Президент Жолдауын жүзеге асыру және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі Үкіметтің баспасөз конференциясының негізгі қорытындылары жарияланды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Ең төменгі жалақы мөлшерінің артуы және табыстың өсуі.
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 85 мыңнан 110 мың теңгеге дейін көтеріледі. Аталған шара шамамен 1,8 млн азаматты, оның ішінде 370 мың бюджет саласы қызметкерін қамтиды. Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмриннің мәліметінше, аталған шешім нәтижесінде еңбекақы төлеу қоры 426 млрд теңгеге ұлғаяды. Сонымен қатар бизнес субъектілері КТС бойынша шегерімдер есебінен салықтық төлемдерді шамамен 68 млрд теңгеге қысқартады.
Инфляция деңгейі 9,2%-ға дейін төмендеді
1 қарашадағы жағдай бойынша инфляция деңгейі 9,2%-ды құрады. Өткен жылы бұл көрсеткіш 12,6%-ға дейін төмендеді.
«Қазіргі таңда инфляцияны 12 ай бойы жоспарлы түрде төмендетіп келеміз. 1 қарашадағы көрсеткіш – 9,2%. Біз инфляцияны төмендету жұмыстарын одан әрі жалғастырамыз», — деп атап өтті ұлттық экономика бірінші вице-министр Азамат Әмрин.
Азық-түлік тауарлары бағасының арзандауы және тарифтерді бақылау бағаның төмендеуіне ықпал етеді.
МСАК мамандарына үстемеақы төленеді
Денсаулық сақтау министрлігі алғашқы медициналық-санитариялық көмек (МСАК) қызметкерлеріне, атап айтқанда жалпы тәжірибе дәрігерлеріне, медбикелер мен әлеуметтік қызметкерлерге еңбек өтіліне қарай сараланған үстемеақы енгізуде. Бұл шара учаскелік қызметтегі кадрлардың тұрақтылығын қамтамасыз етуге және мамандарды жұмыс орындарында ұстап қалуға бағытталған.
«Мемлекет басшысы алғашқы медициналық-санитариялық көмек мамандарына үстемеақы мөлшерін арттыруды тапсырды. Осы арқылы біз мамандарды өз учаскелерінде және жалпы МСАК жүйесінде тұрақтандыру, кадр тапшылығын азайту және медициналық көмек көрсету сапасын қамтамасыз ету міндеттерін шешеміз», – деді денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.
Сонымен қатар төлемдер алғаш рет патронаждық мейіргерлер мен әлеуметтік қызметкерлерге де тағайындалады.
Дәрі-дәрмек бағасын бақылау және фармацевтикалық дербестік
Цифрлық таңбалау жүйесін енгізу дәріханалардағы дәрілік заттардың шекті бағасын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік берді. Фармацевтикалық өндірушілермен тікелей келісімшарттар жасау Бірыңғай дистрибьютордың бюджет қаражатын үнемдеу көлемін бес есеге арттырды.
«Инвестициялық келісімдер тетігі арқылы біз дәрі-дәрмекпен қамтудағы дербестікке қол жеткізіп келеміз. Премьер-министр бүгін атап өткендей, жай ғана орап-қаптаудан бас тартып, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар өндірісінің толық циклін жолға қою стратегиялық міндетке айналуы тиіс. Бұл дәрі-дәрмекті сырттан жеткізуге тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді», — деді денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.
Онкологиялық науқастарды емдеуге мемлекеттік қолдау
Елімізде онкологиялық ауруларға медициналық көмектің барлық түрі 100% мемлекет есебінен қаржыландырады және ол үшін МӘМС талап етілмейді. Онкологиялық ауруларды ерте анықтауға бағытталған скринингтер ТМККК аясындағы базалық пакетіне енгізілген.
«Ауруға күдік туындаған сәттен бастап диагностика жүргізу, хирургиялық және сәулелік емдеу, химиотерапия және оңалтуға дейінгі онкологияға қарсы көмектің барлық түрі мемлекет есебінен толық қаржыландырылады», — деп баяндады Ақмарал Әлназарова.
2027 жылдан бастап алғашқы медициналық-санитариялық көмек аясында баршаға базалық скринингтен өтуге кепілдік беріледі.