Германияның Франкфурт қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында елордалық спортшы Ақмарал Ерекшева жекелеген жаттығуларда, көпсайыста және командалық есепте жоғары нәтиже көрсетті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Ұршықтармен орындалатын жаттығуда Ақмарал 29,400 ұпай жинап, 5-орынға, ал таспамен орындалатын жаттығуда 27,350 ұпаймен 8-орынға ие болды.
Көпсайыс қорытындысы бойынша Ақмарал 6-орын иеленді.
Командалық есепте №1 ұлттық құрама командасы мен Ақмарал Ерекешева 266,65 ұпай жинап, 11-орынға тұрақтады. Қазақстан намысын топтық жаттығуларда Жасмин Жүнісбаева, Аида Хакимжанова, Мәдина Мырзабай, Айзере Нұрмағамбетова, Айзере Кеңес және Кристина Чепульская қорғады.
Ал ересектер арасындағы топтық жаттығулардың көпсайысында Қазақстан командасы 51,05 ұпаймен 13-орын алды. Айта кетейік, өткен әлем чемпионатында топтық жаттығулардағы Қазақстан командасы 17-орын иеленген болатын. Бұл жолы команда нәтижесін жақсартып, 13-орынға көтерілді.
Ақмарал үшін бұл – ересектер арасындағы алғашқы әлем чемпионаты. Ал бұған дейін, 2025 жылы Софияда өткен юниорлар арасындағы әлем чемпионатында спортшы доп және лентамен орындалатын жаттығуларда алтын, ал шеңбермен орындалатын жаттығуда күміс медаль жеңіп алған болатын.
Биылғы байрақты додаға әлемнің 73 елінен 102 спортшы қатысып жатыр.
Спортшыларды әлем чемпионатына дайындаған Астана қаласы әкімдігінің №1 Балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебінің жаттықтырушылар құрамы:
• Аға жаттықтырушы – Меруерт Балғынбаева;
• Хореограф — Айдыс Саая, Шыңғыс Оспанбаев.