Тәуелсіздіктің 35 жылдығына арналған «Қызғалдақ мекені» көрмесі ашылды

Тәуелсіздіктің 35 жылдығына арналған «Қызғалдақ мекені» көрмесі ашылды
фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналған «Қызғалдақ мекені» көрмесі ашылды. Көрме авторы – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Қазахбай Әжібекұлы, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Көрмеде туған жер тарихы, ұлттық рух, табиғи мұра мен тәуелсіздік идеясы тоғысқан. Оның өзегі – қазақ даласында тамыр жайған қызғалдақ бейнесі арқылы халықтың қайсарлығын, азаттыққа ұмтылысын және ұлттық болмысының өміршеңдігін таныту.

Экспозиция Қазақстанның бай тарихи-мәдени мұрасы мен ұрпақтар сабақтастығын көрсетеді. Мұнда Алтын Орда дәуірінен бергі тарихи тұлғалардың, сондай-ақ ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби мен дана Абайдың бейнелері ұсынылған. Олардың мұрасы білім мен әділет, ұлттық еркіндік пен жарқын болашақ идеяларымен үндесіп, Тәуелсіз Қазақстанның рухани негіздерін айшықтайды.

Суретші туындыларында кең-байтақ дала, табиғат көріністері мен тарихи тұлғалар бейнеленген. Экспозицияда жер – ел тарихының, қызғалдақ – ұлттық рух пен еркіндіктің нышаны. Ал өнер өткен мен бүгінді жалғап, болашаққа жол ашатын рухани күш ретінде танылады.