Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің әскери-тарихи музейінде Эстонияда жерленген қазақстандық жауынгерлерді еске алу альбомы таныстырылды. Шара барысында қазақстандық майдангерлердің ерліктері туралы кітап музейге тапсырылды. Салтанатты шараның шымылдығын ҚР ҚК ҮӘПО бастығының орынбасары – Әскери-тарихи музейдің бастығы Дәулет Қадыров ашты.
– Соғыстың аяқталғанына сексен жылдан асса да оның адамдарға тигізген азабы мен қайғысы әлі күнге дейін жүрекке түскен жара болып табылады. Сол сұрапыл соғыста хабарсыз кеткен боздақтарды іздеп, есімдерін жаңғыртып жас ұрпаққа жеткізуде аянбай еңбек еткен іздестіру қозғалысының қажырлы еңбегін ерекше атап өткім келеді. Іздестіру тобында болған барша азаматқа алғыс айтамын, – деді Әскери-патриоттық және іздестіру қозғалысы қауымдастығы, Республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы, полковник Аманжол Оразбаев.
Бұдан соң жиналған қауымға «72 жылдан соң үйге оралу» деректі фильмі көрсетілді. Ұлы Отан соғысы жылдарында Эстонияны азат ету жолында қаза тапқан Қазақстаннан барған жауынгерлердің сүйектерін іздестіру және табылғандарын туған жеріне қайтару жұмыстары баяндалды.
Фильм соңында «Front Line» әскери-тарихи бірлестігінің командирі Андрей Лазурин Эстонияда жерленген қазақстандық жауынгерлер бейнеленген журналмен таныстырды. Мұнда 1941-1944 жылдары Эстония аумағындағы шайқастар кезінде қаза тапқан Қазақстан азаматтарының тағдыры сөз болды.
Шара барысында үш мыңнан астам хабарсыз кеткен қазақстандық жауынгерлердің тағдыры туралы айтылды.
«Бұл Естелік кітапшасына жазылғандар қатарында гвардия аға сержанты Игісін Қадырбаевты ерекше атап өткім келеді. Хабар-ошарсыз кеткен, «Ерлігі үшін» медалінің иегері И.Қадырбаевтың Эстониядағы «Бауырластар» қабірінде жерленгені туралы деректер табылды. Осыны естіген батырдың немересі – Астана қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Есілов, атасы жерленген жерге барды. Туған жерден бір уыс топырақ апарып, рухына құран бағыштады» деді Астана қалалық Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары М.Іргебаев.
«Мемориалдық аймақ» – «Мемориальная зона» іздестірушілер тобының командирі ұстаз, профессор Майдан Құсайынов қазақстандықтардың Кеңестік Одақта алғашқы болып іздестіру жасағын құрғанына 48 жыл болғанын атап өтті. Сондай-ақ іздестіру жұмыстарының әлі де жан-жақты жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Баянды ӘЛПИ,
ҚР Жазушылар одағының,
Алматы ауданы Ардагерлер кеңесі медиатобының мүшесі