XX жазғы Азия ойындарында көркем гимнастикадан қола жүлде иеленген Қазақстан ұлттық құрамасының спортшылары елге оралды. Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайында спортшыларды жанкүйерлер, туған-туыстары және спорт қауымы салтанатты түрде қарсы алды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Қазақстан құрамасы сапында елордалық спортшылар Жасмин Жүнісбаева, Кристина Чепульская, Аида Хакимжанова, Айзере Нұрмағамбетова және Мәдина Мырзабай өнер көрсетіп, Азия ойындарының жүлдегерлері атанды.
Спортшылардың айтуынша, жүлдеге жетуде командалық бірлік пен өзара қолдаудың маңызы зор болған.
«Командадағы ең басты нәрсе – ауызбіршілік. Біз жарыста біртұтас механизм секілді жұмыс істейміз. Бір-бірімізді қолдап, бірге әрекет ету өте маңызды. Тұғырға көтерілгенімізге өте қуаныштымын. Көркем гимнастикамен 6 жасымнан бері айналысамын», – деді Айзере Нұрмағамбетова.
Ал Аида Хәкімжанова жарыс алдында қатты қобалжығанын атап өтті. Оның айтуынша, бапкерінің кеңесі спортшыларға өздеріне сенімді болуға көмектескен.
«Жарыс алдында қатты қобалжыдық. Бапкеріміз бізге ештеңеге алаңдамай, тек өз жұмысымызды орындауға кеңес берді. Бұл бізге көп көмектесті. Алдағы мақсатым – Қазақстан чемпионатына қатысу. Үлкен арманым – Олимпиадаға қатысып, жеңімпаз атану», – деді спортшы.
Кристина Чепульская да жүлдеге жету жолында ұзақ дайындық жүргізілгенін айтты.
«Бұл медальға жету үшін көп жаттығу жасадық. Командама және бапкеріме алғыс айтамын. Медальді елге алып келгенімізге өте қуаныштымын. Біз екі рет өнер көрсеттік. Алғашқысында қобалжу болды, екінші орындауда өзімізге деген сенім артты», – деді ол.
Мәдина Мырзабай үшін Азия ойындарындағы жарыс үлкен тәжірибе болған.
«Осындай үлкен аренада өнер көрсету үлкен тәжірибе болды. Қобалжуды жеңіп, жақсы нәтиже көрсеттік. Әрине, әлі де жұмыс істейтін тұстарымыз бар. Дегенмен қазіргі нәтиже – біз үшін жақсы көрсеткіш», – деді ол.