жалма-жан екі жақтан қаусырмалап, бұларды өз аэродромына қондырмаққа әрекеттенді. «Бигелдиновті білмейді екенсіңдер!». «Сырқат» самолетпен-ақ сырғақсып, сансыратты. Олар әрі далпылдап, бері қалтылдап, мысы құрыды. Түк шығара алмағанына ыза болды ма, бұрылып алып, біздің самолетті атқылай бастады. Бұршақтай жауған пулеметтің оғы жан қойсын ба, моторға, кабинаға оқ тиіп, двигатель түтіндей бастады. Ұшқыш Бигелдинов пен жанындағы атқылаушы жалма-жан парашют ашып, тұйғын құстай түу төменге сорғалады... Аман-есен құтылған екеу майдан шебіне жетем дегенше бірнеше күн өтті. Аңдамай қалып, екі мәрте немістердің постысының тұсынан шыға қалғаны бар емес пе! Бетпе-бет келген жаудың екі солдатын жекпе-жекте жер жастандырды. Із жасыру үшін үш сағат бойы батпақта белшеден батып отырды. Майдан шебіне жетуге аз қалғанда атқылаушы абайсызда минаға түсіп, мерт болды... Талғат бар күш-қуатын жинап, Солтүстік Донның жағасына таң алдында жалғыз өзі жетті. Арғы жағалауда – өзіміз. Тәнін темірдей қарыған тастай суық суға күмп етіп, жүзе жөнелді. Фашистер байқап қалыпты. Өзенге оқ жаудырды. Зуу-у, щсу-уф-ф... Өршеленіп, басы қылтыңдап, құлаштап келе жатқанында сол қолына оқ тиді. Осы кезде неше күннен бері арып-ашып, әбден әлсіреген жауынгердің үстіндегі сусіңді киімі ауырлап, батып бара жатқанын байқады. Бар күш-жігерін жиып, әупірімдеп, жағалаудағы тасқа жете жығылды да, ес-түссіз қалды... Бигелдиновті жаяу әскерлер тауып, жертөлеге арқалап әкелді. Санитар жарасын таңып, медсанбатқа жіберді. Полктағылар оралмағанға оны опат болдыға жорып қойған. Жанкешті екен, жиырма бір күнде жазылып, штурвал ұстауға жарады. Солайша, Көк Тәңірінің, Көктің ұлы көкке қайта шырқады. Нағыз күш-қуат ұлы да, үстем Аллада. Алла Тағаланың қалағаны болады, ал қаламағаны болмайды.
...Айтпақшы, Батыр ұшқыш жұлдызы жыпырлаған түнгі аспанда ұшқанды ұнатады екен. Ақыры аспаннан екі «Жұлдыз» алып түсті ер қазақ.
БИГЕЛДИНОВ – БЕРЛИННІҢ ҮСТІМЕН ҰШҚАН ТҰҢҒЫШ КЕҢЕСТІК ҰШҚЫШ
– Алғашқы Батырлығыңызды қашан алдыңыз?
– Бірінші Батырлығым кезіндегі бір оқиғаны айтып берейін... 1943 жылы Днепр өзені жағалауында шайқасқа түспекші едік. Ұрыс аумағы бар-жоғы 3 км. Со жерге әскери-техника атаулы күшті шоғырландырып, мақсатты нүктені жойсақ, өңгесі оңайлау. Жау жақтағысы жасырын (көмілген) танкілерді жою маған, менің тобыма тапсырылды. 18 штурмовик-самолетті мен, 12 истребитель-самолетті Сергей Луганский бастап ұшып шықтық. Сергеймен сөйлесіп қоямыз радио арқылы – «тірісің бе, барсың ба?». Бір кезде жерден: «230, 230 (менің майдандағы «фамилиям»), алған бағытыңа қарай, тіке ұш та, қарсыластың бомбалаушы самолеттерінің көзін жой. Абайла, аспанда ұрысты ушықтырып алма». Мен жау самолетін көргенім жоқ. Луганскийден сұраймын, оның да көзіне ешнәрсе түспеген... Сонда да алған беттен таймай, ұшып келемін. Бір кезде сол жақтан андыздап 2 топ келе жатқанын көз қиығыммен шалып қалдым, ол топта 12, 12-ден самолет бар. Сол мезетте бойымды тез жиып, жердегілердің командасын түйсініп те үлгердім. Табан астында тас-түйін ойға бекініп, мына бомбалаушы 24 самолетті Днепр жағасына жеткізбеуім керек екенін түсіндім. Өйткені бір бомба түссе, бір демнен 100 адам өледі. Қарасам, бір самолет тұп-тура маған қарай салып ұшып келеді. «Біттім!» деп ойладым. Таяп қалды. Сол сәтте мынадай ой келді: «Маған не жоқ тайқып? Қиғаштап ұшып, бүйірден шықпаймын ба? Самолетімді көлбеу бағыттап алып, маневр жасап бұрылдым да, тұмсыққа таяп алып, ал кеп шабуылдайын. Ұрыс басталып, олар да, біз де бір-бірімізден асып түсіп, атқыласып жатырмыз. Бәрі қас-қағымда өтті. Ең бастысы, менің атып түсіргенім командирлері екен. Айттым ғой, командирге қарап, өзгелері ұрыс салады деп. Ал олардың командирін, понимаешь, қайдағы бір совет атып түсірді. Өзгелері бұрылып алып кері ұшты. Аспандағы айқас сейілгендей еді, бір кезде қайдан тап болғанын, менің самолетіме бір неміс жабысты да қалды. Әйнектен ол маған, мен оған қадалдық та қалдық. Көкпеңбек көздерін ап-анық көрдім. Зәрем ұшып кетті. Ол да жетісіп отырған жоқ, жүзі үрейлі. Соны байқап, өз-өзімнен дауыстаймын: «Әй, кетші өзің, сені тіпті атпай-ақ қояйын». Қайтпайды. Ымдаймын. Ол да түсінді. «Жоқ. Сен кет» дейді. Текетіресіп тұрғанша болған жоқ, біздің бір самолет оны әп-сәтте отқа орады. Есімді жиып жан-жағыма қарасам, самолеттерім түп-түгел. Соның бәрін майдан қолбасшысы Конев өзінің арнайы нүктесінен бақылап отырыпты. «Жаудың 24 самолетінің алтауын штурмовиктер, сегізін истребительдер атып түсірді. Эскадрильяны тамаша басқарғаны үшін бүгін кешкісін екі командир де Совет Одағының Батыры атағына ұсынуға документ даярлансын» депті.
– Енді екінші мәрте Батыр болғаныңыз туралы айтып беріңізші.
– Тағы да сол Конев. Онда Польшаның Висла өзенінің арғы бетін (тарихтан белгілі) немістер тастай қашқан. Сандомир плацдармын түнде мен, күндіз эскадрильям барлап, қадағалап ұшып жүру керек. Бір күні таң алдында қарасам, плацдармға қарай барынша құйғытып шахмат тәртібімен келе жатқан жау танкілерін көрдім де, командалық пунктке хабарладым: «Тез арада дабылмен штурмовиктерді шұғыл көтеріңдер!» деп, өзім таяу маңдағы аэродромға жедел қонып, даяр тұрған 24 самолетті алып, аспанға қайта ұштық. Плацдармға жау танкілері бар-жоғы 5-ақ шақырым қалыпты. 13-15 минут кешіксек, бәрі «капут»! Менің сондағы радиостанциядағы әлсін-әлі жаңғырыққан даусыма Конев: «Әй, мына «бақырауық» («крикун») па тағы да?» депті (әрине, ризалықпен). Мені Конев солай деп атайтын. Себебі менің радиостанциям зор болатын да, өзгелерінің даусын басып тастайтын. Кейін оны адъюданты айтады. Сөйтіп, со жолы Конев «бақырауығын» Совет Одағының Батыры атағына 2-рет тағы ұсынды.
...Саратов барлау мектебінде дәріс алған Талғат Бигелдинов – дұшпанның жердегі нысандарын әуеден фотосуретке түсірудің асқан шебері. Ұшқыш-командирдің өзгеге сирек қонатын осы қабілеті аңыз болып тарады. 152-гвардиялық истребитель полкының ұшқыш-истребительдері 144-гвардиялық Львов шабуылдаушы авиация полкінің эскадрилья командирі Талғат Бигелдиновтің дарынын, ол бастап ұшқан ұшқыштар тобының ешуақытта шығынға ұшырамағанын айтады: «Ауа райы қандай қиын болса да, тиісті нысанды қапысыз тауып, оны жоюдағы шеберлігі адам таңғаларлық! Әсіресе, 1944 жылғы қазанның 14-і күні атқарған операциясы әскери оқу-жаттығуда үлгі етуге әбден лайық.
Талғат Бигелдиновтің эскадрильясындағы «төрттік» звеносына барлай жүріп шабуылдау міндеттелді. Операция кезінде олар Круглов маңындағы көз алдаушы түспен бояп қойған бақандай елу шақты автомашинаның үстінен түседі. Осы кезде біздің төрт истребительге сегіз бірдей ФВ-190 («Фокке-Вульф-190») және төрт МЕ-190 ұшағы тап берді. Осы арадағы Бигелдиновтің шеберлігіне сөз жетпейді. Звеносындағы төрт ұшақты ұйыстырып алды да, шабуылды үдете түсті. Жаудың он екі ұшағының құрсауында жүріп-ақ, жеті мәшинені талқандап, қарамағындағы бірде-бір ұшқышты ажал құштырмай, самолеттерді бүтін күйінде аэродромға аман-есен қондырды» деп жазылған естеліктерде. Бигелдиновтің Батыр атағын алуға себеп болғаны осы оқиға екенін сұхбатында баяндап беріп еді. Штурмовик сексен рет аспанға көтерілген болса, Батыр атағы беріледі. Егер жүз алпыс рет ұрыс салса, Кеңес Одағының Батыры атағын екінші рет тағы аласың. Үш жүз отыз рет ұшсаң, үшінші мәрте... Бірақ үш есе батырлық бұйырған жоқ. Бигелдинов штурмовикпен үш жүз бес рет тапсырма орындағанда, Кеңес Одағының Батыры атағын екі мәрте алған Анатолий Ефимов 244 рет ұшыпты... Майданға қатардағы ұшқыш болып кірген Талғат Бигелдинов соғыс аяқталғанда Авиаполк гвардиясының эскадрилья командирі дәрежесіне жетті. Екі жылда 305 рет ұшқанды уақытқа шаққанда 500 сағат болады екен. Сол уақыт ішінде 21 танк, аспандағы айқаста 7 ұшақты, оның ішінде бір өзі 5 ұшақты, топпен ұшып жүріп, екеуін құлатты. Және жерде бесеуінің көзін жойды. Өздігінен жүретін 5 артиллериялық қондырғыны және 2 локомотив, 37 автомобиль, әскерилері бар, техника тиелген 7 вагонды талқандаған. Кеңестік ұшқыштардың ішінде тұңғыш рет Берлиннің үстімен ұшқан. Бигелдинов – қайта қалпына келтірілген Прага аэродромына бірінші болып ұшақ қондырған кеңестік әскери ұшқыш. Екі мәрте Батыр болған 65 әскери ұшқыштың бірі. Кеңес Одағының Батыры атағын екi мәрте алған ол – Кеңестік Азия республикаларының ішіндегі жалғыз қазақ.
СЕНІМНІҢ ҰЛЫ КҮШІ БАР
Талғат Бигелдиновтің есімі Ақтөбе Жоғары азаматтық авиация ұшқыштар институты мен Қарағанды республикалық авиация училищесіне берілген. Бірнеше қалалардың Құрметті азаматы. Соғыс қаһарманы Әскери-әуе академиясын бітірген 1950 жылдар – елімізде реактивті авиацияның өркендеген кезі. Реактивті самолеттер пайда болды. Осы самолеттерді сынау үшін жиырма бес адамды сынаушы ұшқыштыққа дайындады. Төртеуі қаза болды. Талғат апатқа түссе де, аман қалды... Қазіргі Астана әуежайының орнында бұрын Ақмола-Қараөткел төңірегінде Майлыбалық ауылы болыпты. Дәл осы жерде Талғат Бигелдинов туған. Ана жылдары Ақмолаға әуежай салуға жер іздегенде қолайлы, ыңғайлы осы Майлыбалық ауылы болыпты. Әуежай құрылысын да өзі бас болып жүргізді.
– Майлыбалықтағы аэропорттың құрылысы біткеннен кейін ауылдың адамдарын түгел самолетке мінгізіп алып, ауыл үстінен бірнеше рет айналдырып ұшып, қайта қондырдым. Ауыл-ел түгел мәз-мейрам, – деді тарлан Талғат дәл сол күнгі ауылдастарының қуанышын нақ осы сәтте басынан өткергендей қарт дидары бал-бұл жайнап.
Өткен ғасырдың ортасына дейін Қазақстандағы азаматтық авиация кенже қалған еді. Бүйірдегі Мәскеуге ұшу үшін түстіктегі Ташкенттен барып мінеді екен. Себебі Алматыда Ил-18 ұшып-қонатын асфальтты, бетонды берік алаң жоқ. Батыр азаматтық авиацияны өркендетуді, оның негізін құруды қолға алды. Өзі осы саланы толық игеру үшін Мәскеу Инженерлік-құрылыс институтын оқып тауысты.
– Екі елдің бірінде екі мәрте Батыр ұшқыш жоқ, Қазақ ССР-інен басқа. Ел басшылығы соғыстан кейін сіздің өзіңізге, ісіңізге қандай көмек, қолдау жасады?
– Соғыстан кейін халық шаруашылығы қолға алынып, елдің тұрмысын түзеу қауырт қолға алынды. Бұл қала тұрсын, мынау оза тұрсын дейтін сала жоқ. Соның ішінде авиацияның орны бөлек. Мен өз кәсібім бойынша авиацияға баса көңіл аудардым.
Алматы мен үшін ең бір бауыр басқан, ыстық-суығым өткен құтты мекен ғой. Жалпы, маған Алатаудың бауыры екі елде де пана болды. Иә, Алматыға келдім. Димаш Ахметович өте тамаша адам ғой, айқара құшып, қарсы алды. Өміріме өте көп шапағат тигізген кісі. Мен келгенде, Қонаев Министрлер Советінің Председателі екен. Бірден Азаматтық авиация басқармасы бастығының орынбасары қызметіне қойды. «Жұмыс – жұмыс жөнімен. Саған баспана керек қой. Алматыны аралап кел. Өзіңе қай жерден қандай пәтер ұнайды, соны саған беремін» деді. Мир мен Киров көшесінің қиылысында керемет үй салынып жатыр екен. Екінші қабатынан пәтер сұрадым. Берді. Ал енді жұмысқа кірісейік. Әуелі Алматы аэропортын қолға алдым. Арада біраз уақыт өтті. Бұл кезде Димекең Орталық Комитет хатшысы, ал о кісінің Мәсімхан Бейсебаев деген бұрынғы орынбасары енді Министрлер Советінің председателі болды. Мен айттым: «Өздерің Москваға ұшқыларың келеді, әуелі аэродромды жөндемейміз бе, қашанғы Ташкентке барып, содан Москваға ұшасыңдар». Ой, Бейсебаев та тамаша адам еді! «Оған ақша қайда, Талғат-ау?» деді. Димаш Ахметович «Бір республика бір аэродромға ақша табады. Өзге қалаларды да ойластыра жүр» деді маған...
Алматыдан соң, Балқаш әуежайын қолға алған. Одан кейін Бигелдиновтің басшылығымен Ақмолада, Павлодарда және Гурьев пен Оралдан басқа барлық облыс орталықтарында ұшу-қону алаңымен толықтай жабдықталған аэродромдар салынды. Зейнет демалысына шыққан соң Автоәуесқойлар одағын басқарды. Өзі бас болып жүргізушілерді дайындауға қатты көңіл бөлді. Әрбір облыс орталығында автомектептер ашты. Жерде де аспандағыдай жүйелілік болғанын қалап еді. Одан басқа да көптеген қоғамдық қызметтерге араласты. Қазақ онша тән ала қоймаған бал арасын өсірді.
...Бірі тапқан, бірі баққан, Жүсіпбек пен Хадияның, Жақыпбек пен Мәймүнәнің ортасында бала болып, қазақ пен қырғыздай екі елде, яғни Ақмолада туып, Алатоода ержеткен, аспаннан екі жұлдыз алып түскен ер қазақ Талғат Бигелдинов 92 жас жасады. Жалпы оның аналары да ғұмырлы болған кісілер көрінеді.
– Өз анам Хадия 93 жасында, ортаншы әпкесі Гүлсім 98-ге келіп дүние салды. Анам әлі де тұра тұратын еді, абайсызда құлап қалып, 100-ге тақаған кісіде қайбір қауқар бар, сүйегі сынғанын көтере алмай, көз жұмды. Бірақ үшеуі де өле-өлгенше қунақ, тың жүрді. Ал Хадиша әжем – 103 жасаған кісі, – деді ардагер.
– Талғат аға, Хадиша әжеңіз үйреткен дұғаны соғыстан кейін де айтып жүрдіңіз бе?
– Әрине, бала күнімнен санама сіңген сол қасиетті сөздерді әр кездерде айтып жүрдім. Әсіресе, 13-нөмірлі самолетке отырған күннен бастап, соғыстың әр сәтінде, оның ішінде 305 рет аспанға ұшқанда, одан кейін бейбіт өмірде сынақшы-ұшқыш болған кезімде және қандай да бір істі қолға алған уақытымда, қиын-қыстау сәттерде ойымнан да, тілімнен де тастаған жоқпын. Бірақ атеизм заманында мұны дауыстап та немесе біреуге сыбырлап та айта алмағанмын. Ешқашан, ешуақытта, ешкімге айтпаған сол дұғаны бірінші рет өзіңе айтып отырмын.
...Бұл әңгімем Талғат Бигелдиновтен 1998 жылы алған сұхбатымда баяндалып еді. Ол сұхбат «Ана тілі» газетінің ақпанның 26-сы күнгі №8 санында «Аспандағы 305 шайқас. Бәрінен де ұшқыштарымды аман алып шықтым» атты тақырыппен жарияланды. Алайда мен сол сұхбатта дұғаның толық мәтінін келтіре алмадым. Себебі магнитті таспада Талғат Бигелдиновтің сөзін қанша қайталап тыңдасам да, ұғыну мүмкін болмады. Бұл кассетаны бірнеше жыл сақтап, дұғаны анықтап, айшықтап беретін адамды күттім. Бірақ кімге барып, кімнен сұрарымды білмедім. Мешітке барып сұрауға біртүрлі, жүрегім дауаламады. Солайша, Алматыдан Астанаға қызмет ауыстырғанға дейін бұл таспаны сақтап жүрдім. Ақыры «Астана ақшамы» газетінде тілші қызметінде жүргенімде «Нұр-Астана», бүгінгі «Әл-Фараби» мешітіне барып, онда да жасы үлкен имамдардың бірінен сұраудан тартыншақтап, жасы 30-35-тің о жақ, бұ жағындағы үстінде шапан емес, кәдімгі ақ көйлек, қара костюм киген, ұқыпты қиылған қайратты қара шашын бастыра тақия киген азаматқа жақын барып, Талғат Бигелдиновпен сұхбат туралы, оның соғыста, бүкіл өмірінде аман қалуына сеп болған дұға жайлы, оны маған алғаш рет айтқаны турасында қысқаша баяндадым. Ол маған байыпты жүзбен, ойлы көзбен қарап тұрып:
– Кассета қазір қайда?
– Өзімде. Қол сөмкемнен диктофонды алып, таспаны суырып көрсеттім.
– Қане, тыңдап көрейікші, – деп бір кабинетке мені бастап кірді.
– Жұмыс үстеліндегі компьютердің алдына отырды. Маған жанындағы орындықты нұсқады. Таспаны өзім белгілеп қойған тұстан жүргіздім.
– Мынау Талғат Бигелдиновтің өзі ме?
Мен лентаны кері сырғытып, аэродромдағы әңгімеден бастап дұғаның біткен жеріне дейін тыңдаттым. Жас имам басын шайқап, әрі таңғалып, әрі тәнті болып бұл әңгіменің шын екеніне көзі жетті. Сөйтті де, дұғаны басталған тұсынан аяғына дейін әлденеше рет тыңдады. Қайта тоқтатып, қайта жүргізді. Кемі оншақты рет тыңдады. Бір кезде: – У-оу! Мынау «Лә хаула...» ғой деп көзі жарқ ете қалды. Сөйтті де, жалма-жан үстел үстінде тұрған пернетақтаны өзіне қарай тез тартты да, әріптерді сытырлатып баса жөнелді. Іле-шала экран бетіне шығарып алған дұғаның толық мәтінін, оның арабша және қазақша нұсқасын да дауыстап оқып шықты. Артынша принтерді іске қосып, маған екі параққа басып шығарып берді.
Мен қаншама жыл күтіп жүрген Батырдың аузынан шыққан, 101 жастағы Хадиша әжесі үйреткен қағазға түскен көптен күткен, көктен күткендей болған осынау дұға басылған қос парақты қолыма ұстап қатты қуандым. Үстін-үстін рахмет айтып, сыртқа шықтым.
Батырдың сөзін таспадан айшықтап берген имамның аты-жөнін сұрау қаперімде де болмапты.
...Сенімнің ұлы күші бар. Сенім – иманның тірегі. Сенім адам бойына сәби күнінен сіңсе, оның жүрегі тазалық пен имандыққа толар-дүр. Ел аузындағы бір тәмсіл былай дейді. Аптап ыстық апшыны қуырып, жалпақ жұрт Жаратқаннан жаңбыр тілеп, жалбарынып, тасаттық беруге жиналған. Сонда бір кішкентай бала қолшатыр ұстап келіпті. Әлдекімдер әлгі балдырғанды әжуалап: «Әй, мына жұрт аспаннан тамған бір тамшы суға зар болып тұрғанда, қолыңдағы қолшатырың не сенің?». Жеткіншек: «Қалың ел болып, тілеу тілегенде Құдай жаңбыр жауғызбас дейсің бе? Сонда мен су болып қалмайын деп қолшатырымды алып келдім» деп жауап беріпті. Бұл не? Бұл – сенім.
Ежелде қазақ даласында жаугершілік заманда жауынгерлер арасында мынадай да оқиға болыпты. Жауға аттанған басқа сарбаздар басына дулыға, үстіне сауыт, қолына қалқан ұстап, атой салғанда бір баһадүр жалаңаш кеудемен шабады екен. Күндердің күнінде әлгі батыр өзгелер секілді дулыға, сауытын киіп, қалқанын ұстап топқа қосылады. «Әй, бүгін саған не болған? Сонша неге жасанып, мұздай темір құрсанып алғансың? Жалаңтөстігің қайда қалды?». «Сырттан тілеген тілек жаудың жалаңаш қылышын сындырады», кешегі күнге дейін менің бойыма жаудың қылышының дарымағаны үйде анам сыртымнан тілеуімді тілеп, дұғасын оқып отырар еді. Бүгін менің анам дүние салды. Енді мені қорғайтын сол ұлы қасиет жоқ. Сондықтан сауыт киіп шықтым». Міне, сенімнің және бір күші. ...Біздің бас кейіпкеріміз Талғат Бигелдиновті қанды-қасап қырғын майданда жай оғынан бетер жау оғынан сақтаған сенімі – әжесінің дұғасы. Демек, сеніммен түйінделген иманы. Иман – ол Ұлы Алланың құзырынан Мұхаммедке (с.ғ.с.) түсірілген дінді тілмен айту әрі жүрекпен растау.
Сәби күнінен санасына сіңірген осынау қасиетті сөзді, құдіретті тілекті Талғат батыр ержетіп 19 жасқа келгенде, қан майданға кіргенде аузына алып, шын жүрекпен айтқанда, Құдіреттің күшімен ажал сан мәрте айналып өткен. Бұл ғаламат оның бойына сіңіп, 92 жыл ғұмырына дейін өмірін де, өзін де сақтап келді. Осылайша, иманы күшті ұшқыштың күллі мұсылман баласына, айта берсе, адамзаттың қаперіне Жаратқан иеге деген, оның мейірімі мен құдіретіне һәм қалауына деген сенімділікті айқындайды.
Раушан ТӨЛЕНҚЫЗЫ,
ҚР Президенті грантының
иегері, Қазақстан Журналистер одағы Камал Смаилов атындағы сыйлығының лауреаты