Банктер Қазақстан экономикасының дамуына қызмет етуі тиіс

Банктер Қазақстан экономикасының дамуына қызмет етуі тиіс
фото: жеке мұрағатынан

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында банктердің экономиканың нақты секторын қаржыландыруға қатысуы мәселесін көтерді. Бұл – түбегейлі маңызы бар мәселе.

Бүгінде Қазақстан банктерінің активтері 75 трлн теңгеден асып, депозиттер көлемі 52 трлн теңгеге жетті. Сонымен қатар отандық кәсіпорындар өндірісті жаңғыртуға, өндірістік қуаттарды кеңейтуге және жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қолжетімді әрі ұзақ мерзімді қаржы ресурстарына аса мұқтаж.

Мемлекет басшысының ұстанымын қолдаймын: банктердің миссиясы – қаржы ресурстарын сақтап, көбейтіп қана қоймай, экономиканы несиелендіру.

Банк секторының белсенді қатысуынсыз тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз ету, өңдеу өнеркәсібін дамыту және жаңа жұмыс орындарын ашу мүмкін емес.

Әрине, банктердің қаржылық тұрақтылығын сақтау және азаматтардың салымдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет. Алайда қолда бар өтімді қаражат ұзақ мерзімді инвестицияларға айналып, экономиканың нақты секторын дамытуға бағытталуы тиіс.

Жаңа өндіріс орындары мен инвестициялық жобалар – бұл тек экономикалық өсім мен жұмыс орындары ғана емес, сонымен қатар салық базасын кеңейту. Кәсіпкерлік дамып, өндіріс көлемі артқан сайын салық түсімдері де көбейеді. Бұл өз кезегінде мемлекеттік шығыстарды, соның ішінде әлеуметтік саланы қаржыландыруға қосымша мүмкіндіктер қалыптастырады.

Қаражат ел экономикасының дамуына қызмет етіп, қосылған құн қалыптастырып, оның қаржылық негізін нығайтуы тиіс. Экономикалық дамудың бюджет қаражаты мен Ұлттық қор ресурстарына тәуелділігін азайтуға мүмкіндік беретін тәсіл – дәл осы.