Астана қаласының Өндіріс тұрғын алабындағы спорт кешенінде Республика күніне орай елордалық зейнеткерлер арасында волейболдан мерекелік турнир ұйымдастырылды. Спорттық додаға Астана қаласының алты ауданынан келген командалар қатысып, өзара бақ сынасты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Турнирдің басты мақсаты – аға буын өкілдері арасында салауатты өмір салтын насихаттау, дене белсенділігін арттыру, спортқа деген қызығушылықты қолдау және ұлттық мерекенің маңызын дәріптеу. Сонымен қатар жарыс зейнеткерлердің өзара қарым-қатынасын нығайтып, белсенді, әрі мазмұнды өмір сүруіне серпін берді.

Ерлер арасындағы жарыста Есіл, Алматы, Байқоңыр, Сарыарқа және Сарайшық аудандарының командалары өнер көрсетті. Ал әйелдер арасында Байқоңыр мен Сарыарқа аудандарының командалары күш сынасты. Қатысушылар алаңда ширақ қимылдап, командалық бірлік пен жеңіске деген жігердің үлгісін көрсетті. Тартысты ойындар барысында әр команда қарсыласына лайықты қарсылық танытып, спорттық шеберліктерін паш етті.
Жарыс қорытындысы бойынша ерлер мен әйелдер арасындағы жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдармен, медальдармен және кубоктармен марапатталды. Атап айтқанда, ерлер арасында «?» командасы, ал әйелдер арасында «?» командасы жеңімпаз атанды.

Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында волейбол спортын дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Орталықтың Перспективті даму және әлеуметтік жобалар бөлімінің басшысы Қымбат Тасымова бұл бағыттағы жұмыстарға тоқталып өтті.
«Орталығымызда 2023 жылдан бастап волейбол үйірмесі жұмыс істейді. Аптасына екі рет 70-ке жуық елордалық зейнеткер Көкталдағы дене шынықтыру және сауықтыру кешені мен «Жастар» сарайында жаттығады. Оларға ардагер спортшы Нұрқан Сембаев пен ерікті зейнеткерлер жетекшілік етіп, жаттығулардың тұрақты өтуіне атсалысып келеді. Жалпы, орталығымызда волейбол жақсы дамып келеді. Бұл спорт түріне әйелдердің де қызығушылығы артып отырғаны қуантады» – деді Қымбат Қалелқызы.
Осындай спорттық шаралар аға буын өкілдерінің денсаулығын нығайтып қана қоймай, олардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына мүмкіндік береді. Республика күніне арналған волейбол турнирі қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, достық пен бірлікті, салауатты өмір салтына деген ұмтылысты айшықтаған жарқын мерекелік шараға айналды.