Елордада Су ресурстары және ирригация министрлігі ұйымдастырған Астана су қоймасы және Астана қаласының қорғаныс бөгетін ауқымды жаңғырту жұмыстарының барысымен танысуға арналған баспасөз турына қатыстық.
Баспасөз турында біз Астана су қоймасының су жіберу құрылғысын, сондай-ақ Астана қорғаныс бөгетінің контрреттегіші мен салынып жатқан су бұру каналын аралап, нысандардағы құрылыс және жаңғырту жұмыстарының барысымен таныстық.
Нысандарда Су ресурстары және ирригация министрлігі Су шаруашылығы комитетінің өкілдері, «Қазсушар» РМК Ақмола облысы филиалының мамандары және мердігер ұйым өкілдері атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат беріп, жобалардың жүзеге асырылу барысымен таныстырды.

Жауапты мамандардың айтуынша Астана қаласының қорғаныс бөгетін реконструкциялау жобасы аясында бөгет 4 шақырымға нығайтылып, ұзартылады екен. Сонымен қатар автоматтандырылған апатты су жіберу құрылысы мен ұзындығы 23 шақырымнан асатын, Нұра өзеніне шығатын су бұру каналы да салынып жатыр екен. Жоба елорданы су тасқынынан қорғау деңгейін арттырумен қатар, іргелес аумақтардың гидрологиялық режимін жақсартуға, сулы-батпақты экожүйелердің, оның ішінде қамысты биотоптардың сақталуы мен дамуына қолайлы жағдай жасамақ.
«Астана су қоймасын кешенді реконструкциялау жобасы елорданы тұрақты ауыз сумен қамтамасыз етуге, Есіл өзенінің ағынын тиімді реттеуге және су тасқынына қарсы қорғанысты күшейтуге бағытталған. Жоба аясында бөгет, су өткізу құрылыстары мен негізгі жабдықтар толық жаңғыртылып, су ресурстарын басқару, мониторинг және ерте хабарлау жүйелері автоматтандырылады. Бұл су қауіпсіздігін арттырып, гидротехникалық құрылыстың сенімді әрі ұзақ мерзімді жұмысын қамтамасыз етеді. Ал, Қорғаныс бөгетін реконструкциялау жобасы Астананы су тасқынынан қорғаудың заманауи көпдеңгейлі жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Жоба шеңберінде жаңа бөгет, апатты су тастағыш, су бұру арнасы және автоматтандырылған мониторинг жүйесі салынады. Нәтижесінде елорданың тұрғындары, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымы су тасқыны қаупінен анағұрлым сенімді қорғалып, қаланың климаттық өзгерістерге төзімділігі артады», дейді Су шаруашылығы комитетінің төрағасы Арсен Жақанбаев.