Алдағы даму жолымызды айқындап берді

Алдағы даму жолымызды айқындап берді
фото: жеке мұрағатынан

Президент Жолдауында мен үшін еліміздің алдағы жылдардағы дамуын айқындайтын шешімдер ерекше маңызды. Заманауи геологиялық барлау – бұл жаңа технологиялар, жер қойнауы туралы қолжетімді цифрлық деректер және жаңа өндіріс орындарын ашуға мүмкіндік. Маңызды металдар қорын басқарудың ұлттық жүйесі Қазақстанға инвестиция тартуға және шикізатты өңдеу саласын дамытуға ықпал етуі тиіс.

Болашақ атом электр станциялары үшін уранның стратегиялық қорын қалыптастыру жөніндегі ұсынысты да қолдаймын. Ядролық отынмен қамтамасыз ету мәселесін алдағы ондаған жылдарға жоспарлап, сонымен қатар өз мамандарымызды даярлап, жаңа энергетиканың озық технологияларын меңгеруіміз қажет. Бұл мәселенің маңыздылығын түсіне отырып, Атом энергиясы агенттігі Қоғамдық кеңесінің мүшесі ретінде осы пікірді білдіремін.

Көлік-логистика саласындағы тәжірибемді ескере отырып, еліміздің Еуразияның көлік хабына айнала алатынымен ғана емес, айналуы тиіс екенімен де келісемін. Бұл – тасымал, логистика және сервистік қызметтер арқылы табыс табу, еліміздің барлық өңірінде жаңа жұмыс орындарын ашу деген сөз. Мұнда сапалы жолдар, шекарадан өтудің жедел рәсімдері және сенімді логистикалық инфрақұрылым сияқты нақты мәселелер шешуші рөл атқарады.

ҚР «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Президиумының мүшесі ретінде Мемлекет басшысының кәсіпкерлерге қатысты тексерулердің қысымын азайту жөніндегі нақты ұстанымын оң бағаладым. 2027 жылдан бастап микро және шағын бизнеске қатысты үш жылдық мораторий енгізу туралы ұсыныс сөзсіз қолдауға лайық. Сондай-ақ шағын және орта бизнестің мемлекеттік сатып алуларға қолжетімділігін кеңейту және оларды ауқымды «Халықтық құрылыс» жобасына тарту бастамаларын да қолдаймын.

Жалпы Құрылтайдың және, атап айтқанда, біздің бейінді комитеттің алдына Үкіметпен бірлесіп жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу жөнінде ауқымды міндет қойылды. Бұл – іргелі жұмыс. Қолданыстағы Азаматтық кодекс күшіне енген уақыттан бері еліміздің нарықтық экономикаға көшуіне, қажетті институттардың қалыптасуына және маңызды құқықтық қатынастардың реттелуіне мүмкіндік берді. Алайда уақыт талабы өзгеріп, қарқын үдей түсті. Сондықтан азаматтық-құқықтық қатынастардың көптеген саласын жаңғыртып, еліміздің одан әрі дамуына қажетті заманауи құқықтық негіз қалыптастыруымыз керек.

Өйткені, сайып келгенде, халық біздің Үкіметпен бірлесіп атқарған жұмысымыздың нәтижесін қабылданған заңдардың күнделікті өмірде қаншалықты тиімді жүзеге асатынына қарап бағалайтын болады.

Евгений Больгерт,

Құрылтай депутаты