«Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Ерлан Сайыр Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменоваға, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке Мемлекет басшысының бастамаларын іске асыруға қатысты жолдаған депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
-Құрметті Жұлдыз Досбергенқызы!
Құрметті Саясат Нұрбекұлы!
Қазақстанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен бүкіл халық болып қабылдаған Еліміздің Жаңа Конституциясына сәйкес түбегейлі жаңа мемлекет институттарын қалыптастыру процессі мәресіне жетті.
Жаңа Конституцияның қабылдануымен біз Еліміздің саяси тарихында маңызы орасан зор саяси реформация кезеңін бастан өткердік!
Еліміз бір саяси дәуірден, прогрессивті дәрежесі жоғары саяси кезеңге аяқ басты!
Қазақстанда «күшті Президент — ықпалды Парламент — есеп беретін Үкімет» моделі заңдық тұрғыдан бекітілді.
Мемлекеттің тұрақтылығы мен үйлесімін сақтау үшін Вице-Президент лауазымы енгізілді.
Мемлекеттік басқару тиімділігін арттыру мақсатында бір палаталы Парламент Құрылтай өз жұмысын бастады.
Құрылтайда қабылданатын заңдар Мемлекет басшысының халқымыздың әл-ауқатын арттырып, әділетті Қазақстан құру міндетіне сәйкес атқаруға жігерлі кірісті!
Билік пен қоғам арасындағы конструктивті диалогты нығайту мақсатында Қазақстан Халық Кеңесі құрылды
Бұл реформалардың басты мақсаты — Қазақстанда болашақ сын-қатерлерге жауап беруге қабілетті мемлекет, тұрақтылық пен плюрализм принциптеріне негізделген саяси жүйе қалыптастыру.
Сонымен қатар, Президент Тоқаев мемлекет пен қоғам арасында байланысты күшейтіп, халқымыздың дәстүрлі рухани тамырымын тереңдету мақсатында «Адал Азамат», «Заң мен Тәртіп», «Таза Қазақстан» концепцияларын
ұсынып отыр.
Бұл Концепцияларды Ел мен Жерді, Қазақстанның Тұтастығы мен тұрақтылығын сақтау мақсатында халқымыздың саяси мәдениетін арттырып, қоғамның гармониясын сақтауға бағытталған заманауи Моральдық Кодекс деуге болады.
«Әділет» Фракциясы Мемлекет басшысы Тоқаевтың прогрессивті саяси реформаларын нық бекіту үшін мемлекеттік құзырлы органдар келесі қадамдар жасауы қажет деп есептейді!
1. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Еліміздің жаңа Конституциясының новеллалары мен нормаларын халық арасында жүйелі түсіндіру.
2. Мемлекет берік болуы үшін мемлекет пен қоғам Конституция құндылықтарын сыйлап, оны бұлжытпай орындайтын дәрежеге жетуі керек!
Сондықтан, Жаңа Конституция құндылықтарын жеткіншек ұрпаққа да, ересектерге де толыққанды насихаттаудың ұтымды, заманауй бағыттарын кешенді түрде ойластыру өзекті.
3. «Адал Азамат», «Заң мен Тәртіп», «Таза Қазақстан» концепцияларының бір реттік акция емес, қоғамның дамуы, азаматтармен мемлекет қарым-қатынасының жаңа келбетіне бастайтын терең философиялық бағыт екендігін айқындау.
Осы негізде, мектеп, жоғарғы оқу орындарында, аталған концепциялардың маңызы жөніндегі тақырыптық сағаттар өткізу, әдістемелік курстар ұйымдастыру, аталған концепцияларды насихаттап, іс-жүзіне асырудың жүйесін жасау маңызды.
Мемлекет басшысының еліміздің саяси жүйесін реформациялаудағы басты мақсаты халықаралық құқық девальвацияға ұшырап, жаһандық тұрақсыздық жайлаған кезеңде Қазақстанда Елдікті сақтап, Тәуелсіздікті Мәңгі ету!
Баршамыз осы міндет биігінен шыға білуіміз қажет!
Құрметпен, «Әділет» Фракциясы мүшелері, - делінген сауалда.