«Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасуда

«Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасуда
фото: видеоскрин

Астана қаласының аумағында азаматтық қару иелерінің заң талаптарын сақтауын бақылау, қару айналымы саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 15-31 шілде аралығында «Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Іс-шара барысында полиция қызметкерлері қару иелерінің тұрғылықты мекенжайлары бойынша тексеру жұмыстарын жүргізуде. Бүгінгі күнге дейін 4 мыңнан астам қару иесі тексерілсе, соңғы тәуліктің өзінде 500-ге жуық азаматтың қаруды сақтау талаптарын орындауы қаралды.

Жүргізілген профилактикалық іс-шаралар нәтижесінде қаруды сақтау және тіркеу талаптарын бұзудың бірқатар дерегі анықталды. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 484-бабы бойынша — қаруды сақтау қағидаларын бұзудың 65 дерегі, ӘҚБтК 486-бабы бойынша — қаруды тіркеу қағидаларын бұзудың 40 дерегі анықталды.

Тексеру барысында елорда тұрғыны, 64 жастағы азаматтың қару сақталатын сейфінің қауіпсіздік жүйесінде ақау бары анықталды. Атап айтқанда, тексеру кезінде сейфтің дабыл беру жүйесі іске қосылмаған. Бұл қаруды сақтауға қойылатын талаптардың бұзылғанын көрсетеді. Азаматқа қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 484-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама жасалды. Полиция қызметкерлері қару иелеріне негізгі талаптар туралы тағы да еске салады: қару белгіленген тәртіппен тіркеліп, арнайы жабдықталған сейфте сақталуы керек, ал оның сақталуы үнемі бақылауда болуы керек. Астана қаласының полиция департаменті қару иелерін заңнама талаптарын қатаң сақтауға және қаруды сақтау ережелерін сақтауға жауапкершілікпен қарауға шақырады. "Қару" жедел-профилактикалық іс-шарасы елорда аумағында жалғасуда.