Астанада Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында «Дети Фэст – 2026» республикалық инклюзивті фестивалі өтті. Іс-шараға ерекше қажеттіліктері бар балалар, олардың ата-аналары, педагогтер мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Екінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған фестивальді Қазақстанның әйелдер күштері альянсының Астанадағы өкілдігі елордалық Білім басқармасының қолдауымен өткізді. Қазіргі таңда Қазақстанда ерекше білім беру қажеттіліктері бар 235 мыңнан астам бала тұрады. Фестиваль олар үшін көпшілік іс-шараға қатысумен ғана шектелмей, жұрттың назарында болуына, сахнаға шығып, өз өнерін көрсетуіне және көрерменнің қолдауына ие болуына мүмкіндік берді. Фестивальге 200-ден астам адам жиналды. Олардың қатарында 50-ге жуық бала, оқушылар, үкіметтік емес ұйымдардың, әлеуметтік жобалар мен бизнес өкілдері, шығармашылық ұжымдар және еріктілер болды.

Балалар үшін мазмұнды ойын-сауық бағдарламасы әзірленді. Қатысушыларды аниматорлар ойындар мен байқаулар ұйымдастыру арқылы қарсы алды. Сиқырлы трюктер мен көгершіндер қатысқан шоу балаларға ерекше көңіл күй сыйлады. Сондай-ақ қатысушылар гүл шоқтарын құрастыру және хош иістер жасау бойынша шығармашылық шеберлік сабақтарына қатысты. Бұдан бөлек, қонақтарға аквагрим, тәттілер мен шоколад фонтаны ұсынылды.
Бағдарламаның маңызды бөлігі ерекше қажеттіліктері бар жас өнерпаздардың басын қосқан концерт болды. Бір сахнада мектептер мен оңалту орталықтарының өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар мен әлеуметтік жобаларға қатысатын балалар, әншілер, би және театр ұжымдары өнер көрсетті. Бағдарлама аясында арнайы сән көрсетілімдері мен авторлық шығармашылық қойылымдар да ұсынылды. Фестивальдің басты қағидаларының бірі – балалардың тең дәрежеде қатысуы. Көптеген қатысушы үшін сахнаға шығу өз қабілетін танытуға, өзіне деген сенімін арттыруға және өзгелердің қолдауын сезінуге мүмкіндік берді.
Ұйымдастырушылар ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған аналарға қолдау көрсетуге де көңіл бөлді. Фестиваль мұндай отбасыларға өздерінің жалғыз емес екенін, ал балаларының да жұрттың назары мен мейіріміне бөленіп, қабілеттерін дамытуға мүмкіндік алуы маңызды екенін көрсетті. Осындай бастамалар әр адамның ерекшелігін бағалайтын, оның қоғам өміріне араласу құқығын құрметтейтін ашық қоғам қалыптастыруға көмектеседі. «Дети Фэст» жай ғана мерекелік іс-шара емес, инклюзия, толеранттылық және тең мүмкіндіктер идеяларын насихаттайтын алаңға айналды.