Астанада «Кітап оқитын ұлт» республикалық жобасы аясында «Мұхтар Әуезовтің мұрасы және әлемдік контекст» тақырыбында ашық диалог өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Іс-шара Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғылыми кітапханасында ұйымдастырылды.
Кездесудің басты мақсаты – Мұхтар Әуезовтің шығармашылық мұрасын кеңінен насихаттау, оның ұлттық және әлемдік әдебиеттегі рөлін терең түсіну, сондай-ақ жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру.

Кездесуде алаштанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Сағымбай Жұмағұл және «Кітап оқитын ұлт» өңірлік жобалық кеңсесінің жетекшісі Жақсыбай Боранбаев негізгі спикерлер ретінде сөз сөйледі.
«Елордамыз Астанада кітап оқу марафонына қатысушылар саны 124 751 адамға жетті. Бұл – көңіл қуантатын көрсеткіш. Дегенмен біз үшін қатысушылардың саны ғана емес, кітап оқудың олардың тұрақты әдетіне айналуы да маңызды. Марафонның басты мақсаты – 15 кітап оқумен шектелу емес, әр қатысушының келесі кітабын өз бетінше таңдап, кітап оқуды күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналуына ықпал ету. Кітап оқу – білім мен ақпарат алудың ғана жолы емес. Ол адамның ой-өрісін кеңейтіп, ойлау қабілетін дамытады, өзге адамдардың тағдыры мен сезімдерін түсінуді үйретеді. Әсіресе Мұхтар Әуезовтің шығармашылық мұрасына үңілу ұлттық болмысымызды, тарихымыз бен рухани құндылықтарымызды тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар қазақ әдебиетін әлем әдебиеті аясында қарастыру ұлттық мұрамыздың жаһандық мәдени кеңістіктегі маңызын ұғынуға көмектеседі. Өз тарихын, әдебиеті мен мәдениетін терең білетін ұрпақ қана әлемдік өркениетпен тең дәрежеде диалог құра алады. Сондықтан біздің мақсатымыз – тек кітап оқитын емес, оқығанын ой елегінен өткізіп, алған білімін өмірде қолдана алатын саналы ұрпақ тәрбиелеу», – деді Жақсыбай Боранбаев.
Ашық диалог барысында сарапшылар мен қатысушылар Мұхтар Әуезовтің шығармашылық жолын, оның «Алаш» зиялыларымен рухани байланысын, «Абай жолы» роман-эпопеясының әлем әдебиетіндегі айрықша маңызын және жазушы мұрасының XXI ғасырдағы өзектілігін талқылады.
Студенттер мен іс-шара қонақтары спикерлермен пікір алмасып, өздерін қызықтырған сұрақтарын қоюға мүмкіндік алды.
Өткен кездесу «Кітап оқитын ұлт» жобасының негізгі міндеттеріне сай келіп, ұлттық әдеби мұраны насихаттауға, кітап оқу мәдениетін дамытуға және жас ұрпақтың рухани-танымдық көкжиегін кеңейтуге ықпал етті.