Елордада VII «ASTAUFEST» халықаралық гастрономиялық фестивалі басталды

Елордада VII «ASTAUFEST» халықаралық гастрономиялық фестивалі басталды
фото: Астана қаласы Қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжі

Елордада VII «ASTAUFEST» халықаралық гастрономиялық фестивалі басталды. Үш күнге созылатын байқауға Қазақстанның өңірлерінен және алыс-жақын шетелдерден 30-дан астам білім беру ұйымының 200-ден астам өкілі қатысып, өзара үздік атану үшін бақ сынайды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

6–8 қазан аралығында өтетін фестивальді Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі, «Talap» КЕАҚ, Астана қаласының Білім басқармасы және Астана қаласы әкімдігінің Әдістемелік орталығының қолдауымен Астана қаласындағы «Қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжі» ұйымдастырды. Дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан фестиваль қазақтың ұлттық тағамдарын дәріптеуге, ұлттық аспаздық дәстүрлерді кеңінен танытуға және оларды заманауи гастрономиямен ұштастыруға, Астананың гастрономиялық әлеуетін танытып, елордадағы мейрамхана индустриясын дамыту мен насихаттауға, қонақжайлылық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Фестиваль барысында Қазақстанның және шетелдердің аспаздары, кондитерлері, оқытушылары мен студенттері бас қосып, тәжірибе алмасады. Кәсіби жарыстар, шеберлік сабақтары мен оқыту сессиялары арқылы қатысушылар шеберлігін жетілдіріп, заманауи аспаздық технологиялар мен халықаралық тәжірибемен танысады. Бұл ретте іс-шара отандық аспаздық өнердің дамуына және тәжірибе алмасуға жаңа мүмкіндіктер береді. Байқауға Қытай, Франция, Түркия, Кипр, Швейцария, Өзбекстан, Қырғызстан және Ресейден келген 13 халықаралық сарапшы төрелік етеді. Бұл қатысушыларға өздерінің кәсіби шеберлігін халықаралық деңгейде бағалап, шетелдік мамандармен тәжірибе алмасуға ықпал етеді. Фестивальдің ашылуында сөз сөйлеген ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Ақзира Қасымова халықаралық іс-шараның жастарды осы бағыттағы кәсіптерге бейімдеп, жұмыспен қамтудағы, жалпы аспаздық істің дамуындағы маңызды рөліне тоқталды.    

Фестивальдің негізгі іс-шаралары 7 қазан күні мына алаңдарда ұйымдастырылады:

  • Қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжі – Б. Майлин көшесі, 12;
  • Құзыреттілік орталығы – Ш. Айтматов көшесі, 41Б;
  • Кулинариялық студия – Ш. Айтматов көшесі, 41/3;
  • Кондитерлік академия – E-18 көшесі, 1-ғимарат.

-Бұл фестиваль Халықаралық аспаздар күніне арналған. Мақсатымыз – аспаз мамандығын дәріптеу, жастарға аспаз, кондитер, наубайшы мамандықтарының артықшылықтарын кеңінен насихаттау. Фестивальге келетін шетелдіктер санының артуы оның беделінің де өскенін көрсетіп отыр. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген жас аспаздар фестивальдің алаңында бойындағы өнерін көрсетіп, өзара бақ сынайды. AstauFest 2026 халықаралық гастрономиялық фестивалінің бас сарапшысы, «Мишлен» гидінің екі жұлдызының иегері Жан Ашнер - фестивальдің басты қонағы. Біз де жастарымызды осы «Мишлен» жұлдызын алу жолында ынталандырамыз, - дейді Астана қалалық Қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжі директоры Зәуре Қылышбаева. 

Фестивальдің маңызды бағыттарының бірі – жастарға кәсіби бағдар беру. Қатысатын жастар аспаз, кондитер, даяшы және қонақжайлылық саласындағы басқа да мамандықтармен танысып, кәсіби мамандардың тәжірибесін көріп, болашақ мамандығын таңдауға мүмкіндік алады. Сонымен қатар, «ASTAUFEST-2026» білім беру ұйымдары мен жұмыс берушілер арасындағы байланысты нығайтуға, студенттердің еңбек нарығына бейімделуіне және қоғамдық тамақтандыру саласында сұранысқа ие мамандар даярлауға ықпал етеді. Осылайша, фестиваль кәсіби шеберлікті арттыру, жастарды мамандыққа бағыттау, ұлттық гастрономияны дәріптеу, Астананың мейрамхана индустриясын дамыту және халықаралық кәсіби байланысты нығайту бағыттарын біріктіретін маңызды алаңға айналады.

Фестиваль бағдарламасына аспаздар, кондитерлер және бармендер арасындағы кәсіби жарыстар, әлемдік сарапшылардың шеберлік сабақтары, оқыту сессиялары, панельдік пікірталастар, дөңгелек үстелдер және стратегиялық кездесулер кіреді. Іскерлік бағдарлама барысында HoReCa саласының заманауи үрдістері, дуальды оқыту, кадр даярлау және халықаралық озық тәжірибелерді білім беру үдерісіне енгізу мәселелері талқыланады.