Туристік полиция қызметкерлері шетелдік қонақтарға көмек көрсету үшін ағылшын тілін меңгеруде, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі Ержан Саденовтің тапсырмасы бойынша ІІМ Басқару академиясында туристік полиция қызметкерлерінің ағылшын тілін меңгеру деңгейін арттыруға бағытталған “English Club for Police Officers” жобасы іске қосылды. Жаңа бағдарлама қызметкерлердің практикалық тілдік және коммуникативтік дағдыларын дамытуға бағытталған. Дәстүрлі дәрістердің орнына оқу үдерісі шетелдік туристермен жұмыс барысында жиі кездесетін нақты жағдайларды талдауға негізделген тренингтер форматында ұйымдастырылған.
Алғашқы сабақ Астана қаласы полиция департаментінің туристік полиция қызметкерлеріне өткізілді. Тренинг барысында шетелдік азаматтармен қарым-қатынас жасаудың ең жиі кездесетін жағдайлары пысықталды. Көбіне туристер полицияға құжаттарын жоғалтқан кезде, сондай-ақ жол сілтеу немесе қажетті бағытты табуға көмек сұрап жүгінеді.
— Алғашқы сабақ қызметкерлердің жоғары қызығушылығы мен белсенділігін көрсетті. Мұндай оқыту форматы тілдік кедергіні еңсеруге, ағылшын тілінде еркін қарым-қатынас жасауға деген сенімділікті арттыруға, сондай-ақ коммуникативтік дағдылар мен жанашырлық қасиетін дамытуға ықпал етеді. Алдағы уақытта пилоттық жобаны кезең-кезеңімен жүйелі оқыту үлгісіне көшіруді жоспарлап отырмыз, — деді ІІМ Басқару академиясының бастығы Жанат Ділбарханова.
Болашақта бұл курсты туристік полицияның барлық қызметкері үшін міндетті оқыту бағдарламасына енгізу жоспарланып отыр. Еске сала кетейік, Ішкі істер министрінің тапсырмасы бойынша Қазақстанның барлық туристік аймағында қазақстандықтар мен ел қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында патрульдік қызмет күшейтілді.