Астанада 18-19 қыркүйек күндері Дэвис кубогының екінші Әлемдік тобы аясында Қазақстан мен Тайланд ерлер құрамалары кездеседі, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Матчтар Ұлттық теннис орталығының «Beeline Arena» кешеніндегі хард корттарда өтеді. Ал жеңімпазы командалық әлем чемпионатының бірінші әлемдік тобында өнер көрсету құқығына ие болады.
Дэвис кубогының қазіргі рейтингі бойынша Қазақстан құрамасы 42-орында, ал Тайланд командасы 60-орында тұр.
Екі күнге жоспарланған бәсеке бағдарламасына бес матч өтеді, оның төртеуі – жекелей, ал біреуі – жұптық кездесу.
Алғашқы ойын – 18 қыркүйекте өтеді, матчтар Қазақстан уақытымен сағат 13:00-де басталады. 19 қыркүйекте кездесулер сағат 12:00-де басталады.
Алдағы матчтарға билеттер сатылымға шықты. Билет бағасы орын санатына байланысты 5 000 теңгеден басталады. Билеттерді «Яндекс Афиша» платформасы арқылы сатып алуға болады.
Қазақстан мен Тайланд құрамаларының алдағы кездесулерге қатысатын құрамы кейінірек жарияланады.