10-19 қазан аралығында Qazvolunteer.kz бірыңғай онлайн платформасында өткен «Жыл волонтері – 2026» халықаралық сыйлығына дауыс беру аяқталды. Дауыс беру нәтижесінде 127 үміткер байқаудың екінші кезеңіне жолдама алды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Келесі кезеңде байқау комиссиясы үміткерлердің өтінімдерін қарап, 15 аталым бойынша жеңімпаздарды анықтайды.
Халықаралық сыйлық 2020 жылы Мемлекет басшысының бастамасымен тағайындалған. Ол қоғамдағы маңызды мәселелерді шешуге елеулі үлес қосқан волонтерлердің, волонтерлік топтар мен ұйымдардың, соның ішінде халықаралық ұйымдардың еңбегін бағалауды көздейді.
Алты жыл ішінде Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Ресейден 297 волонтер аталған сыйлықтың лауреаты атанды.
Сыйлық волонтерлік қозғалысты кеңінен насихаттауға, қоғамға пайдалы бастамаларды қолдауға және волонтерлік мәдениетті дамытуға бағытталған. Сонымен қатар халықтың әлеуметтік осал топтарына көмек көрсетіп, өзекті қоғамдық мәселелерді шешуге атсалысып жүрген волонтерлердің еңбегін көпшілікке танытуды мақсат етеді.