Еуразияны біріктірген кітап жәрмеңкесі

Еуразияны біріктірген кітап жәрмеңкесі

Кеше Астанадағы Қазақстан Республикасының Президенттік орталығында «Astana Eurasian Book Fair-2025» VIII халықаралық кітап ­көрме-жәрмеңкесінің салтанатты ашылуы өтті. Оған белгілі жазушылар мен ақындар, шетелдік дипломаттар, мәдениет қайраткерлері және баспа саласының өкілдері қатысты.

Салтанатты жиында Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен отандастарымыз­ды Ұлттық кітап күнімен құттықтап, көрменің маңызына тоқталды.

– Астанамыз – жас әрі болашаққа бағдар ұстаған қала. Ал сол болашақтың берік іргетасы – білім мен кітап. Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығымен 23 сәуірдің Ұлттық кітап күні болып бекітілуі – еліміздің рухани-мәдени өмірінде ерекше серпіліс туғызған ­үлкен шешім, – деді ол.

Есет Байкеннің айтуынша, бастаманың нақты нәтижесін осы көрмеден анық ­байқаймыз.

«Халықаралық жәрмеңке – еліміздің кітап оқуға бетбұрыс жасап келе жатқанының айқын дәлелі. «Фолиант» баспасының бастамасымен өтіп келе жатқан бұл көрме 8 жылдан бері тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Алғашқы жылдары тек қалалық деңгейде басталған жоба бүгінде халықаралық деңгейге шықты. Биылғы көрмеге 15-тен астам елден авторлар мен кітапсүйер қауым жиналып отыр. Іс-шараға келген жастардың, қала тұрғындары мен қонақтардың көптігі кі­тапқа деген қызығушылықтың жоғары екенін көрсетеді. Осыдан екі жыл бұрын Астанада небәрі 18 кітапхана болса, былтыр олардың саны 22-ге жетті. Биыл тағы 3 жаңа кітап­хана ашылады деп күтілуде. Кітапхана қоры да артып келеді – биыл оны 1 миллион данаға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Мұның бәрі елдегі оқырман сұранысының артқанын көрсетеді» деді әкім ­орынбасары.

Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен «Фолиант» баспасы ұйымдастырған мәдени іс-шара Еуразия кеңістігіндегі мемлекеттердің мәдениет, әдебиет және кітап баспасының түрлі саласындағы даму жетістіктерін көрсету мақсатында өтті. Оған Қазақстан, Ресей, Түркия, Иран, Өзбекстан, Испания, Португалия және Қытайдан 70 компания – баспа үйлері, кітап сату желілері, білім беру және баспа ұйымдары қатысты. 27 сәуірге дейін жалғасатын көрме аясында түрлі форматтағы мәдени іс-шаралар – балалар мен ересектерге арналған кітап тұсаукесері, жазушылармен кездесу, автограф-сессия, шеберлік сағаты мен дөңгелек үстел өтеді. Сонымен қатар дәстүрлі түрде «Жыл кітабы» байқауы да ұйымдастырылып отыр.

Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ