Астанада 2009-2010 жылы туған жасөспірімдер арасында бокстан Қазақстан чемпионаты аяқталды. Ұлттық біріншіліктің қорытындысы бойынша елордалық спортшылар екі алтын және бір күміс медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте үшінші орынға ие болды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Жарыс 16-22 қараша аралығында «Beeline Arena» ұлттық теннис орталығында өтті. Чемпионатқа Қазақстанның 17 облысынан, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан 346 спортшы қатысты. Жеңімпаздар 10 салмақ дәрежесінде анықталды.
22 қарашада жарыстың соңғы күні финалдық жекпе-жектер өтіп, онда елорданың үш боксшысы өнер көрсетті.
65 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Досжан Жұмахан Алматы қаласының өкілі Әмір Мұхитпен кездесті. Тартысты жекпе-жекте төрешілердің шешімімен 3:2 есебі бойынша елордалық спортшы жеңіске жетті. Досжан Жұмахан алтын медаль мен Қазақстан чемпионы атағын иеленіп қана қоймай, «Үздік боксшы» номинациясы бойынша арнайы марапатқа да ие болды.
Елордалық команда сапында екінші алтын медальді 90 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Сабыржан Сағым жеңіп алды. Финалда ол Жетісу облысының өкілі Рамазан Қазынабайдан айласын асыра білді. Төрешілердің бірауыздан шығарған 5:0 есебімен жеңіп, ел чемпионы атанды.
50 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Ален Мұхитұлы ұлттық біріншіліктің күміс жүлдегері атанды. Шешуші жекпе-жекте ол Шығыс Қазақстан облысының өкілі Арман Мырсабитпен кездесіп, 0:5 есебімен қарсыласына есе жіберді.
Жарыс қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте екі алтын, бір күміс және үш қола медаль жеңіп алған Шығыс Қазақстан облысы бірінші орынға ие болды. Екінші орын екі алтын, бір күміс және бір қола медаль алған Жамбыл облысының командасына бұйырды.
Екі алтын және бір күміс медаль иеленген Астана құрамасы жалпыкомандалық есепте үшінші орынға тұрақтады.
Осылайша, елордалық боксшылар ұлттық біріншілікте үш медаль жеңіп алып, оның екеуін чемпиондық атаққа айналдырды. Сонымен қатар жарыстың үздік боксшысына берілетін жеке марапатқа да ие болды.