«Заң және тәртіп» қағидатын ілгерілету, Мемлекет басшысының халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру жөніндегі тапсырмасын орындау, сондай-ақ Мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі мен «Мемлекеттік қызмет туралы» заң талаптарын түсіндіру мақсатында Астана қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті Есіл ауданы әкімінің аппараты қызметкерлеріне профилактикалық дәріс өткізді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Дәріс барысында қатысушыларға қаржылық алаяқтықтың кең таралған түрлері, қаржы пирамидаларының қызметі, дропперлік және цифрлық қауіпсіздік шаралары туралы ақпарат берілді.
Сондай-ақ алаяқтық схемаларды анықтау тәсілдеріне, жеке және банк деректерін қорғауға, цифрлық ортада қауіпсіз мінез-құлық қағидаларына ерекше назар аударылды.
Мұндай іс-шараларды өткізу халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және қаржылық қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.